АСТАНА.20 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 20 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
АСТАНА.20 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 20 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.20 СӘУІР, СЕНБІ
Израиль Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1948). Израиль Батыс Азияда, Жерорта теңізінің Шығыс жағалауында орналасқан мемлекет. Астанасы - Тель-Авив қаласы. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - бір палаталы парламент. Ресми тілі - иврит және араб тілдері. Ақша бірлігі - шекель.
Қазақстан Республикасы мен Израиль Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды.
Халықаралық хатшылар күні. АҚШ-та 1952 жылдан бастап Халықаралық хатшылар күні аталып өтеді. Бұл күн АҚШ-та дәстүрге айналған Әкімшілік кәсіпқой қызметкерлерінің аптасы аясында өтеді. Мейрам сәуірдің соңғы толық аптасының сейсенбісінде тойланады. Қазір бұл мейрамды тек қана хатшылар ғана емес, сонымен қатар директор көмекшісі, офис-менеджерлері мен ассистенттер де, жалпы кеңсе жұмыстарымен байланысты қызметкерлер тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
76 жыл бұрын (1937) Қарағанды облысының Балқаш елді мекені қала мәртебесін алды.
18 жыл бұрын (1995) Түркияда Абай күндері өтті.
83 жыл бұрын (1930) ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланды. Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын-ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.
13 жыл бұрын (2000) Ташкентте Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның президенттері аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізді.
11 жыл бұрын (2002) Қарағандыда журналистердің облыстық 1-ші форумы өтті. Форум жұмысына 140-тан астам адам қатысты.
6 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ертіс», «Оңтүстік» және «Жетісу» атты үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Әлеуметтік кәіспкерлік корпорациялардың басты қызметі инвестициялар тарта отырып, жергілікті жерлердегі жаңа жобаларды жүзеге асыру. Сөйтіп өңірдегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге қол ұшын беру.
6 жыл бұрын (2007) Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында өткен бильярд спортынан «Құрастырмалы пирамида» І Әлем Кубогы ашылу барысында Қазақстан Республикасының Бильярд спорты федерациясының президенті Аңсар Қаранеев «Пирамида» Халықаралық комитетінің «Алтын белгі» медалімен марапатталды.
Бильярд спорты федерациясының президенті Қазақстандағы бильярдтың дамуына өзінің үлесін қосқаны үшін аталған сыйлыққа ие болды.
17 жыл бұрын (1996) қоғамдық «Азамат» қозғалысы құрылды.
7 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығында Қарағанды аймақтық бөлімшесі аумағында екінші молекулярлы-генетикалық зертхананың ашылуы өтті. Қарағанды зертханасы соттар мен құқық қорғау органдарының кісі өлтіруді, ауыр дене жарақаттарын, зорлауды, танылмаған және бөлшектенген мәйіттерді, балаларды ауыстыру, жоғалту, ұрлауды тергеу жүргізу кезінде теңдестірушілік мақсаттары үшін молекулярлы-генетикалық сараптамадағы қажеттіктерді қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары осы сараптаманы талап етушілік бірнеше есе артты. Қазіргі уақытта сараптама әкелікті немесе аналықты анықтау сияқты азаматтық істерді шешуде де тиімді қолданылады. Молекулярлы-генетикалық зертхана ДНК-ны анықтау мен зерттеуге арналған қазіргі заманға сай арнайы құралдар мен реактивтер кешенімен жабдықталған. Төрт капиллярлы генетикалық талдау көмегімен сарапшылық зерттеудің бір бөлігі зерттеу тиімділігін арттыруға және сараптама жүргізу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған тәртіпте жүргізілетін болады. Қазіргі кезде барлық үш қазақстандық зертхана жабдықталған «Applied Biosystems» фирмасының генетикалық талдауышын аталған фирманың Қазақстандағы ресми өкілі «Медикус Евразия» ЖШС орнатты. Сонымен қатар осы фирманың мамандары Сот сараптамасы орталығының сарапшыларына оқыту семинарын өткізді. Алдағы уақытта сот молекулярлы-генетикалық сараптаманы тағайындау, өндірісті ұйымдастыру және сарапшы қорытындыларын бағалау мәселелері бойынша соттар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған семинарлар өткізіледі. Алғашқы сот молекулярлы-генетикалық зертхана 2001 жылы Орталық Алматы зертханасында ашылған болатын, онда жыл сайын қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300-ден астам зерттеулер жүргізіледі.
3 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген «Қазығұрт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Қазығұрт өлкесінің қасиеті жөнінде бұған дейін дәл мұндайлық толымды еңбек жарық көрген емес. Сондықтан да бүгін осы кемістіктің орны толды деп айтуға болады. Бұл кітаппен танысқан әрбір адам өзінің елі, халқы, жері үшін мақтаныш сезімде болады деп ойлаймын. Ал бұл дегеніміз біздің жиі айтып жүрген отаншылдық тәрбиесінің үлкен тетігі болып табылады», деді шара барысында сөз сөйлеген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Әбдірахманов.
Кітапта Қазығұрт өңірінің арғы-бергі тарихи жүйелі жазылған. Қазығұрт тауына қатысты Нұқ пайғамбардың кемесі жайлы аңыздың мәлім әрі беймәлім сырлары да әсерлі баяндалған. Түрік қағанатының билеушісі Истеми, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Александр Македонский, Тұман ханым, Абылай хан, Төле би сынды айтулы тарихи тұлғалардың өмірлеріне қатысты деректер Қазығұрт бойында өткен оқиғалармен ұштастыра суреттелген. Сонымен қатар ауданның таңғажайып табиғаты, жан-жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі және әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбеті жайлы да нақты деректерді таба аласыз. Басылымдағы мәліметтер кез-келген азаматтың қажетіне жарары сөзсіз.
«Қазығұрт» кітабының таныстырылымына көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, тарихшылар, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1953) философия ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі, Шымкент қаласының құрметті азаматы МЕЛДЕХАНОВ Өмірзақ Пердебекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын, Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Шымкентқұрылыс» тресінен бастаған. 1989-1992 жылдары - «Шипагер» фирмасының президенті. 1992-1998 жылдары - «Қазфармбиоөнеркәсіп» мемлекеттік концерні, «Фармбиоөнеркәсіп» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары, бас директоры. 1993-1996 жылдары - Шымкент химия-фармацевтика зауытының директоры. 1998-2000 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы. 2000 жылдан «Оңтүстікмаш-К» біріккен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалау кеңесінің төрағасы болған.
«Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған.
50 жыл бұрын (1963) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қытайтанушы ДҮКЕН Мәсімхан дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасында туған. Пекин орталық ұлттық университетін бітірген. 1993-2002 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 2002 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті қызметтерін атқарады. Ақынның «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар» жыр жинақтары, «Жыр-жебе» монографиясы, «Сарап» ғылыми мақалалар жинағы жарық көрген.
89 жыл бұрын (1924-1944) қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры МОЛДАҒҰЛОВА Әлия Нұрмұхамедқызы дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Ресейдің Рыбинск авиатехникумын бітірген. Анасы Маржан қайтыс болғаннан кейін нағашысы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленіп, Санкт-Петербордағы №9 мектепте білім алды. 1942 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, мергендер мектебін үздік бітірді. 1943 жылдың тамызынан 2-ші Прибалтика майданында 26-шы атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Ефрейтор Ә.Молдағұлова асқан мергендігімен көзге түсті. Новосокольники темір жол стансысының маңында болған ұрыста Әлия жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты.
Қазақтың батыр қызы туралы кітаптар жазылды, кинофильм түсірілді, ән шығарылды. Ақтөбеде мемориалдық мұражай ашылған, үлкен даңғылға Ә.Молдағұлова есімі берілген. Ресейдің Санкт-Петербор және Мәскеу қалаларындағы және көптеген облыстарындағы ондаған мектептер, көшелер Ә.Молдағұлова есімімен аталады. Новосокольники, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында және туған ауылында ескерткіш орнатылған.
64 жыл бұрын (1949) ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі РЫБАКОВ Сергей дүниеге келді.
Ресейде туған. Калинин мемлекеттік университетін бітірген. «Бельская правда», «Московский комсомол», «Смена», «Торгайская новь», «Дружные ребята» газет-журналдарында істеп, ТАСС-тың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі болған. Оның «Будильник», «Сайрауық құстар», «Алыптардың алыбы», «Бұған не ұқсас» атты кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында С.Торайғыровтың өлеңдерін, «Күзгі дақтар» атты балалар антологиясының жыр жинақтарын орыс тіліне аударған.
59 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі СӘДУАҚАС Тортай дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Қарағанды университетінің филология факультетін бітірген. 1979-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болған. Ақынның «Тұңғыш», «Жартастағы жаңғырық», «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар», «Айнакөл айшықтары» жыр жинақтары, «Наурызбай би және туған өлке тарихы», «Ел мен жер» атты тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында шет ел жазушылары И.Франко, И.Драч, Я.Колас, Мен До Нук, Г.Блэнаур, Дж.Катичтың және моңғол ақындарының шығармаларын, сондай-ақ Ю.Поройковтың «Қас-қағым сәт» атты кітабын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынды.
54 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Гонконгтағы бас консулы СҮЛЕЙМЕНОВ Үсен Әбдіқадырұлы дүниеге келді.
Алматы шет тілдері педагогикалық институтын, Колумбия университетінің Халықаралық және қоғамдық қатынастар мектебін бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1995-1996 жылдары -Экономикалық ынтымақтастық ұйымы хатшылығының аудармашысы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бөлім меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының эксперті. 2002-2004 жылдары - Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.
123 жыл бұрын (1890-1959) Квебектің (Канада) 1936-1939 және 1944-1959 жылдардағы премьер-министрі, кәсіби заң қорғаушы ДЮПЛЕССИ Морис Ле Нобле дүниеге келді.
Еңбек жолын Квебектің Консервативті партиясынан бастаған.
1935 жылы Дюплесси Квебектің Консервативті партиясын және Ұлттық либералды қозғалысты біріктіріп Ұлттық Одақтың негізін қалады. 1936 жылы Дюплесси өзінің жаңа партиясымен бірге Квебек парламентінің сайлауында Луи-Александр Ташро басқарған Квебектің Либералды партиясын жеңіп және премьер-министр атанды. 1944 жылы Дюплесси сайлауды жеңіп 1939-1943 жылдардағы үзілістен кейін тағы да премьер-министр болды.
62 жыл бұрын (1951) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты ХВАН Вадим Терентьевич дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Көркем академиясының корреспондент мүшесі, профессор А.Жуканың шеберханасынан дәріс алған. Ол Алматы қаласындағы «Арасан» емдеу-сауықтыру кешенінің авторы (сәулетшілер Мұрат Оспанов, Көпсекбай Төлебаевтармен бірлесіп). «Қазақстан» қонақ үйінің жобасын жасауға қатысқан.
32 жыл бұрын (1981) «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы ІЗБАСТИН Қаныш Темиртайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын ббітірген. «Мұнай және газ тасымалы» ЖАҚ-та тағылымдамадан өткен. ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде әртүрлі лауазымдар атқарды. 2007 -2008 жылдары - «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейіннен «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
2012 жылғы наурыздан «ҚазЭкспортКепілдік» экспорттық-несиелік сақтандыру корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
61 жыл бұрын (1952) суретші-әрлеуші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Бүкілодақтық жаңғырту ғылыми-зерттеу институтының (Мәскеу) түлегі АЛТЫНБЕКОВ Қырым дүниеге келді. Ғылыми-жаңғырту зертханасының директоры. Қазақстанда, Ресейде және Францияда ежелгі қорғандарды қазуға қатысты. Ағаштан жасалған қолданбалы өнер заттарын жаңғырту жөніндегі кітаптардың авторларының бірі, осы проблема бойынша халықаралық конференцияларға қатысқан.
Ол 1 000-нан астам ежелгі тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтірді, «Алтын адамны» (Алматы облысы) неғұрлым дәл жаңғырту жөніндегі жұмыстарға қатысты, ежелгі сармат көрсемінің қару-жарақтары мен берел көсемінің аттарының әсем безендірілуі сияқты бірегей жұмыстарды атқарды.
29 жыл бұрын (1984) таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, таэквондодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері ШІЛМАНОВ Арман Константинұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Атырау мұнай және газ институтын бітірген. Атырау мемлекеттік университетінің студенті, денешынықтыру және спорт мұғалімі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі. 2002 жылдан бері Атырау облысында мамандандырылған олимпиадалық резервтер жасөспірімдер спорт мектебінің спортшы-нұсқаушысы.
40 жыл бұрын (1973) «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ бірінші вице-президенті-бас инженері ШИЛКОВ Андрей Александрович дүниеге келді.
Пермь мемлекеттік техникалық университетіің кен-мұнай факультетін бітірген. «Еуразия» бұрғылау компаниясының ұңғылар құрылысы департаментінің №1 бұрғылау жөніндегі цехы бастығының орынбасары болды. 2008 жылғы қаңтардан «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ терең бұрғылау цехының бастығы. 2008 жылдан бері қазіргі қызметінде.
55 жыл бұрын (1958) кеңестік хоккейші, ресейлік мемлекет қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вячеслав ФЕТИСОВ дүниеге келді. |