С. Ахмтеовтың Қарқаралыда Қасым Аманжолов тойының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі, 10.09.2011ж.
Қадірлі қауым! Ардақты ағайын!
Құрметті қонақтар!
Өнердің, ән мен жырдың алтын бесігі, қасиетті Қарқаралыға хош келдіңіздер.
Ұлы Қасым: «Уа, дариға алтын бесік, туған жер» - деп жырлап өткен өлкеде дүбірлі той басталды.
Бұл - от жүректі, семсер тілді Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы.
Қасым - қазақ әдебиетінде ерекше стилін қалыптастырған қаламгер.
Қасым - қазақ поэзиясына Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжаннан кейін зор жаңалық әкелген тұлға.
Оның жырларында қазақтың асыл сөзі көркем көрініс тауып, құлпыра түсті.
Алғашқы өлеңдерін Қасым Семейде жазғаны белгілі. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы да үлкен әсер етті. Осы қалада алғашқы махаббат жырларын жазды. Осында оның ақындық, әншілік, артистік таланты танылды.
Қасым ақындығымен ғана емес, әнімен, домбыра, сырнай, скрипка, пианино тартуымен белгілі болған сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болған.
Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Маяковский өлеңдерін аудару оның өсу жолын анықтай түсті.
Қасым Аманжолов - лирик қана емес, сонымен қоса эпикалық тынысы кең ақын. Оның жарқын көрінісі Отан соғысының сұрапыл кезеңінде жазылған "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасы. Бұл туынды Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарды.
1947 жылдан бастап Қасым қатты сырқаттанады. Бірақ қандай ауыр халде жатса да, ол өлең жазуын тоқтатпайды.
Ауруы меңдей түскен ақын 1955 жылдың 18 қаңтарында дүниеден өтті.
Өмірден ерте кеткенімен, Қасымның мәңгі жасайтын асыл жырлары қалды. Олар ақынның атын өшірмейді.
Оның куәсі - бүгінгі кездесу, Сарыарқа төсінде басталып жатқан дүбірлі той.
Баршаңыз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл шараға мемлекеттік маңыз берген арнайы құттықтауының куәсі болдыңыздар.
Түптеп келгенде бұл Арқа еліне ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ мереке.
Сондықтан Қасым туып - өскен Кент тауының баурайында Алты алаштың игі–жақсылары ақынның асыл мұрасын дәріптеуге жиналып отыр.
Бүгін – ғұмырын ұлт мұраты мен ұрпақ болашағына арнаған ақынның рухына тағзым ететін күн.
Бүгін - барымызды бағалап, ұлымызды ұлықтайтын, асылымызды ардақтайтын күн.
Осы қуанышты бөлісуге, Қазақстанның шартарапынан және бауырлас шет елдерден келген ақын – жазушылар мен ғалымдарға, мемлекет және қоғам қараткерлеріне, елге танымал азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін.
Алаш жұрты аман тұрғанда, қазақ халқы барда Қасым да мәңгі жасайтынына сенімдімін.
Той - баршамызға ортақ. Олай болса келген қадамдарыңызға гүл бітсін.
Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын! |