Облыс әкімі Ә.Қ.Құсайыновтың Кеншілер күніне арналған салтанатты жиналысында сөйлеген сөзі., 23 тамыз 2012 ж.
Құрметті кеншілер!
Қымбатты достар!
Қарағанды көмір бассейнінің тарихы сонау он тоғызыншы ғасырдан бастау алады. Нақтырақ айтқанда, 1833 жылы Аппақ Байжанов Қарағандыда алғаш рет «отқа жанатын қара тасты» кездейсоқ тауып алғанын жақсы білеміз. Міне, содан бастап Қарағанды тарихында жаңа кезең басталды.
Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеген уақыттан бастап біздің аймағымызда да жаңа кезең басталды. Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аса күрделі кезеңді бастан кешірдік. Алайда біздің қажырлы кеншілеріміз еңсесін түсірген жоқ, қиындықты қайыспай көтере білді. Елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына сенді. Дара тұлғаның болашақты болжаған реформаларын толық қуаттап, қолдау білдірді.
Соның арқасында сынақты жылдардан сүрінбей өтіп, облысымыз ел экономикасының локомотивіне, индустриалдық-инновациялық орталығына айналды. Бұған қоғам өмірінің барлық саласындағы ұланғайыр табыстарымыз нақты дәлел.
Әрине, осының бәрі, ең алдымен, қарапайым азаматтардың, осы залда отырған ардагер ағаларымыздың қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін. Сондықтан баршаңызға аймағымыздың, еліміздің экономикасын өркендетуге қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды айта отырып, кәсіби мерекелеріңіз -Кенші күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Сіздерге және сіздердің туған-туысқандарыңызға зор денсаулық, мол бақыт және еңбекте табыс тілеймін. |