С. Ахметовтың Қ.Аманжолов ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзі, 09.09.2011ж.
Құрметті қауым!
Қадірлі әдебиет пен өнер майталмандары!
Қымбатты қонақтар!
Бүгін тек облысымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріндегі ерекше күн.
Біз алты Алаштың ардағы, аты аңызға айналған дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың еңселі ескерткішін ашуға жиналып отырмыз.
Қысқа ғұмырында халқының қалаулысы болған ақынның өмірі аласапыранға толы болды. Жастайынан жетімдік көріп, балалар үйінде тәрбиеленді.
Ұлы Отан соғысының бел ортасында жүрді. Сұрапыл майданнан аман оралған ақын тұрмыстың тауқыметін де аз тартқан жоқ.
Бірақ қанша қиындық көрсе де қайсар ақын қайыспай, шар болаттай шыңдала түсті.
Отанды, туған жерді сүюге үндейтін отты өлеңдерін, алмас семсердей жарқылдаған жалынды жырларын кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
Осындай қазақ поэзиясында есімі алтын әріппен жазылған ақиық ақынның туған жерінде ескерткішінің болмауы көпшілікті көптен ойлантып жүрген жағдай болатын.
Бүгін, міне, сол олқылықтың орны толды - ардақты арысымыздың ескерткіші бой көтерді.
Олай болса, қадірлі қауым, қуаныштарыңыз құтты болсын!
Қасымдай дара тұлғаны дүниеге әкелген халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! |