С.Ахметовтың «Орталық Қазақстан» газетінің 80 жылдық ерекесіне арналған салтанатты жиындағы сөзі, 4 қазан 2011ж.
Құрметті журналистер қауымы!
Құрметті оқырмандар!
Қадірлі қонақтар!
Елге танымал, әрқайсымыз сүйіп оқитын «Орталық Қазақстан» 80 жасқа толып отыр. Бұл - облысымыздың мәдени өміріндегі елеулі оқиға.
Мерейтойдың Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуі бұл шараға ерекше маңыз беріп отыр.
Басылым егемен еліміздің қалыптасуына, аймағымыздың дамуына, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеяларын насихаттауға үлкен үлес қосып келеді.
Газет материалдары облыстағы әлеуметтік - экономикалық реформалаларды терең талдаумен ерекшеленеді. Елімізде тыныштық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтауға, патриотизмге, адамгершілік қасиеттерге үндейді. Журналистер өңірде болып жатқан оң өзгерістерді шынайы, шығармашылық шабытпен жазып келеді.
Басылымның үлкен де ұлағатты, туған өлкенің дамуымен ұштасып жатқан тарихы бар. Газеттің негізін қалауға жерлестеріміз, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ғабиден Мұстафин мен Әлжаппар Әбішев, жалынды жазушы, публицист Сәттар Ерубаев үлестерін қосты. Олар өңірде қазақ журналистерінің жаңа шоғырын тәрбиелеп шығарды.
Газетті әр жылдары Жұмабай Орманбаев, Темірғали Нұртазин, Бейсенғали Тәйкіманов, Әбусаттар Бөлдекбаев, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов, Рымқұл Сүлейменов сынды белгілі публицистер мен ғалымдар басқарды. Осындай елге тұлға болған ағаларымыздың бірі Нұрмахан Оразбеков бүгін, міне, арамызда отыр. Олар қаламгерлердің бірнеше ұрпағын өсіріп шығарып, газеттің абырой – даңқын арттыруға көп еңбек сіңірді.
Сол жылдарғы сарғайған газет беттерінен өткір сын материалдарын, көркем очерктер мен мақалаларды кездестіруге болады.
Газет ұжымы елімізге танымал көптеген ақын, жазушы, көркемсөз шеберлері мен қоғам қайраткерлерінің қанаттанып, ұшқан ұясы болып табылады.
Тәуелсіздік таңы атқан тұста газеттің өмірінде жаңа дәуір басталды. Ел тарихына алтын әріптермен енген сол жылдардың оқиғалары басылым беттерінде шынайы көрініс тапты.
Міне, осы кезеңде «Орталық Қазақстанның» журналистері өздерінің кәсіби шеберліктерін жан - жақты көрсете білді. Жаңа нарықтық қатынастарды насихаттауға, демократиялық өзгерістерді енгізуге қызмет етті. Мемлекеттік, ұлттық мүдделер тұрғысында жазылған Ел мен Жер тарихы, ұлттық дәстүр, ана тіліміз бен төл мәдениетіміз мәселелері газет бетінен кең орын алды.
«Орталық Қазақстан» - республикадағы беделді газеттердің бірі. Сексен жыл ішінде жинақталған игі дәстүрлер мен бай тәжірибе де жеткілікті.
Олай болса басылымның редакциялық ұжымы мен тілшілері бұдан былай да елдің ұйытқысы болып, Елбасымыздың салиқалы саясатын іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды деген сенімдемін.
Аймақ өмірінің, оның тыныс–тіршілігінің айнасындай болған газет ұжымына жаңа шығармашылық табыстар, зор денсаулық, береке, бірлік тілеймін.
Мереке құтты болсын ағайын!
* * *
Ал, кез келген той сый-сыяпатсыз болмайтыны белгілі. Ендігі кезекте газет қызметкерлері мен авторларына Облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен арнайы ақшалай сыйлықты табыс етуге рұқсат етіңіздер.
Сонымен қоса газет ұжымына дайындаған арнайы сыйлығымыз бар. Халқымыздың тамаша дәстүрі – ат мінгізіп, шапан жабу. Ендеше мерейтой иелеріне темір тұлпардың кілтін табыс етеміз.
Қабыл алыңыздар, қымбатты достар! |