Размер шрифта:




Цвет сайта:

белый фон, чёрный текст чёрный фон, белый текст
Размер шрифта:

Қазақстан жаңалықтары

21 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
21.04.2013
АСТАНА.21 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 21 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

АСТАНА.21 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 21 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

21 СӘУІР,  ЖЕКСЕНБІ

Бразилияның Мемлекеттік мерекесі - Тирадентес күні.  Тирадентес - XVIII ғасырдағы отар Бразилияның тәуелсіздігі үшін Бразилияның алтынға бай ауданы  Minas Gerais штатында отаршыларға қарсы үлкен қастандық ұйымдастырушылардың басында тұрған күрескерлердің бірі. Қастандық жасау ниеттері ашылғаннан кейін Бразилияның бостандығы үшін күрескерлер қатаң жазаланған, ал Тирадентес 1792 сәуірдің 21-де Рио-де-Жанейро алаңында дар ағашына асылған.

Пәкістанда Икбал күні. Пәкістанның рухани әкесі саналған ақын, Мұсылман лигасының президенті Мұхаммед Икбалды еске алу күні.

Рим қаласының іргетасы қаланған күн. Б.д.д. 753 жыл- Ромулдың (Ромул мен Рем - аңызға айналған ағайынды Римнің негізін қалаушылар) Рим қаласының негізін қалаған күні саналады. Атақты тарихшы Марк Теренций Варронның жазбаларына сүйене отырып, осындай тоқтам жасалған. Римнің туған күнінде қаланың қақпасы Рим тұрғындарымен қатар, бүкіләлемнің бар түкпірінен жиналатын сан мыңдаған туристер үшін символикалық түрде ашылады. 2004 жылдан бастап «Рим құдайы» конкурсы өткізіледі. Оған Италияда тұратын немесе кезінде Рим империясының бір бөлігі болған елде тұратын 18 бен 30 жас аралығындағы конкурсанттар қатыса алады. Қыздар өн бойына римдік әйел мен ішкі жан дүние сұлулығы идеалын жинақтағанын көрсетуі қажет. Жеңімпаз сыйлық ретінде римдіктердің дәстүрлі киімін киген итальяндықтар мен шетелдіктер қатысатын дәстүрлі тарихи кортеждің басында жүру мүмкіндігіне ие болады. Барлық оқиға дәстүрлі рим музыкасы және итальян асханасымен үйлесім тауып отырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

88 жыл бұрын (1925) «Қазақ әйелі» және «Теңдік» газеттері негізінде «Қазақстан әйелдері» қоғамдық-саяси  журналы шыға бастады.

54 жыл бұрын (1959) Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді.

13 жыл бұрын (2000) елімізде Бүкілдүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне байланысты «Үшмыңжылдықтағы кітаптар - шетелде» деген атпен көрме өтті. Бұл көрмеге республикамыздағы басты басылымдар, жоғары оқу орындарының баспа өкілдері де қатынасты. Барлық кітаптар Ұлттық кітапхананың алтын қорына сыйға берілді.

8 жыл бұрын (2005) Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының жинағы туралы» Заңдарына қол қойды.

6 жыл бұрын (2007) Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы алаңында жаңа «Жастар аллеясы» салынды.

Жаңа аллея «Жасыл күн» аумақты көгалдандырудың республикалық табиғаты қорғау акциясының бастамасы болды.

4 жыл бұрын (2009) Орталық Азияның Еуразиялық қоры (ОАЕҚ) Астана қаласындағы Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығында «Қазақстанда жергілікті қоғамдастықтар қорын (ЖҚҚ) құру және оны дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

7 жыл бұрын (2006) «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор кен-химия комбинатының гидрометаллургия зауыты аумағында молибден байыту фабрикасы ашылды. Мұндай фабрика Қазақстанның тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсібінде алғаш рет іске қосылып отыр. Молибден кенін қайта өңдейтін байыту фабрикасы гидрометаллургия зауытының аумағында рекордтық мерзімде - 96 күнде салынды.

5 жыл бұрын (2008) Павлодарда «Балалар шығармашылығы және қамту орталығы» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны құрылды.

Қалалық білім бөлімінің жаңа мекемесі қаладағы мектептердің, аула клубтары мен балалар орталықтарының арасында өзара байланыс орнататын болады. Әсіресе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімдерде есепте тұрған жасөспірімдер мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ерекше назар аударылады. Олар спорт секцияларына, шығармашылық ұжымдар мен клубтарға тегін бара алады. Жаз айларында орталықтың сауықтыру-спорттық лагерлерінде демалатын болады. Қала бюджеті есебінен қаржыландырылып отырған жаңа құрылымда 50 тәжірибелі педагог жұмыс істейді.

3 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлттық қор нарығының операторлары арнайы баспасөз мәслихатында құнды қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушыларының Қазақстандық қауымдастығын (KASD) құрғанын жариялады.

Қауымдастықты «БТА Секьюритис» АҚ, «Верный капитал» АҚ, «ИФД «Resmi» АҚ, «Казкоммерц Секьюритис» АҚ, «Сентрас Секьюритис» АҚ, «Тройка Диалог Казахстан», АҚ, «Halyk Finance» АҚ бастамасымен Ассоциация құрылған. KASD мүшесі болуды жоспарлайтын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығынан, Қазақстан қор биржасы мен бағалы қағаздар орталық депозиттерінен қолдау тапқан.

Қауымдастықты құрудың мақсаты - биржалық сауда және есеп, саналы құқықтық нормаларды сақтау, өзара түсінушілік пен сенім барысында негізі салынған кәсіпшілік мінез-құлықты құнды қағаздар нарығына жоғары этикалық стандарттарды енгізу.

 

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1948) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және  әлеуметтік таным методологиясы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор АЛТАЕВ Жақыпбек Алтайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. 1972-1976 жылдары - М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының оқытушысы. 1980-1985 жылдары - М.Тынышбаев  атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының аға оқытушысы, доценті. 1985-2003 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры болған. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді. Ғалым қазақ философиясы, мәдениет тарихы мен теориясы мәселелерін зерттеумен шұғылданады. 50-ден астам ғылыми мақаласы, 2 монографиясы, 4 оқулығы, 5 оқу құралы бар.

60 жыл бұрын (1953) ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Ә.Бөкейханов және академик С.Бәйішев атындағы сыйлықтарының иегері, ақындардың халықаралық Түрік фестивалінің, жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Алматы облысы Кербұлақ ауданының құрметті азаматы ТОБАЯҚ Бақытжан Ошақбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ ғылыми-техникалық ақпарат институтының экономикалық курсын, Энергетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. «Қазтехэнерго» кәсіпорнының инженері, Энергетика министрлігінің аға инженері,  Энергетика ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Қазақ энциклопедиясының ғылыми редакторы, «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бөлім меңгерушісі, «Халық Кеңесі» газетінің бөлім меңгерушісі, «ТАҢ» телекомпаниясының комментаторы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бөлім бастығы, «Қаржы-Қаражат» журналының арнаулы тілшісі, Қазақстан Республикасы Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру агенттігінің бөлім бастығы, Қазақ телеграф агенттігінің редакторы, «Хабар» агенттігінің редакторы, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы журналының жауапты редакторы, Алматы қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазір ұлттық «КЕГОК» энергетикалық компаниясында жұмыс істейді. Ақынның «Бостан», «Металдар құпиясы», «Егемен елдің экономикасы», «Сонар», «Адамзат тірлікті дәулет білмек..», «Құланиек», «Алматы көшелері», «Күреңбел» атты кітаптары жарық көрген.

104 жыл бұрын (1909-1967) тарих ғылымының докторы профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері ЕЛЕУОВ Тәжен дүниеге келді.

Қызылода облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қазақстан Жастар одағы Алматы облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бөлім меңгерушісі, «Хроника» журналының редакторы қызметтерін атқарған. 1946-1948 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы.  1948-1950 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым хатшысы. 1950-1967 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі болған.

Медальдармен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

49 жыл бұрын (1964) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Вена қаласындағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ӘБДІРАХМАНОВ Қайрат Құдайбергенұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын бітірген. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы болған. 1993-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, Азия елдері басқармасы бастығының, Азия елдері департаменті директорының орынбасары, Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының бастығы - 4-ші департаменті директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 3-ші департаментінің, Екі жақты қатынастар департаментінің директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының сыртқы істер вице-министрі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Израилдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Респуб­ли­касы Сырт­қы істер министрі­нің орын­басары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

49 жыл бұрын (1964) пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ШКИРМАН Владимир дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Ол Әлем чемпионы, Азия және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған. Спортшы 75 кг салмақ дәрежесінде 347,5 кг көтеріп,  әлем рекордын жаңартқан.

68 жыл бұрын (1945) гельминтолог-паразитолог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері РАИСОВ Төлеген Қазезұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей мемлекеттік медициналық институтын бітірген.

1968 жылдан Семей мемлекеттік медициналық институтында (қазіргі Семей қаласының мемлекеттік медициналық университеті) ассистент, доцент, проректор, ректор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2002 жылдан - Семей қаласының мемлекеттік медициналық университеті ректорының кеңесшісі.

Негізгі ғылыми еңбектері гельминтоздың патогенезін, одан сақтану және оны емдеу жолдарын зерттеуге арналған. Паразит пен иесінің арасындағы өзара байланысты (трихинеллез және эхинококк ауруларын) зерттеп, диагностикасын қоюдың және оны емдеудің әдістерін жетілдірді. Шалғай аймақтарда тұратын тұрғындардың денсаулығына ядролық сынақ полигонының радиациялық факторларының әсерін зерттеумен шұғылданады.

200-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 4 монографияның, 4 өнертапқыштық авторлық куәліктің авторы. Ғалымның жетекшілігімен 3 докторлық және 18 кандидаттық диссертация қорғалды.

47 жыл бұрын (1966) Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының  әкімі АКУЛОВ Григорий Иосифович дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында туған. Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Шемонаиха ауданына қарасты «Белокаменский» кеңшарының аға, бас мал дәрігері болып жұмыс істеген. 1996-1997 жылдары - Шемонаиха ауданы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1997-2002 жылдары - Шемонаиха ауданы әкімінің бірінші орынбасары, оынбасары. 2002-2008 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының әкімі. 2008 жылдың наурызынан бастап Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

87 жыл бұрын (1926) Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің ханшайымы ЕЛИЗАВЕТА II (Елизавета Александра Мария Виндзор) дүниеге келді.

Ол XI ғасырдан бері Британ корольдігі тарихындағы 42-ші билеуші. Ол 1952 жылғы ақпанның 6-да таққа отырды. Елизавета II ханшайым ретінде Достастық басшысы, құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі күштердің Бас қолбасшысы, Корольдік гвардияның және Корольдік инженерлік полктің полковнигі, 700-ден астам қоғамдық ұйымның президенті әрі жетекшісі болып табылады. Елизавета II Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен екі рет кездескен.

27 жыл бұрын (1986) Астана қаласы Алматы ауданының әкімі  Павел Сергеевич КУЛАГИН дүниеге келді.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. 2004 жылы еңбек жолын жеке құрылымдарда бастады. 2008 жылы Қостанай облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің экономикалық саясат және жоспарлау бөлімінің бас маманы болды. Сол жылы Астана қаласы әкімінің бас инспекторы қызметіне тағайындалды. 2009 жылы Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, кейінірек ұйымдастыру-инспекторлық бөлімін басқарды. 2010 жылғы тамыздан - Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары. 2013 жылғы ақпаннан - Алматы ауданының әкімі.

278 жыл бұрын  (1735 - 1818) орыстың көрнекті механик-өнертапқышы Иван КУЛИБИН дүниеге келді.

149 жыл бұрын (1864 - 1920) неміс социологы, тарихшы және экономист Макс ВЕБЕР дүниеге келді.

91 жыл бұрын (1922 - 2001) кеңестік кинорежиссер, сценарист, педагог, КСРО халық әртісі Станислав РОСТОЦКИЙ дүниеге келді.

  << Жаңалықтарға оралу

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
21 Сәуір 2013
Караганда Другие города
+15 °C
без осадков,ясно
Ю-З, 4 м/с
21 Сәуір 2013
Доллар США   151.09
Евро   197.73
Российский рубль   4.80
© 2005-2020 Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы