С. Ахметовтың Қарқаралы ауданына барған жұмыс сапарында сөйлеген сөзі, 2010 ж.



Қарағанды облысының әкімі
С. Ахметовтың Қарқаралы ауданы
 жұртшылығымен кездесудегі сөзі
қаңтар 2010 жыл

Ардақты ағайын!
Қадірлі қауым!

    Қазақ жерінің аңызға толы тарихында, елінің ерлікке толы шежіресінде Қарқаралы өңірінің алар ерекше орыны  бар.
    Жаратушымыз ерекше қылып, бар сұлулық пен әсемдікті бере салған бұл өңірді талай ақын жырға қосқан. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы», - деп Мәди бабамыз жырлап кетсе, ұлы жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поямасын жазған.
    Таулар, таулар қашаңғы қасқа алыптар,
    Мендей сені сезді ме басқа жұрттар.
    Ақ шашты әжем секілді тұрып алды
    Қарқаралы басында ақша бұлттар,-
деген жолдармен ұлы ақынымыз Сырбай Мәуленов Қарқаралыдан алған әсерін осылай суреттеген.
    Алыстан көз тартып, мұнартқан көгілдір таулар, Сарыарқаның төскейіне төге салған маржандардай сұлу көлдермен бірге, көне заманнан келе жатқан әсем ормандар жер біткеннің жаннатындай! Бұл өлкенің табиғаты әсемдігімен жаныңды жаулап, небір түрлі- түсті формаға енген  құз жартастар қиялдарға жетелейді.
    Көк таулардың арасынан ерекшеленіп, көз тартып тұратын осы төңіректің ең биік, әсем шыңы, Қарқаралының символындай болған бір кездері «Жиренсақал», «Комсомол шыңы» деп аталса, бүгін халық «Қарқаралы шыңы» деп айтады. Қай жағынан келіп қарасаң да бұл шың әр түрлі формаға еніп, құбылып, кескін келбетін өзгертіп тұрады. Аттары бірінен бірі өткен Бұғылы, Шаңкөз, Көктөбе таулары шынында, жер ананың «Қарқарасы» сияқты.
    Қарқаралының оңтүстік-шығысында Кент таулары, ал одан шығысқа қарай Балқантау сілемдері жатыр. Осылардың барлығы да -ғажап сұлулықтың мекені.
    Адам баласы жер бетінде пайда болған кезде-ақ Қарқаралы жерін мекен еткен. Бұл туралы деректерді көптеген аңыздар мен әңгімелерден естісек, көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан жүргізген  қазба  жұмыстарының  нәтижесінде, қала маңынан, ғылыми тұрғыдан өте құнды болып саналатын, жабайы адамдардың бірнеше мекенінің орны табылған. Бұл мекендер Суықбұлақ басында және Мәліксай маңында табылған.
Ежелгі тарихы бай Қарқаралының тарихи-сәулеттік шежіресі  3 мың жылдан тамыр тартыпты. Кент тауындағы көне елді мекен орнына (Протогород)- 2 мың жылдан астам.
Әлемге әйгілі ғұлама-ғалым Әлкей Марғұланның ғылыми экспедициясының деректеріне қарағанда бұл өңірде 40 буын ауысыпты. Қазір сол тасқа түскен тарихи шептен, «Суықбұлақ», «Қарқаралы-1» және «Қарқаралы-2» атты қазір зерттелген ерте замандағы қоныстар дәуірінен бері есептегенде 60-шы ұрпақ ғұмыр кешуде екен. Өңірде 400-ден астам тарихи-сәулеттік ескерткіштер тіркелген. Қарқаралы тауында 200 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы кезінде еңсегей бойлы ер Есім, салқам Жәңгір салғызған ұзындығы 5 шақырым «қалмақ қорғаны» деп аталатын қорған іздері сақталған. 400 жыл бұрын тұрғызылған осы бекіністі тұрғызуға шамамен 100 мың тас плита жұмсалған екен.
Қарқаралы өңірінен пана тапқан, ғашықтар мекені-  әйгілі Қызыл Кеніш сарайы- көне тарихи-сәулеттік және мәдениеттің ескерткіші болып саналады.
    Халық  жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» романында ұлы қазақ ханы Абылай заманында Қарқаралыда дәстүрлі хан кеңесі шақырылып, онда қазақ ордасының стратегиялық бағыттары тұжырымдалатыны архивтік деректерге сүйеніп жазылған.
    Қасиетті өңір, қазақтың кемеңгер-ойшылы, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы би, ұлағатты сөздері ұрпақтан ұрпаққа жеткен Қаздауысты Қазыбек биді берген.
      Он жетісінде мың басы атанып, қаһармандықпен аты шыққан Шор Матақ және Сеңкібай батырдың даңқтары сол дәуірде барша қазақ даласына тараған. Қарқаралы халқының, ержүрек Ағыбайдай батырларының атақты Кенесары, Саржан бастаған азаттық жолындағы қозғалысқа белсене қосылғаны мәлім.
Қарқаралы жері - шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, Шөже ақынның, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің елі.
Тарихи деректерге сүйенсек, тау сілемдерінің етегін ала ағып жатқан шағын өзеннің табанында орналасқан елді мекен үстінен Орта Азия мен Сібір аралығындағы ұлы керуен жолы өткен.
    Қарқаралы өңірінің тарихын зерделегенде, оны бір аудан көлемінде шектеу дұрыс емес. Қарқаралы дуан, уезд болып тұрғанда, сонау Шу өзенінен бастап Ақшатау, Мойынты, Ағадыр, Ақсу-Аюлы, Бұғылыны қамти келіп Шыңғыстауға дейінгі ұлан-байтақ аймақты алып жатқан аса ірі әкімшілік құрылым болған. Алғашқында 20 мың отбасы, 60 мың адам мекен еткен дуан халқы 1850-жылдары 146 мыңға, XIX ғасырдың соңына қарай 172 мыңға жеткен.
      Дуан қарауындағы болыстар сол өңірді мекендеген Шаншар, Қарауыл, Алтай, Байбөрі, Қарсон-тағай (көбі Қаракесек), Қоңырат-Арғын тобықты, Тарақты сияқты ру аттарымен аталған. Кейіннен Қарқаралы уезд ретінде аймақтық ірі құрылым болып болған кезде болыстар- Шұбартау, Нұра, Қызылтау, Ақшатау, Балқаш, Тоқырауын, Едірей, Берікқара, Ақсары, Кент, Темірші, Абыралы, Дегелең деп аталып, жер, тау-өзен аттарын иемденген.
Бұл өңірді аралап, тамаша қолжазбаларында естелік қалдырған қазақтың біртуар ұлы, тұңғыш этнограф, зерттеуші- ғалымы, Орыс Географиялық қоғамның мүшесі, Абылай ханның шөбересі, Шоқан Уалиханов тамаша табиғаттың әсемдігіне керемет сүйсінген екен. Шоқанның Қарқаралыға екі рет келгені белгілі. Біздің өлкеде жүргізген баға жетпес зерттеу жұмыстары туралы естеліктерін ғалымның шығармалар жинағынан оқуға болады.
    Белгілі ғалым Семенов-Тяньшанскидің редакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан «Ресей империясының географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі» Қарқаралының атағын асқақтата түседі.
    Қарқаралы өңірі туралы көп құнды деректер қалдырып кеткен поляқтың белгілі демократы А.Янушкевич ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды алғаш көргенде, аға сұлтанның, табиғатынан асқан ойшылдық пен кемеңгерліктің, үлкен ақылдың иесі екенін бірден аңғарған ғой.
    Құнанбай қажы - Қарқаралыда көктөбелі, күмбезді мешіт салдырып, өз атын ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен кемеңгер.
    Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында бұл туралы көркем де тартымды сипат берген. Бұл мешіт мұсылмандардың діни орталығы болып көп жылдар қызмет етті.
    Кеңес өкіметі дәуірінде бұл ғимарат өз қызметін тоқтатып, кейіннен мүлдем құлап қалған еді. Тек туәелсіздік таңымен келген демократиялық өзгерістердің арқасында Құнанбай қажы мешіті қаз қалпына келтіріліп, бой түзеп, кезінде Құнанбай өз көзімен көргендей боп безендіріліп, бүкіл мұсылман қауымы мен тарих тағылымдарын  қастерлей білген барлық адамдарға есігін айқара ашты. Бүгінде Қарқаралыға ат басын тіреген ірі мемлекет қайраткерлерінен бастап, өнер мен мәдениет саласының майталмандары, кәсіпкерлер, жалпы қонақ болып келген мұсылман қауым мешітке соғып мінажат етеді.
    Қарқаралының тарихы Абайдың есімімен тығыз байланысты.
    Қарқаралыдағы «Абай тоқтап түскен үй» өңдеу-жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен соң, түрленіп, әсем қалпына енді. Бұл ғимарат та тарихи-мәдени, архитекуралық ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған.
    Орыстың тамаша саяхатшысы, жазушысы М.М.Пришвин ең алғаш «Қозы-Көрпеш- Баян сұлу» қиссасын Қарқаралы қаласына 1909 жылы келген сапарында осы төңіректе естіп, жазып алған. Саяхатшы «Қара араб», «Черный араб» очеркінде осы өлкеден естіген жұлдыздар туралы аңыздарын ерекше, сүйсіне сипаттайды. «Сол жұлдыздар көрген адаммен жол бойы еріп отырған екен. Кім біледі, күндердің бір күнінде, Нева даңғылымен келе жатып, мен дәл сол жұлдыздарды мүмкін,  тағы көрермін», деп, саяхатшы  сағына жазған екен.
    Орыстың саяхатшысы Г.Н.Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде бұл өңірде, көпес Рязанцевтің үйінде тоқтағанын жазған. Сол заманның қалың оқырман қауымы, алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы, әлі де зерттелмеген үңгірлер мен қорғандарының құпиялары туралы оқып, естіп, ынтыға түседі. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті. Бүгін де ғимаратта аудандық кітапхана орналасқан.
    Қазақ әндерін тамсана зерттеп, нотаға түсіріп, жинақтаған Александр Затаевич те бұл өңірде болған. Өзінің жалпы жинаған әндерінің 154-ін осы Қарқаралы өңірінен жазып алған. Қазақ әндерінен алған әсері соншалық, француздың атақты жазушысы Ромен Ролланға жазған хатында: «Даланың әсемдігін, әсіресе атақты Қарқаралы даласының сұлулығын мен өзімнің нашар французшаммен сізге жеткізуге батылым бармай отыр»,- деген екен А.Затаевич.
Қаланың мәдениеті мен экономикасының өсіп нығаюына Қоянды жәрмеңкесі зор ықпал еткен. Ата-бабамыздан жеткен әңгіме-аңыздарға сүйенсек, атақты Қоянды жәрменкесіне «айдалып келген малдан жер қайысып, қымыз көл-көсір боп ағады екен». Қоянды жәрменкесі, қазақ ұлттық мәдениетінің рухани орталығына айналады.
  XIX-XX-ғасырларда Қоянды жәрмеңкесі - қазақ өнерінің өзінші бір астанасына айналған. Жәрмеңкеге жиналған  мыңдаған халық исі қазақтың ғажайып өнерпаздары Біржан мен Майраның, Әміре мен Исаның, Ғаббас пен Мәдидің, әлем чемпионы Қажымұқан мен ұлы актер Қаллекидің өнерін тамашалаған. Жәрмеңкеде ұлы Абайдың өшпес ізі жатыр.
      Жәрмеңке - аса ірі мәдени орталық болған. «Халық үйі» жұмыс істеп, осындағы оқу залында 3300 адам оқырман ретінде тіркелген. Өткен XIX ғасырдың 90-шы жылдары Қарқаралы қаласында көпшілік кітапханасы ашылған. Осында 15 түрлі атаудағы 460 том мерзімдік басылымдар тіркелген.
     Қарқаралыда Санкт-Петербург университетін алтын медальмен бітірген қазақтың тұңғыш құқықтанушы-заңгері Жақып Ақбаев қызмет атқарды.
    Қарқаралының тағдырында, білім беру саласының дамуына айтулы үлес қосқан, қазақтың бір туар ұлы, ғалым-математигі әрі мемлекет қайраткері Әлімхан Ермековтің алар орны ерекше. Қарқаралыда мектеп бітіріп, білім алып, кейін қайта оралып келіп қызмет істеп, мектеп салдырып, педагогикалық техникум ашқызған да Әлекең еді. Сол бір қиын кезеңде, В.И.Ленинмен бірнеше рет кездесіп, Ресей өкіметінің отырысында бұлтартпас дәлелдер келтіріп, баяндама жасап, Қазақстанның территориялық біртұтастығын сақтап қалуға, бүгінгі күнгі шекарасын бекітуге қол жеткізген Әлімхан Ермеков еді.
    Қарқаралыда ұлтымыздың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың Ақтерек ауылында ол кісінің салдырған, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан мектебі бар.
Көптеген білімді адамдар мен атақты ғалымдар білімге алғаш қадамдарын Қарқаралыда жасаған. Олар елімізге белгілі академик А.Сағынов, Қазақстан Ғылым академиясының Президенті Ш.Шөкин, академик А.Жәутіков, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Машанов, оқу министрі болған Д.Сембаев. Қазақстан ғылымына А.Рақышев, Б.Алдажұманов және басқа да көптеген ғалымдардың сіңірген еңбегі мол. Ағалар жолын бүгінде геология ғылымдарының докторы Т.Диденко-Кислицина, медицина ғылымдарының докторлары Г.Тарабаева, Т.Сейсембеков, А.Әбдірахманов, С.Иманқұлов, математика ғылымының докторы А.Дұрмағанбетов лайықты жалғастырып келеді.
    Қарқаралыда туып, орта мектепті бітіріп білімге қанат қаққан Манат Жақсыбергенұлы Толымбеков техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды.
    Қарқаралы – ақындар елі. Ол - найзағайдай жарқылдап өткен, сазгер, сері, ақын Мәдидің елі.
    Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұл менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай,
Мен Мәди құғын көрген Арқадағы,-
деп шырқап кеткен Мәдидің атағы мен даңқы сол кезде шынында таңғалуға тұрарлық еді. «Бүкіл Қарқаралы өңірі Мәдидің әнін салуда...», деп жазған екен Григорий Потанин 1914 жылы өзінің күнделіктерінде. Атақты «Қаракесек» әніне профессор Ахмет Жұбанов та өте жоғары баға берген.
    Ақындар мен жазушылар елі деген атақты Қарқаралы 20-ғасырда да жоғалтқан емес.
    Дауылпаз ақын Қ.Аманжолов Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қарумен қоса қолдан қаламын да түсірмей, жырлап өткен.
    Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
    Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
    Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
    Ақын болмай, тасың болсам мен егер,-
деп жырлаған Қасым туралы, ұлы Мұқаң: «Қасым Аманжолов- ғажап ақын! Ол жазған өлеңдерді сүйіп, қастерлеп оқыңыздар!»- деген.
    Аттары Қазақстанға мәлім жазушылар Ә.Әбішев, Қ.Сатыбалдин, Ж.Өмірбеков, С.Ләмбековтер, жаңашыл прозашы Дидар Амантай да осы өлкенің тумалары.
    Аға ұрпақ ақын жазушылардың ісін жалғастырып, Қасымның  көзіндей болып танылып келе жатқан белгілі қазақ ақыны Серік Ақсұнқарұлы -      осы елдің азаматы. Серік ақын өзінің «Автопортретінде»: «...Қарқаралының Қызыларай тауы етегінде дүниеге келіппін», - деп жазады. Ең көлемді және белгілі өлең - жырлары мен шығармаларын Серік ақын осы Қарқаралыда жазған. Өзінің Қарқаралысын Пушкиннің Болдиносымен теңеген Секеңнің «Шайтанкөл» әнін бүкіл қазақ жастары айтып жүр.
    Өнердің қайнар көзі болған Қарқаралыда - қазақ ұлттық театрының  негізін қалаған ұлы актер Қалибек Қуанышбаев, күміс көмей әнші Жүсіпбек Елебеков, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова, Рахия Қойшыбаева, Мақпал Жүнісова, талантты әнші, Республикаға еңбегі сіңген қайраткер Мейірхан Адамбеков туған.
      Қарқаралының «Салтанат», «Балқантау саздары» «Қайран жастық», «Балдәурен», «Аңыз» ансамблдерінің атақ-даңқы облыс, республикаға әйгілі. Қарқаралыда сонау 1920 жылдардан бастау алатын халық театрының игі дәстүрін бүгінде аудандағы 7 халықтық өнер ұжымдары дамытып, жалғастыруда. Осынау жылдар шеруінде Қарқаралы өнерін биікке көтерген Баймұқаш Қалабаев, Шабал Бітебаев, Атығай Шанин, қазіргі жастар Сержан Мұсайынов, Ержан Найманбаев сынды  ондаған өнер саңлақтарын мақтан етсек, артық болмас. Қарқаралының тамаша өнерпаздары, келесі жылы құрылғанына 40 жыл толғалы отырған атақты «Салтанат» ансамблі Франция, Германия, Болгария сияқты шетел тыңдармандарын биік өнерімен тәнті етті.
Қарқаралы Қазақстандағы тарихи оқиғалардың  үнемі бел ортасында болып отырған.
    XX ғасырдың  20-30-шы жылдары Қарқаралыда көрнекті мемлекет қайраткерлерінің үлкен шоғыры қызмет жасаған.
      Солардың ішінде Қарқаралы-Балқантау тумасы Нығмет Нұрмақов кейіннен Мәскеуде Бүкілодақтық атқару комитетінің ұлттар бөлімінің меңгерушісіне дейін өскен. Тағы бір тумамыз Мұхаметқали Тәтімов Қазақ республикасының еңбек және денсаулық сақтау министрі болған. Қазақ   Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Даниял Керімбаев -  Қарқаралының тумасы.
      Тарихтың даму барысынан белгілі, Алаш қозғалысының екі орталығы болды десек, соның бірі - Семей, екіншісі - Қарқаралы. Қарқаралыдан Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, осында дәріс оқыған Ахмет Байтұрсынұлы исі Алаш қозғалысының рухани көсемдері болған.
      Қасиетті өлкені «батырлар елі» деп тегін айтпаған шығар. Ұлы Отан соғысы жылдары Қарқаралыдан мыңдаған адамдар қан майданға аттанып, небір ерлік үлгілерін көрсеткен. Жалындаған самолетін жау әскерінің төбесіне жасындай қылып түсіріп, отан үшін жанын қиған, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің, Ұлы Отан соғысында Днепр өзенін  алғашқылардың бірі болып өтіп, ерлік көрсеткен үшін Кеңес Одағының батыры атанған Мартбек Мамыраев ерліктері ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.
    Соғыс жылдары Ленин орденімен, үш рет Қызыл Ту, Александр Невский ордендерімен марапатталған және Кеңес Одағының батыры атағын алған гвардия майоры Петр Иосифович Теряевтің ерлігін қарқаралылықтар мақтаныш етеді.
    Ұлы Отан соғысында қыршын кеткен, Ленин орденімен наградталған, капитан Ленинград қаласын қорғауда ерлікпен қаза тапты.
      Қарқаралылықтар соғыс майдандарында қаһармандық пен ерліктің үлгісін көрсетсе, тыл еңбеккерлері, әйелдер мен жасөспірімдер де сондай табандылықтың тамаша үрдісін көрсеткен. Соның айқын айғағы - Қарқаралы ауданы ауыл шаруашылығында қол жеткізген көрнекті табыстары үшін 1942-1943 жылдары Бүкілодақтық және облыстық Ауыспалы Қызыл туға әлденеше мәрте ие болған.
      Ұлы Отан соғысы аяқталысымен Қарқаралының 30-дан астам малшылары мен Қарағанды шахталарында еңбек етіп жүрген ерлеріне сол уақыттағы ең жоғары атақ - Социалистік Еңбек Ері атағы берілгені ел есінде. Олардың алғы сапында Аңдамас Айтжанов, Төлеген Жүнісов, Жайсаңбай Құлкин, Оспан Кәкетаев, Шәкәрім Қалиев, Саркен Қалпақов, Бәшір Нұрмағанбетов, Ыбырай Тоққожин, Сәкен Шоманов, Ыспан Ысқақов, Жақыпбек Бейсенбаев сынды еңбек қаһармандары болды. Бүгінгі күні осы шоғыр ішінен екі Социалистік Еңбек Ері - Нұрбақыт Қабдыкәрімова мен Сайлау Біләлов ортамызда аман-сау, құрметке бөленіп жүр.
      Бір өңірден 50-ге жуық Батыр мен Ердің топтаса шығуы сирек-ақ шығар. 
      Қарқаралының тағы бір заңды мақтанышы -  әлемдегі ең ұшқыр МИГ-29-ды «Тбилиси» крейсерінің аядай палубасынан көкке самғатып, ойдағыдай қондырған, түрік дүниесінің тұңғыш ғарышкері ғылым докторы, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровті айтуға болады.
    Еліміз егемендік алғаннан соң Қарқаралы шежіресінің жаңа парағы басталды. Көптеген қарқаралылықтар бұл күндері мемлекеттік қызметтерде, экономика мен бизнес саласында жемісті қызмет атқарып туған жері мен отанына пайдасын тигізуде.
    Кезінде Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған, бүгінде Парламент депутаты С.Тұрсынов, Рауан Шаекин, белгілі димпломат Н.Ыдырысов, Қазақстанның тұңғыш адмиралдарының бірі К.Әбікеев те Қарқаралының тумалары.   
      Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен оның атақты, тарихи аумағы Қарқаралы өңірінің жаңа даму кезеңі басталды. Сол тұста ауданда 23 совхоз, 83 мың ірі қара, 615 мың қой-ешкі, 31 мың бас жылқы болды. Аудан халқының саны Егіндібұлақпен бірге 70 мыңнан асты. Әрине, 1992 жылы басталған өтпелі кезеңнің қиындықтары Қарқаралы ауданын да айналып өткен жоқ. Егіс көлемі қысқарып, мал басы азайды. Өндіріс орындары жабылуға шақ қалды. 5-6 жыл ішінде Қарағайлы халқы екі еседен көпке азайып кетті.
      Бірақ, өршіл рухты халқымыз уақытша қиындықтарға мойымады. Жасампаз өмір жалғаса берді.
      Аудан бойынша игілік нышанын байқататын толымды да тұшымды өзгерістер жаңа ғасыр басында, яғни 2000 жылдан басталды.
      Қарқаралы өңірінде өндіріс ошақтары шоғырланған Қарағайлыға ірі инвесторлардың келуі - өлкенің әлеуметтік-экономикалық ахуалына игі ықпалын тигізді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл 1195,3 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 108,9 пайыз болды. Жалпы салынған инвестиция көлемі барлық қаржыландыру көздері мен әлеуметтік бағдарламалар есебінен 2,7 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес көлемі өсуде. Қазір ауданда 1400 шағын бизнес өкілдері тіркеуде тұр.
      Жұмыссыздық азайды. Мал басы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өсуде. Аудан бойынша егістік көлемі 70 мың гектарға жетті.
      Қарқаралыны таяу жылдарда туризм, тарихи-мәдениет және сәулет ескерткіштерінің ірі орталығына айналдыру жөніндегі жобалар іс жүзіне асырылуда. Қарқаралы қаласы шағын қалалар бағдарламасына кірген. Қарқаралы өңірінде алғашқы орман шаруашылығының  құрылғанына 125 жыл толады. Туризмді дамытудың бас жоспары бойынша ұлттық парктің аумағын 170 мың гектарға  дейін ұлғайды.
Бүгінгі таңда тарихи қаланың мәртебесін, сәулет-көркін көтеру бағытында бірқатар ірі шаралардың іске асқанын айтсақ, қаламыздағы «Батырлар аллеясы», «Қарқаралы-Бәйтерек» «Сарыарқа ұшқыштары» кешені жаңарып кеңейген стадион, соңғы үлгімен салынған аурухана-емхана, 140 балалық балабақша ғимараттары, лицей, көптеген сауда, тойханалар, тұрғын үйлер, қалалық су жүйесі, салынып, халқымыздың игілігі үшін жұмыс атқаруда. Қарқаралы аурухана жүйесінде 430 медицина  қызметкері еңбек етуде.
      Қарқаралының орталық кітапханасы - мәйекті ортаның мәртебелі ұясы. Аудандағы 50 кітапхана халыққа рухани қызмет көрсетуде. Аудандық кітапхананың қорында 40 мың кітап бар. 3000 оқырман-кітапханалардың айнымас достары. 
    Қарқаралы ауданының білім беру саласы да жақсы дамыған. Аудан бойынша 30 орта, 13 негізгі, 10 бастауыш мектептер жұмыс жасайды. Жыл сайын  Ұлттық Біріңғай Тестілеу қортындысы бойынша ауданның мектептері облыста бірінші болып келеді.
   Қазақтың қасиетті өлкесі- Қарқаралы туралы айтылар әңгіме, шертілер сыр көп-ақ. Ұлы қазақ даласының қасиетті, киелі өңірі - Қарқаралы халқының биік рухы алдағы заман-дәуірлерде де асқақтай береріне сеніміміз берік.
     


 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
15 Қазан 2012
Караганда Другие города
+7 °C
без осадков,пасмурно
Ю, 2 м/с
15 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
Наименование товара, фирма-поставщик, цена. Справочник фирм.
createmet.ru
Каталог коттеджей. Новости рынка недвижимости.
dnp-solnce.ru
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх