Қарағанды облысының әкімі Ә.Қ.Құсайыновтың тұрғындар алдындағы есебі, 21 ақпан 2012 жыл



Қарағанды облысының әкімі Ә.Қ.Құсайыновтың тұрғындар алдындағы есебі

Өткен жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға арналды. Ал осы айтулы мерекеге әзірлену ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген табыстарды әйгілеу жағдайында өтті. Осының барлығы біздің республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әрбір аймақтың өркендей түсуіне ықпал етті.
Елімізбен бірге Қарағанды облысы да серпінді дамып келеді. Біздің аймақ, елдің индустриалдық-инновациялық даму локомотиві ретінде экономикалық өсудің тұрақты факторы болып, Қазақстан экономикасының барлық саласының дамуына кешенді ықпал жасады.
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жаңа міндеттер жүктеп отыр. Біздер жақында осы маңызды саяси құжатты талқылау үшін актив өткізіп, онда Жолдауды іске асыруда Қарағанды облысының орны мен ролін анықтадық.
Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін біздің аймақтың әлеуеті жеткілікті, оған өткен жылдың табыстары дәлел.
Өнеркәсіпте өнім көлемі 2,3%-ға өскен. Ауыл шаруашылығында, бөлшек саудада, құрылыс жұмыстарында, жүк тасымалдауда, жолаушылар тасымалында, байланыс қызметінде жалпы өнім көлемі артты.
Жыл ішінде 257 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 111,2% болды.
Экономиканың тұрақты дамуы әлеуметтік салада да жақсы табысқа жетуге мүмкіндік берді. Мысалы, 2010 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 0,2%-ға төмендеп, 5,2% болып қалды. Орта айлық жалақы 10%-ға өсіп, тұрғындардың жан басына шаққандағы табысы 3,3% болған.
2011 жылы облыстың бюджетіне түскен қаржы 14%-тен астам артып, жалпы көлемі 175,4 млрд. теңге немесе жоспар 101% орындалды. Салық салу базасын ұлғайту нәтижесінде қосымша 5 млрд. теңге түсті.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортты дамыту, тұрғындарды әлеуметтік қолдау тәрізді әлеуметтік маңызды шараларға шығындарды жоспарлау басым ретпен іске асырылды. Осы мақсатқа жалпы бюджет шығысының 57%-ы немесе 100 млрд. теңге жұмсалды. Мұның үстіне, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа шығындар ұлғайды. Жалпы алғанда, жан басына шаққандағы шығын 12%-ға артты. Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға барлық бюджеттік шығынның 61%-ін бөлу көзделген.
Бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне жалақы, оқушыларға стипендия, коммуналдық қызмет ақысы уақытында төленді.
Еліміздің басқа аймақтары тәрізді біздің облысымызда «Дипломмен – ауылға!» атты әлеуметтік сала мамандарын селоға жіберу бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыру басталғаннан бері 1246 маман ауылға барып, жұмысқа орналастырылды. Оларды қолдауға, нақты айтқанда, өтемақы төлеуге бюджеттен 136 млн. теңгеге жуық қаржы төленді.
Сонымен бірге, өткен жылдан бастап, селоға жұмысқа барған мамандарға баспана сатып алуға бюджеттік несие төленуде. Үстіміздегі жылы 268 маман 52 млн. теңгенің өтемақысын, 170 маман 412,5 млн. теңге бюджеттік несие алады.
Приозерск қаласы мен Жезқазған аймағын одан әрі дамытуға қомақты бюджеттік инвестиция бөлінеді.
2011-2013 жылдары Приозерскінің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын ел Үкіметі бекітті.
Приозерск қаласының инфрақұрылымын қолдау мен дамыту үшін өткен жылы 1 млрд. теңге тұратын 4 жоба іске асырылып, 141 млн. теңгелік 10 жобаның жобалау-сметалық құжаттарын жасау басталды.
2012 жылы Приозерскіде 1 млрд. 831 млн. теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылады. Жылумен жабдықтау, кәріз жүйелерін, тұрғын үйлерді, көше жарығын қалпына келтіру және басқадай жұмыстар жалғасын табады.
Жезқазған аймағына қатысты Елбасының тапсырмасы бойынша 2011 жылғы қараша айында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 6 жылға арналған кешенді бағдарламасы бекітілді. Осы кезеңде аталмыш аймақты дамытуға 128 млрд. теңге бөлінеді. Осы жоспарланған шараларды іске асыру үшін аталмыш аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасы көтерілетін болады.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында концессиялық негізде 11 балабақша салынады. Бұл дегеніңіз 3-тен 6 жасқа дейінгі 3520 баланың кезегін қысқартуға мүмкіндік береді.
Осындай құрылыс жөніндегі жоба бойынша жақын уақытта Теміртау қаласында 4 балабақша салынады.
Коммуналдық шаруашылықта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік схемасы бойынша жобалар жасалып жатыр.
Еліміздің Президенті Қазақстан халқына Жолдауында индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы жаңғыртуда басты бағыт болады деп атап өтті. Бұл үшін инвестиция тартып, қосымша қаржыландыру көздерін табу керек.
Есепті кезеңде біздің облысқа 250 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 12,3 %-ға көп. Бұл үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында сапалы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Аймақтың Индустрияландыру картасы бойынша 36 млрд. теңге тұратын 24 жоба іске қосылды. Осындай маңызды жобалардың бірі мамандандырылған ауыл шаруашылық ұшақтарын шығаратын «ҚазАквиаСПЕКТР» компаниясының заводы болды. Бұл завод Қазақстанда ұшақ шығаруды дамытудың негізі болып, биылғы жылдың өзінде агроөнеркәсіп кешеніне керекті алғашқы ұшақтар шығару жоспарлануда. Қуаты толық игерілгенде, жыл сайын 36 ұшақ жасалатын болады.
Өткен жылы іске қосылған ірі инновациялық жобалардың бірі – «Сары Қазына» компаниясының катодты мыс шығаратын заводы. Инновациялық технологияны пайдаланудың арқасында жыл сайын 10 мың тоннадан астам мыс шығарылады.
Өнеркәсіп өндірісінің жоғары қарқынмен дамуы энергетикада біршама жобаларды жүзеге асыруды талап етті. Бұл, бірінші кезекте, ЖЭО 3-тегі электр энергиясын шығару қуаты 157мВт, жылу энергиясын шығаруда 185 гКал/сағ. жаңа турбогенератор пайдалануға берілуі болды. Соның арқасында жылу және электр энергиясына тапшылық қысқарды.
Қазір жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және жаңа нысандарды іске қосу есебінен өндіріс көлемін арттыру жұмысы жалғасын тапты.
Айталық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының №2-ші домна пешіне жаңғырту жасалып, №3-ші үздіксіз құйма құятын машинаның құрылысы аяқталды.
«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған аймағын дамытудың кешенді жоспары аясында минералды-шикізат базасын жаңартуға кірісті.
Осы жоспарларды іске асыру үшін 2015 жылға дейін 1 трлн. теңгеден астам инвестиция салынып, 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, энергия шығындары төмендеп, еңбек өнімділігі 30%-ға артады.
«Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру облыстың жұмыс істеп тұрған 3 кәсіпорнын жаңғыртуға және қаржылай қолдау алуға мүмкіндік берді.
Осының нәтижесінде өнеркәсіпте өндірістің жылдық көлемі 1,3 трлн. теңгеге дейін өсіп, еңбек өнімділігі 11,3%-ға артты.
Қосымша 2,4 мың жұмыс орны құрылды. Соның ішінде, 1,5 мыңы – Индустрияландыру картасы бойынша.
Қарағанды қаласындағы аймақтық даму ғылыми зерттеу институтында даму перспективасын анықтау үшін аймақтың инновациялық жүйесінің өңірлік бағдарламасы жасалып, соның аясында институттық инфрақұрылым мен инновациялық орта жасау жоспарлануда, бұл дегеніңіз – бірлескен жобаларға шетелдік жоғары технологиялы компанияларды тарту деген сөз.
Үстіміздегі жылы облысқа инновациялық жобаларды тарту жұмысы жалғасын табады, соның бірі ҚарМТУмен бірлесе отырып көмір қабаттарынан метан газын алу болмақ.
Аймақтың табысты дамуына кедендік одаққа Қазақстанның қатысуы ықпал етуде, өнімді өткізу рыногы кеңейіп, тауарларды рәсімдеу және тасымалдау шығындары азая түсуде. Соның нәтижесінде, 2011 жылы облыстың экспорты 28,5%-ға өсіп, сыртқы сауда айналымы 25,3%-ға артты.
«Экспорт – 2020» бағдарламасы бойынша 2011 жылы облыстың 10 кәсіпорны республиканың сыртқы рыногында өз өнімін өткізу шығынының 50%-ын қайтарып алды.
Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында бірегей экономикалық кеңістік өз жұмысын бастады. Соның аясында келісімдерді жүзеге асыру тауарларды, қызметті, капиталды, жұмыс күшін еркін қозғауға жол ашады.
Осының өзі қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Мысалы, ҮИИД-дің мемлекеттік бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыру ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындардың өнім берудегі қазақстандық мазмұн үлесін артыруға қол жеткізеді.
Жалпы алғанда, сатып алынған тауарлардағы, жұмыс пен қызметтегі ұлттық компаниялардың қазақстандық үлесі 53% немесе 38 млрд. теңге болды. Жүйе құрушы кәсіпорындардың сатып алу көлемі үш есе өсіп, 96,5 млрд. теңге болды.
Қазақстандық мазмұнды дамыту аясында Қарағанды машина жасау консорциумына қатысушылар қазіргі заманғы аялдама павильондарын, әр түрлі үлгідегі су қыздырғыш қазандықтар, ауыл шаруашылығы техникасына керекті жабдықтар элементтері, темір жол машина құрылысы өнімдерінің жаңа түрлерін шығаруды игерді.
Машина жасау кешенінде инновациялық құрылымды дамыту бойынша «№1 Машзавод» ЖШС және «Пархоменко атындағы КМЗ» ЖШС жаңа жабдықтар сатып алуға инновациялық грантқа ие болды. Бұл дегеніңіз аталмыш кәсіпорындарға шығарылатын бөлшектердің түрін көбейтіп, сапалық сипатын арттырып, еңбек өнімділігін көбейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Қазақстандық мазмұн» веб-порталы жұмыс істейді, одан жалпы республика бойынша, соның ішінде Қарағанды облысында өндірілетін тауарлар тізімін көруге болады.
Біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – облыс экономикасының көптеген саласында жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесі 16 млрд. теңгелік 82 жобаны мақұлдады. Бұл жерде несиелердің проценттік ставкасы бойынша мемлекеттік субсидияның мөлшері 700 млн. теңгеден астам болды. Осының арқасында қолда бар 9,4 мың жұмыс орны сақталып, 1800 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша жұмыс жүргізілді. Осындай шаралардың арқасында есепті жылы шағын және орта бизнес субъектілері 9,5%-ға, ал олардың өндірген өнімі 2,5%-ға артты.
Облыстың жетекші кәсіпорындары – «Қазақмыс» корпорациясы, «АселорМиттал Теміртау» компаниясы, Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы тарапынан әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тығыз байланыс жалғасын табуда.
Есепті жылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, жалпы алғанда, 7,4 млрд. теңгеге денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт тәрізді әлеуметтік мәселелерді шешуге байланысты біраз шаралар қаржыландырылды. Аталмыш кәсіпорындармен 2012 жылға жалпы сомасы 4,9 млрд. теңгеге өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде оң өзгерістер байқалды. Ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім 120 млрд. теңге немесе 2010 жылмен салыстырғанда 113,3% болды.
Мал шаруашылығының негізгі өнімдері және мал басының саны артты. Егін шаруашылығында жерді тиімді пайдалану, алдымен бос жатқан жерлерді игеру, дәнді дақылдар үшін егіс алқаптарын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы 762,3 мың тонна дәнді дақыл өндірілді. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 2,4 есе артық. 2011 жылы азық-түлік көлемі 70 млрд. теңге болып, 5%-ға артты.
Агроөнеркәсіп кешенінің 45 субъектісінде сапа менеджменті енгізілді. Өз өнімдерін делдалсыз өткізетін 53 селолық өндіріс кооперативтері жұмыс істеп, 1,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 326 шаруа және фермерлік шаруашылықтар 15,2 мың ірі қара аналықтарын сатып алды. Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері 1,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылық техникаларын сатып алды.
Экономиканы дамытудағы үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында аграрлық секторда 16 млрд. теңгенің 12 жобасы іске асырылуда. Атап айтқанда, бұлар – «Green Technology» компаниясының жылыжай кешені, Бұқар жырау ауданындағы «Здоровые продукты» компаниясының еттік құс фабрикасы, «Номад» компаниясының астықты терең өңдейтін кәсіпорны және тағы басқалар.
Осы жобалардың барлығы халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық сапалы өнім шығаруға бағытталған. Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 295 жәрмеңке өткізіліп, оларда 1,7 млрд. теңгенің өнімдері төмен бағамен сатылды.
Аймақта азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры құрылып, оған 12 мың тоннадан астам ең қажетті 7 түрлі азық-түлік сатып алынды (картоп, сәбіз, сарымсақ, күріш, қант, өсімдік майы, қарақұмық).
Осы тауарларды төмен бағамен сату өткен жылдың желтоқсан, биылғы жылдың қаңтар айында басталды.
2011 жылы аймақтың ауыл шаруашылығын қолдау үшін мемлекеттік және облыстық бағдарламалар аясында 4 млрд. 825 млн. теңге бөлініп, ал биылғы жылы 7 млрд. 524 млн. теңге қарастырылған.
«Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 775 адамға 510 млн. теңгенің несиесі берілді. 2012 жылы шағын несиелеуге 763,5 млн. теңге бөлініп, ол 509 адамға берілетін болады.
Жерді тиімді пайдалану бағытында жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 10,4 млн. гектар алқапқа ревизия жүргізіліп, соның барысында 1 млн. гектар бос жатқан жер анықталды. Осы жердің біраз бөлігі арендалық келісімшартты бұзу жолымен ерікті негізде мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жоғарыда атап өтілгендей, 2011 жылдың қорытындысы бойынша, өңірімізде 257 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 111% болды, соның ішінде:
- республикалық және жергілікті бюджет есебінен несиелік және арендалық тұрғын үй – 60 мың шаршы метр;
- жеке меншік үйлер – 180 мың шаршы метр;
- коммерциялық тұрғын үй – 18 мың шаршы метр.
Осының нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын жаңа пәтерге ие болды.
Тұрғын үй құрылысына 20 млрд. теңге инвестиция бағытталды немесе 2010 жылдың деңгейінде 150% болды.
2011 жылы «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасы және тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында құрылыс жүргізіліп жатқан аудандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 2,3 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Жалпы алғанда, 63 шақырым инженерлік коммуникация салынды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 161% болды.
Қалалар мен поселкелердің инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, энергетиканы дамыту, сәулеттендіру жұмыстарына тиісті көңіл бөлді.
Қысқы жылыту науқанын тұрақтандыруға қажетті шаралар қолданылды. Қарағанды, Шахтинск, Приозерск, Саран, Қаражал, Абай қалалары, Шашубай мен Сарышаған поселкелерінің жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс жасауына едәуір қаржы бөлінді.
Селолық аймақты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықтандырылған электрмен жабдықтау жүйесінің құрылыс жобасы іске асырылды.
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша облыстың 37 елді мекенінде сумен жабдықтау нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Соның нәтижесінде 30 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша бірінші механизммен 10 көп қабатты тұрғын үйде терможаңғырту элементтерімен күрделі жөндеу, екінші механизм бойынша 48 үйде күрделі жөндеудің жеке түрлері іске асырылды.
Облыстың қалалары мен селоларын аббаттандыру және көгалдандыру бойынша көп жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде 82 мың ағаш пен тал егіліп, 2579 жарық беру бағандары, 5267 жарық шам алмастырылып, 859 контейнер орнатылып, 352 қалдық алаңдары жөнделіп, 130 аула абаттандырылды.
Облысымызда қатты табанды автомобиль жолдарының жүйесін кеңейту, облыстың аудандары арасында сенімді әлеуметтік-экономикалық байланысты қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі.
2011 жылы Қарағанды қаласында автомобиль жолдарын жөндеу кезінде тұңғыш рет қиыршық тасты асфальтбетон пайдаланылды.
Облыстық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстап тұруға 4,5 млрд. теңге бөлінді.
Жолаушылар мен жүк тасымалдау көлеміне қатысты айтар болсақ, тиісінше бұл жоспар 124 және 138%-ға орындалды. Автокөлікпен жолаушыларды тасымалдау 270 маршрут бойынша іске асырылды, оның 72-сі облыс ішіндегі жолдармен атқарылды. Көлік қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 583 млн. теңге бөлінді.
Темір жол көлігімен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру үшін 11 әлеуметтік маңыздағы бағыттарға 826,5 млн. теңге бөлініп, әуе көлігімен екі әлеуметтік маңызды авиамаршуртқа 177 млн. теңге бөлінді.
Облыстағы барлық 433 селолық елді мекенге телефон орнатылған. Қазіргі уақытта 5 мыңдай отбасы спутниктік санды телехабарларды пайдаланады.
Тағы бір маңызды мәселе тариф қалыптастыру болып отыр. Өткен жылы табиғи монополиялар суъбектілерінің реттелетін қызметтерінің тарифі жаңа активтер құру, бұрынғыларын кеңейту, қалпына келтіру, жаңарту және негізгі құралдарды техникалық қайта жабдықтауға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды ескере отырып бекітілді.
2011 жылы Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті монополистердің тарифтері мен бағаларын бекітуге байланысты 110 өтінішті қараған. Соның ішінде, өсіруге байланысты 35 өтініш кері қайтарылып, 17 тариф қайта бекітіліп, көтеру бойынша 58 тариф бекітілді.
Тарифтердің негізгі өсу себептері электр энергиясының қымбаттауы және инвестициялық бағдарламаларды енгізуге қатысты болды. Басқа себептердің арасында жалақыны өсіру, материалдар құнының өсуі, жөндеу қорының көлемінің артуы болды.
2011 жылдың ішінде көтерілген барлық тарифтер алдын ала тыңдау себептерін түсіндіру арқылы іске асырылды. Бұл тыңдаулар мәслихат депутаттарының, мемлекеттік органдардың, тұтынушылардың, қоғамдық бірлдестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, тәуелсіз сарапшылардың, қызмет беруші өкілдерінің қатысуымен өтті.
Өтінімдерді қарау кезінде тарифтің өсуін ұстап тұру мақсатында 2011 жылда монополистердің шығындары 5,9 млрд. теңгеге төмендетілді. Бұл көрсеткіш 2010 жылдың деңгейінен 28%-ға артық.
Қоршаған ортаны қорғау тәрізді салада да тиісті жұмыстар атқарылды. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыруға 626 млн. теңге бөлінді.
«Жасыл даму» бағдарламасы аясында көгалдандыру және аймақта ағаш егу жұмыстары жалғасын тапты. Тек соңғы жылдары Қарағанды қаласының аймағында 500 гектардан астам жерге ағаштар отырғызылды. Жыл сайын көктемгі ағаш егу кезіндегі мемлекеттік орман қорының көлемі 100 гектар болды.
Су қоймаларын қорғау жұмысы жалғасын тауып, су қорғау аймақтары құрылды. 2011 жылы осы мақсатқа 133 млн. теңге бөлінді.
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрғындарды еңбекпен қамту бағдарламасын одан әрі жалғастыруға байланысты маңызды міндет жүктелді.
Біздің облысымызда аталмыш бағдарлама аясында өткен жылы еңбекпен қамтуға көмектесудің белсенді шараларымен 3 мың адам қамтылды.
Бұған қоса біздің облыстың еңбекпен қамту органдарына 42 мыңға жуық жұмыссыз адам келген болса, оның ішінде 88%-ы еңбекке орналастыру жөніндегі нақты шарамен қамтылған.
Тұрғындарды белсенді әлеуметтік қолдау шараларын жергілікті атқарушы органдар да жүргізді. Соның нәтижесінде 37 мыңнан астам адам еңбекке орналастырылып, 10 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, 4 мыңға жуық адамға кәсіби даярлыққа, қайта даярлыққа және біліктілігін көтеруге жолдама берілді.
Тұрғындарды еңбекпен қамту шаралары өңірдегі еңбек нарығының жағдайына оң әсерін тигізді. Жұмыссыздық деңгейі мен тұрғындардың аз қамтылғандар қатары азая түсті.
Барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы еңбек заңдылығын сақтау сияқты мәселе тұрақты бақылауға алынды.
Еңбекақыны дер кезінде төлеуді бақылау күшейтілді.
Өңірдегі жағдайды қадағалап отыру үшін азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселесі бойынша жұмыс топтары құрылған, оның құрамына мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, прокуратураның, сол сияқты кәсіподақтар федерациясының өкілдері қамтылды.
Ішкі саясат саласында қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ерекше назар аударылып отыр.
Ол үшін бізде қажетті әлеует жеткілікті. Өңірде саяси партиялардың 9 филиалы, үкіметтік емес 717 және 25 кәсіподақ ұйымы, 415 діни және 72 этномәдени бірлестік тіркелген.
Үкіметтік емес сектормен қызметтестікті дамыту бойынша жұмыс жалғасын тапты, соның аясында 23 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Облыстық бюджет қаражатынан мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 57 млн. астам теңге бөлінді.
Облысымызда 234 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс атқаруда, оның ішінде 192-сі мемлекеттік емес және 42-сі – мемлекеттік. Есепті жылда олар еліміздің Президентінің халыққа жыл сайынғы Жолдауын түсіндіру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы атқарушы билік органдарының қызметін жарыққа шығаруда кеңінен ақпараттық қолдау көрсетті.
Әлеуметтік саланы дамыту мәселесі әрқашан жергілікті билік органдарының басты назарында.
Білім беру жүйесінде барлық жұмыс материалдық-техникалық базаны нығайтуға және мектептер мен балабақша желісін дамытуға, сапалы білім беру қызметін көрсетуге бағытталды. Өткен жылы Жаңаарқа ауданының Ақтау және Ескене ауылдарында әрқайсысы 270 орындық екі жаңа мектеп ашылды. Білім берудің 49 нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, оған жергілікті бюджеттен 726 млн. астам теңге бөлінді. Қазіргі кезде облыста 189 балабақша мен 312 шағын орталық жұмыс істеп жатыр. Мектепке дейінгі біліммен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 97,1%-ы қамтылған. Бүгінгі күні облыс мектептерінде 7,8 оқушыға 1 компьютерден келеді, ал 2010 жылы 9 оқушыға 1 компьютерден келген еді. Компьютерлік парк 1154 бірлікке ұлғайтылып, 22 мыңға жуық машинаны құрап отыр. Кең жолақты Ғаламторға қосылған мектептердің саны 33 пайыздан 79 пайызға дейін ұлғайды. Облыс мектептері жаңа үлгідегі заманауи кабинеттермен жарақтануда, физиканың, биологияның, химияның осы заманғы 522 кабинеті жабдықталған.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары жасалды.
Техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдарды осы заманғы жабдықтармен жарақтандыру жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Қарағанды политехникалық колледжінде соңғы үлгідегі интерактивті оқыту жабдығын құрастыру басталды. Жақын болашақта осындай жабдық шығаратын завод салу жоспарлануда.
«Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес, осы бағдарламаға қатысушы 26 кәсіби лицей және 15 колледж базасында 31 аса қажет мамандық бойынша оқыту жүргізілетін болады.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, онда мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында өңірде негізгі индикаторлар бойынша тәуір нәтижелерге қол жеткізілді. Оның ішінде жас нәрестелердің және аналардың қаза табуы, онкологиялық және қан айнылымы науқастарынан көз жұму азайды. Басқа да кейбір көрсеткіштер жақсара түсті. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын ұлғайтылып келеді. Биылғы жылы оның бюджеті 38 млрд. теңгеге тақау. Медициналық ұйымдар желісі дамыды, олардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Оның ішінде, Қарағандыда медициналық техниканың соңғы үлгісімен жарақтанған Қан орталығы және №1 емхана ашылды.
Жалпы сомасы 450 млн. теңгеге 16 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтаудың негізгі басым бағыты саналатын кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті дамыту жалғасын табуда. Мақажанов атындағы клиниканың мамандары жамбас-мықын және тізе буындарын эндопротездеуді игерді. Мұндай бағыттағы дамуға миында көлемді ісік пайда болған науқастарға нейроэндоскопиялық жедел ота жасау сияқты нейрохирургия саласы да ие болды. Жасанды протездерді пайдалана отырып омыртқа жарақаты мен науқастарына жедел ота жүргізуде де мол тәжірибе жинақталған.
Білікті кадрларды тарту, бекіту және дайындау бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 123 жас маман еңбекке орналастырылған болса, оның ішінде ауылдағы медицина ұйымдарына 15 жас маман қызметке тұрғызылды.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған алдын алудың кешенді шараларын жүзеге асыру жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасындағы науқастану көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берді.
Өткен жыл өңірдегі мәдени өмірдің маңызды оқиғаларымен атап өтілді. Теміртауда Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің Тарихи-мәдени орталығы ашылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Долинка поселкесінде күрделі жөндеуден соң Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы ашылды. Сол сияқты күрделі жөндеуден және жәдігерлері жаңартылған соң облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қайта ашылды. Нұра және Осакаров аудандарында мұражайлар құрылды.
Облыс орталығын Тәуелсіздік стелласы, Қазыбек би, Қаныш Сәтбаев ескерткіштері, ғарышкерлер монументі бұрынғыдан да көріктендіре түсті.
Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеу тек қана біздің облыстың ғана емес, бүкіл республиканың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Осы мерекеге орай ақынға көрнекті ескерткіш орнатылды.
Мәдениет қызметкерлері еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға үлкен үлес қосты.
Имандылықты дамытуда Қарағандының Оңтүстік-Шығысында салынған 4 мың адамға арналған үлкен мешіттің және Үлкен Михайловкада салынатын православие шіркеуінің мәні зор.
Спортты одан әрі дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Біздің спортшыларымыз халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар мен турнирлерде 2429 алтын, 2024 күміс және 2 215 қола медальды жеңіп алды. Бұл саланың да материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының қатысуымен «Қарағанды Арена» мұз сарайы, «Нұра» спортты дамыту орталығы және Теннис орталығы ашылды. Бұған қоса, қалалар мен аудандарда көптеген спорттық нысандар жөндеуден өтті.
Қалалар, аудан орталықтары мен ірі поселкелер үшін 2012-2014 жылдарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жобалары жасалды.
Тілдердің қызмет атқаруы мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта 2012-2013 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өңірлік шаралар жасалды. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік тілде сөйлейтін ересек тұрғындар саны ұлғайды. Басқару органдарының құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлесі арта түсті. Сонымен қоса, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен облыста тұратын этностардың ана тілдерін оқып үйренулері үшін жағдай жасау және әдістемелік көмек көрсету жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл шаралар көп тілді мәдениетті сақтауға, тілдік ортаға төзімділікті және ұлтаралық келісімді қалыптастыруға жағдай жасайды.
Демографиялық жағдай туралы.
Қарағанды облысының тұрғындарының саны 2012 жылдың 1 қаңтарына есептік мәлімет бойынша, 1 млн. 357 мың адамды құрады, бұл – 2011 жылдың басымен салыстырғанда 6 мың адамға артық деген сөз. 2011 жылы тұрғындардың туу санының артып, өлім санының азайғандығын байқаймыз. Тұрғындардың табиғи өсім саны 2010 жылмен салыстырғанда 13%-ға артып, 8818 адамды құраған.
Арнайы тоқталуды қажет ететін тағы бір мәселе – қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес.
Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында «Құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алудың 2011-2013 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама қылмыспен күресте, құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алуға арналған тиімді жүйе қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі мемлекеттің бірыңғай саясатын жүргізуді көздейді.
Ішкі істер органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жасалды. Осы мақсат үшін 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Сыбайлас жемқорлық сияқты жат көріністерге де тұрақты назар аударылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің 2011-2015 жылдарға арналған шаралар жоспары жасалды және бекітілді. Бұл Жоспардың басты мақсатының бірі қоғамдық өмірдің барлық саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының алдын алып, билік органдарына деген халықтың сенімін арттыру, насихат және түсіндіру жұмыстарын күшейту болып табылады.
Ел Президентінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударып келеді. Бұл маңызды сала сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, мемлекеттік органдардың қызметіне азаматтардың сенімін арттырады. Біздің облыста бұл бағыттағы жұмыс жеткілікті түрде белсенді жүргізілуде.
Облыс әкімінің сайтының құрылымы өзгерді және оның қамтитын бағыттарының ауқымы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Менің жұмысымда өзімнің желілік журналым (блог) өте көп көмегін тигізуде. Облыстың тұрғындарының, олардан қазірдің өзінде түскені 2 мыңнан астам, көтерген мәселелері мен ұсыныстары өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, қалалар мен аудандардағы проблемаларды жедел шешу жөніндегі шараларды жоспарлау кезінде пайдаланылуда.
2011 жылдың желтоқсан айынан бастап облыс әкімдігі құжаттарды қағаздағы тасығышпен қосарлаусыз электрондық құжат айналымына көшті. Бұл қазірдің өзінде хат-хабар алмасу мерзімін барынша азайтуда елеулі тиімділік беруде, ал болашақта бұл тағы да экономикалық тиімділік береді. Бұған қоса, электронды әкімдік аясында біз қызметкерлерді басқару, облыстың Бірыңғай диспетчерлік қызметі, ұйымның қызметін жоспарлау және басқару сияқты жүйелердің қызметін де пайдаланамыз.
Облыс тұрғындарын компьютерлік сауаттылыққа оқыту, Электрондық үкімет бастамашылығын жаппай танымал ету жөніндегі жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік қызметті автоматтандыру жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілді. Оған қоса, барлық мемлекеттік қызметтің бірыңғай есебін жүргізу және олардың сапасына мониторинг жүргізу үшін республикалық жоба – Халыққа қызмет көрсету орталықтары үшін Интеграцияланған ақпараттық жүйе жүзеге асырылды, оған мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдар қосылған.
Жинақтай айтқанда, мемлекеттік органдар қызметіне азаматтардың сенімінің нәтижесі сияқты болып, мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігі арта түсуде.
Есепті кезең ішінде кадр саясаты мәселесіне, мемлекеттік қызметке кәсіби даярлықтан өткен жас мамандарды тарту мәселелеріне қатты көңіл бөлінді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, басшы құрамның орындарын алмастыру жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Орталық мемлекеттік органдардан облыстық басқармалардың бірінші басшысы жауапты лауазымдарына, сол сияқты облыс әкімінің орынбасарлығына білікті мамандар шақырылды.
Конкурстық іріктеу арқылы әкімшілік мемлекеттік лауазымдардың бос орындарына қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма бастықтарының орынбасарлары тағайындалды. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық органдар арасында мамандар алмасу жүйесі тұрақты қолдау табуда. Облыс әкімдігінен орталық мемлекеттік органға басшылық лауазымға облыс әкімінің бұрынғы орынбасары тағайындалды.
Жергілікті кадр әлеуетімен жұмыс жалғасуда. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары, қалалар мен аудандардың 11 әкімі тағайындалды. Облыстық басқармалардың 5 басшысы жаңадан тағайындалды.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары туралы бірер сөз. Қазіргі кезде біздің облысымызда республикалық мемлекеттік «Халыққа қызмет көрсету орталығы» кәсіпорнының Қарағанды облысы бойынша филиалында 29 бөлім мен 6 бөлімше қызмет атқарды. Өткен жылы Қарағанды қаласындағы №3 бөлім мен Теміртау қаласындағы №1 бөлім жаңғыртылды. Соның арқасында аталған ХҚО-да кедергісіз қызмет көрсету, электрондық кезек жүйесі, қызмет көрсетудегі сапа бағалауы бойынша электрондық планшеттер сияқты әлемдік тәжірибелер енгізілді, бизнес-бұрыштар мен балалар алаңдары сәулеттендірілді.
Қазіргі күнге дейін Қарағанды облысының ХҚО-лары арқылы мемлекеттік қызметтің 59 түрі ұсынылады. Оның ішінде, 11 түрі өткен жылы енгізілді. Есепті мерзім ішінде тұрғындарға 812 мың мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 825 мыңнан астам дайын құжаттар берілген. Бұған қоса ХҚО-ның барлық бөлімдерінде ауылдық округтердегі алыс елді мекендерге қызмет көрсету үшін икемді топтардың жұмысы ұйымдастырылған.
Облыс әкімдігі қызметінің маңызды құрамдас бөлігі азаматтардың өтініш-тілектерімен жұмыс болып табылады. Осындай арыз-шағымдарда жазылатын проблемалардың сипаты мен мазмұны өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды бейнелейді. Қазіргі кезде коммуналдық және тұрғын үй мәселелері бойынша өтініш-тілектер саны ең жоғары дәрежеде. Бұл адамдардың өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген тілегімен де, тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама ашатын мүмкіндіктермен де, сол сияқты тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмасымен де байланысты.
Проблемалық мәселелер көтерген өтініш-тілектермен қоса, атқарылған жұмыстарға ризашылық білдірген хаттар да көптеп түсуде. Мәселен, Қарағанды қаласының тұрғыны А.Бекенов Теннис орталығы, Мұз сарайы, Бокс орталығы және үлкен мешіт сияқты қала мен тұтастай облыс тұрғындары үшін аса қажет әлеуметтік-мәдени және спорттық нысандардың қысқа мерзімде салынып бітіп, пайдалануға берілгендігі үшін алғыс айтады. Коммунальная көшесіндегі №16 үйдің тұрғындары өрттен соң үйлерінің төбелерін жөндеуге көмек көрсеткендері үшін рахметтерін айтады. Республика даңғылының бойындағы тұрғындар балалар алаңдарын салып беріп, жақын аумақты абаттандырғаны үшін алғыс жаудырады. Бұдан былай да ешқандай өтініш-шағым назардан тыс қалмайды, олардың орындалуы бақылауға алынады.
Өткен жылдың қорытындысы өңірдің дамуының өсіңкі қозғалысын растайды және жаңа мүмкіндіктер ашады. Бізді қауырт жұмыстар күтіп тұр. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асырудағы қарағандылықтардың нақты үлесі болмақ. Оның ішінде, халықты еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын табуда. Бұрынғысынша, бұл оқытудың тиімді жүйесін құру және еңбекке орналастыруға ықпал ету, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету, еңбек ресурстарының икемділігін арттыру, экономикалық белсенділік орталықтарындағы басымдылықпен еңбекке орналастыру сияқты бағыттарда жүргізілетін болады. Осындай жұмыстар үшін биылғы жылы облысымызда 3 млрд. теңге бөлініп отыр.
Үстіміздегі жылы жалгерлікті, тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша несиелікті, «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша қызметтікті, жас отбасылары үшін, сол сияқты жергілікті бюджет есебінен тұрғын үйді қалпына келтіру және қайта жарақтандыруды қоса отырып 261 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделуде.
Өңірлік дамуға, оның ішінде ауылдық жерлердегі дамуға ерекше назар аударылатын болады. Ауылда лайықты жағдай жасау мақсатында 27 елді мекенде инфрақұрылымды абаттандыру және жөндеу бойынша 33 әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылады.
Тағы бір міндет – тұрғындарға мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру. Оның ішінде, электрондық форматқа көшіру, облыста электрондық қызмет порталын құру, мұнда тұрғындарға қызметті жеткізіп берушілермен тікелей хабарласу мүмкіндігі туады. Мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін оңтайландыру және рұқсат құжаттарын қысқарту жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.
Білім беруді жаңғырту, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі көптеген міндеттер шешілмек.
Үстіміздегі жылы Қарағандыда «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ашылатын болады.
Оқу үрдісін автоматтандыру жөніндегі өңірлік жобаны енгізуді аяқтап, оқу орындарының компьютерлік парктерін ауқымды жаңғырту мен ұлғайтуды бастау қажет. Ауыл жастары үшін кәсіби білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджет есебінен әрқайсысы 100 орындық жатақханасы бар Киевка мен Осакаровка кенттерінде, сол сияқты Қарағандыда үш кәсіптік лицейдің құрылысын салу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен толық көлемде қаматамасыз ету, бөлінген бюджеттік қаражатты мерзімінде игеру жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады. Бұған қоса үстіміздегі жылы республиканың ақпараттық жүйесіне интеграциялай отырып, облыстағы денсаулық сақтау саласында бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу қажет.
ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, АӨК сияқты салаларда кем дегенде 25 жоба енгізілетін болады. Бұл өнеркәсіптік өндіріс көлемін 3%-ға арттыруға, 1700 жұмыс орнын құруға, негізгі капиталға инвестицияны 40 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қарағанды қаласының Индустриялық паркі аумағында Елбасының Жарлығымен құрылған «Сарыарқа» Арнайы экономикалық аймағы өсімнің жаңа нүктесі болмақ. Мұнда бәсекеге қабілетті тауарларды шығара отырып, жаңадан жаңғыртылған өнімдер жүзеге асырылады.
Тек Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ғана емес, сонымен қоса алыс шетелдердің де нарығын жаулап алу үшін «Экспорт – 2020» бағдарламасында, оның ішінде шикізат емес сектор үшін экспорттық гранттар ұсыну жөніндегі өңдеуден өткен экспортты дамыту және алға жылжыту жөніндегі шаралар белгіленген. Мұнымен қатар, бір мезгілде «Өнімділік – 2020» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі жұмыстар да жалғасу үстінде.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар да жүргізіле береді. 2012 жылы осы бағдарлама бойынша 2 млрд. теңге бөлінді, бұл 100-ге жуық жобаны қолдауға, сол сияқты бұрыннан бар жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Біздің облысымыз үшін екі темір жол – Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл желісінің құрылысын салу жөніндегі жоба болып табылады, бұл туралы Елбасы өзінің халыққа Жолдауында айтқан болатын. Қарағанды облысының аумағында бұл темір жол желілерінің ұзындығы 500 км жуық болып, 300 млрд. теңгені құрайтын болады. Жобаны жүзеге асыру жергілікті еңбек ресурстарын, құрылыс материалдарын, жабдықтар мен техниканы пайдалануға мүмкіндік туғызады. Бұдан соң құны 130 млрд. теңге тұратын Кешенді жоспар есебінен Жезқазған өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түбегейлі өзгеріске түсетін болады. Бұл радуситті, темірді, кен орындарын игеруді, Шұбаркөл разрезінен көмір өндіруді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Облыс агроөнеркәсібінің алдында да жауапты міндеттер тұр. Үстіміздегі жылы олардың:
- ауыл шаруашылығы дақылдарының жер көлемін ұлғайту және картоп егетін алаңды 7 500 гектарға, көкөністі 1 800 гектерға, май өндіретін дақылдарды 8 500 гектарға жеткізуі;
- жылыжай шаруашылығын дамытуы және жабық топырақта көкөніс дақылдарын егуді 36 гектарға жеткізуі қажет.
Еттің экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында тұқымдық мал өсіруге арналған 2 алаң құрылып, жалпы саны 4 мың малға арналып, Бұқар жырау, Жаңаарқа және Осакаров аудандарында ірі қара бордақылайтын 3 алаң ұйымдастырылатын болады. Екі құс фабрикасы – Бұқар жырау ауданында қуаттылығы жылына 5 мың тонна, құс етін өндіретін «Салауатты өнім» компаниясы және Жезқазған қаласында қуаттылығы 9400 тонна, құс етін өндіретін «Капитал Проджекс» компаниясы іске қосылатын болады. Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының базасында 1000 жылқыға арналған жылқы фермасы құрылады.
Сөзімнің соңында белгіленген барлық бағдарламаның, облыстың одан әрі дамуы, халықтың әл-ауқат жағдайының өсуі биліктің барлық буындарының жинақы және нақты жұмысына байланысты болатындығын баса айтамын.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың қол жеткен деңгейі, билік пен қоғамның өзара түсіністігі біздің барлық жоспарымыздың жүзеге асуы үшін қажетті алғышарт жасауына мүмкіндік туғызатындығы сөзсіз.

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
14 Қазан 2012
Караганда Другие города
+5 °C
без осадков,ясно
В, 5 м/с
14 Қазан 2012
Доллар США   150.53
Евро   195.25
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх