С. Ахметовтың «Дала мен қала» газетіне берген сұхбаты
Қарағанды облысының әкімі
Серік Нығметұлы Ахметовтың
«Дала мен Қала» газетіне берген сұхбаты
ҚАСИЕТТІ ҚАРАҒАНДЫ ҚАЗАҚ ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ
- Әкім мырза, Сіздің Президент Жарлығымен Қарағанды облысының басшысы болып тағайындалғаныңызға бір жылға таяп қалыпты. Осынау қысқа мерзім ішінде қандай мәселелер шешілді?
Ия, Қарағанды облысының әкімі қызметіне келгелі тоғыз айдың жүзі болды. Осы аймақта туып-өсіп, біраз қызмет атқарғаныммен бұл тағайындаудың жауапкершілігі өте салмақты екенін сезінемін. Сарыарқаның қысы қытымыр екені өзіңізге белгілі. Оның үстіне биылғы ол ерекше қатты болды. Қараша айының аяғына қарай жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап қаһарлы қыстан шығынсыз өту, халықты жылумен жарықпен үздікссіз және қажетті деңгейде қамтамасыз ету мәселелерін қолға алдым. Жалпы жаз айларында жүргізілген қысқа дайындық жүмыстарының сапалы өткізілуі боранды- бұрқасынды, аязды қыстан көп қиналмай шығуымызға жағдай жасады. Аймақтағы бүкіл мүмкіндіктерді дұрыс ұйымдастыру, нәтижелі пайдалану қытымыр қыстан халықты, өнеркәсіп орындарын, әлеумттік нысандарды зардапсыз алып шығуға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысы ел экономикасының аса маңызды аймақтарының бірі болып табылады. Оны Қазақстан индустриясының іргетасы деп атауының мәні осында. Облыста шешімін тауып жатқан шаралар Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында айтылған жалпыұлттық мүдделер және басымдылықтармен тікелей байланысты. Атап айтатын болсақ, экономиканың негізгі салаларын дамытуда мынадай бағыттарға баса назар аударып отырмыз. Аймақ экономикасын дағдарыстан кейіінгі дамуға даярлау; үдемелі индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту есебінен тұрақты өсуге қол жеткізу; ішкі саяси тұрақтылықты бекіте түсу; адам капиталына инвестицияны арттыру.
- Сіз «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы міндетін қоса атқарасыз. Көшбасшы партияның Өзіңіз басқаратын аймақта тындырып жатқан іс – шаралары жайлы оқырмандарымызды құлағдар етсеңіз.
Бізде «Нұр Отан» халық демократиялық партиясының Халықтық Платформасын, кезектен тыс ХІІ съездің, партияның Саяси Бюро Кеңесі шешімдерін жүзеге асыру жолында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Партияның облыстық филиалындағы мүшелер саны осы жылдың шілде айында 84320 адамға жетті. Олар 506 бастапқы партия ұйымдарына біріктірілген. Территориялық партия құрылымдары мен бастапқы партия ұйымдарының маңызы, белсенділігін арттыру мақсатымен бірінші аймақтық форум өткізілді. Онда «Ең үздік бастапқы партия ұйымы» конкурсының қорытындысы шығарылып жеңімпаздар анықталды. Оларға облыстық партия ұйымының дипломдары мен құнды сыйлықтар тапсырылды.
Облыста партия жоспарына сәйкес, құрамында 646 адам бар 124 ақпараттық – насихат топтары әрекет етуде. Олар кездесу, пікір алысу, «дөңгелек үстел» отырысы,семинар, конференция т.б. 2800 іс – шара өткізді. «Қазақстанның дағдарыстан соңғы инновациялық – технологиялық дамуындағы партияның ролі» деген тақырыпта жастарды патриоттық рұхта тәрбиелеуге бағытталған 69 пікірталас клубы өткізілді. Облыстық филиал өз жұмысында қазақстан қоғамын біріктіруге, соғыс және еңбек ардагерлерін құрметтеуге, халықтар достығын нығайтуға, Жеңістің 65 жылдығына, Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына, Ата Заңымыздың 15 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына, ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге т. б. маңызды шараларға арналған республикалық акциялар мен арнайы жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Серік Нығметұлы, индустриалды – инновациялық жобалар, «Жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2010»т.б. мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанына шолу жасап өтсеңіз.
Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалған үдемелі индустриалды – инновациялық даму Бағдарламасы шеңберінде облыстан индустрияландыру картасына ендірілген жалпы сомасы 75 миллиард теңгеден асатын он сегіз жоба жүзеге асырылуда.
Қарағанды облысы экономикасының негізін кен өндіру және өңдеу өнеркәсіптері құрайтыны белгілі. Аймақтың жалпы қосымша құнының 50 пайызынан астамы аталған салалар есебінен құралады. Осы ерекшелікті ескере отырып біз «Базалық өнеркәсіп салаларын дамытудың тұжырымдамасын» жасадық. Мақсат – шикізатты өңдеу және жоғарғы бөліністе бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруда озық әдістер мен технологияларды ендіруге бағытталған аймақтың қазіргі заманғы индустиялық жүйесін жасау.
Дәстүрлі салалармен қатар облыстың мамандануына болашағы зор өндіріс салалары да бар. Бұл арада сөз, машина жасау, металлургия комбинаттарының өнімдері, металл өңдеу, химия және фармацевтика өнеркәсібі, бейметалл құрылыс материалдарын шығару жайлы болып отыр.
Біз облысымызға ежелден тән дәстүрлі алты саланы, атап айтқанда: көмір өнеркәсібін; қара және түсті металлургияны; кен өндіру секторын; металл өңдеу және машинажасау; химия және фармацевтика өнеркәсіптерін; құрылыс индустриясын дамытуға баса назар аударып отырмыз.
Жоғарыда аталған базалық өнеркәсіп салаларын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру негізінде, мамандардың есептеуі бойынша 2014 жылдың өзінде, ішкі аймақтық өнімнің (ІАӨ) өсуі 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 32 пайызға, ал базалық салалардағы еңбек өнімділігі 111 пайызға артуы тиіс.
Келешекте сала кәсіпорындарындағы импорттың үлесін 55 пайыздан 35 пайызға төмендету,ішкі аймақтық өнім энергия шығынын 10 пайызға азайту, инновациялық өндірістер өсімін қолданыста барлары есебінен 6 пайыздан 10 пайызға дейін арттыру міндеттері қойылып отыр.
Алдағы бес жылда Тұжырымдама мен қолданыстағы Индустрияландыру картасы арқылы 104 индустриалды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Базалық салаларды дамыту тұжырымдамасы бизнес құрылым өкілдерімен және даму институттарымен бірге жасалды. Осының нәтижесінде инвестициялық жобаларды дамыту мен облыс инфрақұрылымын жақсарту және ресурстық әлеуетін арттыруға бағытталған байланыстың күшейе түсуі қамтамасыз етілді.
Тұжырымдама шеңберінде машина жасау бойынша мастер – план жасалды. Оның мақсаты - өнеркәсіптің осы саласын қайта қалпына келтіру, оның өнімдері үлесін технологиялық негізде жаңарту, еңбек өнімділілгін арттыру есебінен арттыра түсу. Осыған байланысты, 2014 жылға қарай, жалпы қосымша құнды 78 пайызға көбейту, және машина жасау саласында жұмыс істейтін әрбір адам үшін еңбек өнімділігін 59 пайызға арттыруға қол жеткізу көзделіп отыр.
Мастер – жоспарды нақты жүзеге асыру үшін өңірдегі машина жасау зауыттары, аймақтық ғылыми мекемелер мен Технопарк базасында «Қарағанды машина жасау консорциумына» біріктірілді. Егер алғашқыда консорциумға 7 машина жасау заводы кірген болса бүгінде олардың саны 18 – ге жетті. Бұл құрылымның таяу болашақтағы міндеті – машина жасау саласы кәсіпорындары мүмкіндіктерін бір бағытқа шоғырландыру, өндіріс кооперациясымен қатар сауда саясатын қамтамасыз ету, саланың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, аймақтық техникалық паркты жаңартуды жүзеге асыру.
Сонымен қатар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тарапынан да «Бірлескен машина жасау зауыты» ұйымдастырылды. Оның құрамына «Тау - кен машиналары зауыты», «Стандартты емес құрал жабдықтар мен шағын механикаландыру», «Тау – кен техникасы құрал – жабдықтарын жөндеу зауыты» және «Энергозауыт» кірді.
Консорциум шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелеріне қатысты нақты екі мысал келтіруге болады. Біріншісі, кен – шахта құрал-жабдықтарын шығаруды қолға алу. Екіншіден, коммуналдық және ауылшаруашылық техникасына арналған аспалы құрал – жабдықтар өндірісі.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Семей машина жинау зауытымен біздегі шығарылатын аспалы құрал–жабдықтарды тіркеу үшін жүз МТЗ – 82.1 тракторын жеткізу тұралы меморандумға қол қойылған. Консорциум шығаратын аспалы құрал – жабдықтардың басқа жақтан сатып алынатын осындай өнімдерден 7 – 11 пайызға арзан екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар бүгін біз КМҚК «Благоустройство» тарапынан ТОО «Машзавод 1» - коммуналдық техникалар үшін сыпырғыш щеткалар дайындау, Астананың «Вектор комбайн заводына» транспорттық арбашалар мен минералды тыңайтқыштарды ұнтақтайтын және шашатын жабдықтар жасауға келісім шарттарға қол қойылған.
Ал тау – шахта жабдықтарына келетін болсақ Польша машина жасау саласының өкілі «Глиник» фирмасымен бірігіп «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының көмір шахталар үшін модернизацияланған крептер шығару қоға алынуда. Тағы да бір маңызды жағдай. Аталған жабдықтарды өндіруде Қарағанды машина жасау заводтарының қатысу үлесі 50 пайыздан кем болмайды.
Айта кететін тағы бір ерекшелік, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясын мамандандыру барысында «Бірлескен машина жасау зауытының» қызметі кен – шахталық және металлургиялық құрал – жабдықтарды дайындау және жөндеу, машина жасау өндірісінің толық циклімен жұмыс жасауға бағытталады. Консорциум бұл жөнінде оларға көмектестін болады. Оған қоса консорциум, көтеру көлік құралдарын, оның ішінде жүк лифтілерін, энергетикалық және көліктік құрал – жабдықтарды, сондай ақ балама жылу беру агрегаттарын шығарумен айналысады.
Облыстағы кіші және орта бизнесті мемлекеттік «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде дамытуды аса белсенділікпен қолға алып отырмыз. Елбасы тапсырмасын орындау аясында, ірі өндіріс орындары мен компаниялар айналасында кіші және орта бизнес кәсіпорындары, шағын өндіріс орындарының тұтас жүйесін жасау қолға алынуда. Бұл шара тек қазақстандық мазмұнды күшейтіп қана қоймай, оның аймақ экономикасының өнеркәсіп саласындағы үлесін арттыра түсуге мүмкіндік береді.
Болашаққа бағытталған жобалар жайлы сөз ететін болсақ облыста халық тұтынатын өнімдерді шығарудың көлемін ұлғайта түсуге басым назар аударылуда.
Сөз жоқ, бүкіл елдегі сияқты біздың аймақта да индустриаландыру шараларының негізін инвестициялық жобалар құрайды. Қазақстанды индустриаландыру картасына енгізілетін жобалардың сапасына деген деген талаптың арта түсүіне қарамастан бізден аталмыш картаға жалпы құны 75 миллиард теңгеден асатын 18 жоба енгізілді. Бұл 2192 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Солардың ішінен «Қазақмыс корпорациясының» бөлімшесі болып табылатын «Қарағанды құю – машина жасау заводында» қосымша бөлшектер мен техника жинау «КазБелАЗ» өндіріс орны. Жаңа технологияға негізделген 3 гектар жерді қамтитын « Green Tehnology» жылыжай (теплица) құрылысы т.б. Аймақтық үйлестіру кеңесі аясында индустриаландыру картасын толықтыру әрі қарай жалғасын табады.
Жалпы құны 29 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба осы жылдың аяғына дейін іске қосылып 737 жұмыс орны ашылады. Шілде айының басында 6 жобаны жүзеге асырып үлгердік.
- Ауылдағы ағайындар облыс әкімдері ауылшаруашылығын ұмытты деп реніш білдіріп жатады. Сіздің де ауылдарға ат басын тіреуге уақытыңыз жетпей қалып жүрген жоқ па?
Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында алдағы онжылдықта экономиканы жедел дамыту сегменттерінің бірі ретінде агроөнеркәсіп кешенін ерекше атап өтті. Ал оның дамуы негізгі үш бағытта жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт - еңбек өнімділігін арттыру. Ауылшаруашылық тауарларының көлемін арттырып, сапасын жақсарту. Бәсекеге қабілетті, сапасы мен сұранысы жоғары өнім шығаруға қол жеткізу.
Екінші міндет - азық түлік қауыпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетке сай, 2014 жылы ішкі рыноктағы өтімділігі жоғары азық – түлік тауарларының 80 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс.
Алға қойылған үшінші міндет - өндірілген өнімдердің экспорттық әлеуетін көтеріп, олардың шетел рыноктарына шығуына жол ашу.
Облысымызда агроөнеркәсіп кешені алдына Елбасы тарапынан қойылған осынау міндеттерді жүйелі атқару мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылуда.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылық басқармалары, тағы да басқа мемлекеттік органдар, бүкіл селолық аудан әкімшіліктерінің қатысуымен «2010 -2012 жылдарға арналған ауылдық поселкелерді дамытудың үш жылдық бағдарламасы» жасалып, 2010 жылдың 4 мамырында облыс әкімшілігі қаулысымен бекітілді. Бұл құжаттың тұжырымдамалық негізі ретінде мемлекеттік инвестицияларды экономикалық жағынан жақсы дамыған селолық пункттерге бағыттау жолы анықталды. Яғни мектеп, аурухана, мәдениет, спорт кешендерін салуға, жол салу, сумен және энергиямен қамтамасыз етуді дамытуға арналған бюджеттік қаржылар, ең алдымен, тұрғындарының табыс деңгейі жоғары ауылдарға жіберілуі керек.
Әрбір ауылда монша, наубайхана, мәдениет, спорт нысандары болуына ерекше көңіл бөлініп, ондай обьектілер жоқ ауылдарға қаржылай көмек беру қарастырылған. Селолық аудан орталықтарында жол, қар тазалайтын коммуналдық техниканың болуына да баса назар аударылуда.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты биылғы егіннің түсімі көңіл көншітпеуі мүмкін, малға жемшөп дайындау мен дәнді дақылдарды ысырапсыз жинап алу да оңайға түспейді, күннің ысуы далалық өрттер қаупін күшейте түседі. Міне, осы аталған мәселелердің бәрін қаперде ұстап, тиісті шаралар қолдану жүктелді әкімдерге.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында облыста тұрақты даму бағыты айқындалып отыр. Мал өнімдерінің өсімі ұлғайып, малдың барлық түрі мен құстың саны көбеюде.
- Серік Нығметұлы, сіз бүгін ауылшаруашылығы өнімдерін қалаларға әкелдіріп, арзан бағаға сатқызуды ұйымдастырып жатырсыз. Дұрыс делік. Алайда қаланың өнеркәсіп орындары ауылға қол ұшін созбай отыр. Осы мәселе қалай шешімін таппақ?
Нарық жағдайында қандай да мәселе ұранмен емес нақтылы ұсыныс пен сұраныс заңдылықтары негізінде шешілуі тиіс. Олай болса ауылшаруашылық өнімдерін өз құнынан арзан бағаға сатқызу мүмкін емес, мұндай жол шаруа қожалықтарының дағдарысқа ұшырауына алып келеді.
Әкімдердің міндеті агроөнеркәсіп кешені, шаруа қожалықтары мен қаладағы сатып алушылар арасында жүретін алып-сатарлардың, делдалдардың, өнімнің бағасына әсерін мейлінше төмендетуге қол жеткізу. Яғни өнім бағасының өсуіне жол бермеу. Мұны қамтамасыз етудің әртүрлі әдістері мен жолдары бар. Ауыл шаруашылық кешені мен қаладағы өнеркәсіп орындары арасында тікелей келісім шартқа отыру, мемлекеттік азық- түлік қорларын жасау, шаруалар өнімін тікелей алып келіп сататын әлеуметтік базарлар, дүкендер, сату қатарларын ашу, ұйымдастыру.
Әрине бұл жерде мал, көкөніс,астық өнімдерінің өзара бәсекелестігі заңы шеңберінде сатылатыны белгілі. Демек, кімнің тауары сапалы, арзан, тартымды болса сол өндіруші жақсы нәтижеге қол жеткізеді.
Бізде бұл салада бітіріліп жатқан жұмыс аз емес. Айталық, 2010 жылдың бірінші шілдесіне дейін, облыста істеп жатқан 35 ауылшаруашылық тауарлары кешенінің өнімдері 311,4 миллион теңгеге халыққа делдалсыз, тікелей арзан бағамен сату қамтамасыз етілген.
Ал агроөнеркәсіп тауарларының сапасы жоғары бағасы төмен болу үшін жаңа техника мен озат технология пайдаланылуы керек. Міне бұл бағытта, әкімдердің жұмысы, мемлекеттік даму институттарын, банктерді, әртүрлі қорларды шаруаларға техника сатып алуға мүмкіндік жасау үшін кредит, грант бөлуге жұмылдыру.
Ауылды дамытудың пәрменді жолы, индустиалды –инновациялық жобаларды ендіру. Жыл басынан бері облысымыздың ауылды жерлерінде жаңа техника мен озық технологияға негізделген біршама өндіріс орындары іске қосылды.
Ірі өндіріс орындарының ауылмен байланысына келетін болсақ, бұл бағытта да ауыз толтырып айтар шаралар баршылық. Ол туралы арнайы әңгіме өткізуге де болады.
-Серік Нығметұлы, ауыл демекші таяуда Қарқаралы ауданындағы Кент тауы етегінен Есік, Берел қорғандарындағыдай алтын сауытты болмаса да, көптеген алтын бұйымдарымен көмілген адам табылды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында, Сіз «Ұлытау-Жезқазған өңірі алтын аймаққа айналса да артық емес»- деген тың ұсыныс айттыңыз. Қарқаралының көпшілікті дүр сілкіндірген, алтынмен көмкерілген адамы, Қарағанды облысының тегін аймақ еместігін аңғартып тұрған жоқ па?
Орталық Қазақстан ежелгі кен байыту мен қорыту орталығы болғанын мамандығым металлург болғасын жақсы білемін. Осы тұрғыдан алғанда облысымыздың бүгінгі металлургтері ата-бабаларының ежелгі мамандықтарын жалғастырушылар ретінде қаралуы керек сияқты. Зерттеушілердің айтуынша металл қорыту мен өңдеу ісін біз Европа мен Орталық Азиға қарағанда үш төрт жүз жылдай бұрын игерген көрінеміз. Қарағанды облысының әртүлі аймақтарынан табылып жатқан қазба жәдігерлері осының айғағы.
Ал Қарқаралыдан 44 шақырым жердегі «Талды 2» қорымынан табылған алтын заттарға келетін болсақ олар 2009-2010 жылдары жүргізілген Тасмола археологиялық мәдениетінің 6 сақ патшасы қорғандарын зерттеу кезінде табылған дүниелер. Қорған ерте заманда тоналғанына қарамастан, табылған бұйымдар ерекше ғылыми және мәдени құндылыққа ие.
Зерттеу жұмыстары қорытындысында жүздеген ұсақ алтын қабықша, түйіршіктерді санамағанда, 130 астам ірі алтын бұйымдар, 14 садақ жебесі, тас моншақтар табылды.
Табылған бұйымдар ішінде мысық тұқымдас жануарлардың әдемі мүсіндері, алтыннан жасалған белдіктің басы мен қапсырмалары, жыртқыш аң бейнеленген тығырықшалар, аспа белдіктердің алтын қапсырмалары, алтын сырға бар. Сонымен бірге киім ілдіргілері мен керемет жұқа алтын фольгалардың фрагменттері бар.
Ескерткіштің мерзімі біздің заманымызға дейінгі V1-V ғасырлар.
Ал Ұлытау - Жезқазған жерін алтын аймаққа айналдыру артық емес дегенде мен олардың Қазақ мемлекттігін қалыптастыру мен қазақты ұлт ретінде ұйытудағы роліне, ол өңірдің бүгінгі жағдайының сай еместігін айтқан болатынмын.
-Сіз Теміртауға әкім етіп жап – жас жігітті тағайындадыңыз. Жұртшылықтың түсінбей қалған жері осы болып тұр. Президент шыңдалған, өзі үнемі «Теміртау- менің бесігім»-деп мақтанышпен айтатын қаланың гүлдене беретініне сенімдісіз бе?
Теміртау қаласының адамды баурап алатын ерекше қасиеті барын тек осы қала тұрғындары ғана емес металлургтер қаласына жолы түскен әрбір кісі айтады. Самарқан поселкесі қасынан алып металлургия комбинатының салынуы Теміртау қаласының өмірге келуіне себеп болды, ал басым көпшілігі құрышшылар болып табылатын қала тұрғындары, Қазақстан Магниткасын тұрғызды. Яғни қаланы Магниткадан, комбинатты қаладан бөліп қарауға болмайды. Түптеп келгенде бұлар егіз ұғымдар.
Ал Теміртау қаласына осында туып, өсіп – жетіліп, білім алған, мамандығы инженер – металлург, жиырма жылдан аса Магниткада еңбекпен шыңдалу мектебінен өткен азаматтың әкім болып келуі аса қуанарлық және құптарлық жағдай деп ойлаймын.
Осы өткен жарты жылдың ішінде қаланың абаттанып, гүлденіп, құлпырып, көріктене тусуі бұл қаланың үлкен болашағынан хабардар етеді.
- Серік Нығметұлы Сіз әкім ретінде қызметке кіріскенде Қарағанды қаласындағы тұрғын үй құрылысына елеулі сын тақтыңыз. Айтылған сыннан қорытынды шығарылып отыр ма? Мысал келтірсеңіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қала оның әрбір тұрғыны үшін өз өмірінің көп бөлігін өткізетін орта. Үйде өтетін ұйқы, демалыс, тыныстаудан басқа әрбір сөткенің басым бөлігін біз жұмыста, қонақта, қыдыру мен серуендеуде өткіземіз. Олай болса қаланың тазалығы, жарықтығы, бау- бақшасы мен көгалдары, гүзарлары мен фонтандары адам көңіл күйіне ерекше әсер етеді. Қала көріністері не қуанышқа бөлейді, не мұңға батырып көңіліңізді пәс етеді.
Тұрған қалаңыз әдемі, сән – салтанатты, сәулетті, мәдениетті болса алыстағы таныс – біліс, ағайын- туыс, жолдас –жораларыңызды шақырып мақтанғыңыз келеді, ал көріксіз, лас, қараңғы болса келген қонақтан қысылатын халге жетесіз.
Қалада әрбір салынған нысан көп жылдар бойы тұратын болғандықтан, жан-жақты ойланбай, көпшілік болып кесіп- пішпей, оңды - солды сапасыз, сұрғылт дүниелерді тұрғыза беруге болмайды. Қала тек бізге ғана тиесілі емес, оны біз алдыңғы буын ағалардан мирас етіп алдық, келешек ұрпаққа табыс етеміз. Сонда ұятқа қалмау жағдайын есте мықтап ұсаған жөн.
Қарағанды қаласы Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдер ішіндегі әдемі қалалар санатына жатады. Оның салыну жобасын кезінде Москва, Ленинградтың озық ойлы сәулетшілері жасаған. Олар әрбір нысанға, көшеге, көпірге, үйге ерекше жауаптылықпен қарап сұрықсыз дүниелерге жол бермеген.
Менің айтайын дегенім қала дамуына жаңаша көзқарас керек. Бізде бақшалар, саябақтар, гүлзарлар, аллеялар, көгалдар, су бұрқақтар, көп болуы керек. Ол үшін қалада қажетті әдемі жерлер де, оларды салатын жағдай да бар.
Салынып жатқан үкен мешіт, «Бокс орталығы», «Үлкен теннис орталығы», «Мұз сарайы», «Католик шіркеуі» болашақ сәулет жобаларының бастамасы ғана. Ал қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары тұралы айтпай ақ қояйын, өйткені әрбір кісінің өз көзімен көріп, баға бергені жөн ғой.
Көптеген қарағандылықтар қазір ірі өнеркәсіп орындарымен жасалатын меморандумдар қағаз жүзінде қалмай іске асып жатыр деп қуанышын жасырмайды. Елбасы ерекше маңыз беріп отырған осы бір тапсырманың орындалуы барысымен таныстырсаңыз.
Аймақта жұмыс істейтін барлық ірілі-ұсақты өнеркәсіп орындарымен аудандық, қалалық, поселкелік әкімшіліктер әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған арнайы келісім шарт-меморандумға отыру тәжрибесі бар. Бұл аса маңызды құжат өндіріс орындарының әлеуметтік жауапкершіліктерін арттыруға бағытталған. Онда әртүрлі қажеттті нысандарды салу, маман дайындау, ардагерлерге, студенттерге, оқушыларға, көп балалы отбасыларына көмек көрсету сияқты арнайы тармақтар енгізілген.
Мысалы, «Қазақмыс корпорациясымен» жалпы сомасы 4 миллиард 202 миллион теңгеге жасалған меморандум 27 тармақтан тұратытынын атап өткім келеді. Оның ішінде кәсіптік лицейлер мен колледждерде оқитын болашақ мамандардың өнеркәсіп орнында кәсіптік тәжірибеден өтуіне, Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионын қайта құруға, «Орленок», Балқаш қаласындағы «Балқаш» балалар профилакторийлерін, «Жезқазған» профилакторийін қаржыландыру т.б. көптеген шаралар енген. Келісімшартқа енген барлық шаралар арнайы келісілген кестеге сәйкес уақтылы орындалып отырылады. Бүгінгі күнге, айталық, 2 ,5 миллиард қаржы игерілгенін атап өтуге болады.
Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына тарту ретінде «Қазақмыс корпорациясының» Теміртау қаласында 500 орындық мешіт пен православие шіркеуін салып бергенін де атап өткен жөн.
Енді бір әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қомақты қаржы меморандумы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамымен жасалған. Ол жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асатын жиырма іс-шараны қамтиды. Көптеген үлкенді- кішілі өнеркәсіп орындарымен осы бағыттағы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Барлығын атап өтудың мүмкіншілігі жоқ және ол қажет те емес шығар.
Серік Нығметұлы, соңғы сұрақ болсын: өзіңіз сұхбат беріп отырған «Дала мен Қала» газетінің мыңдаған оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?
Тілек көп қой. Қысқа қайырсам деп отырмын. Газеттеріңіз оқырман қауыммен бірге Елбасы алға тартқан ұлы жоспарлар мен міндеттерді орындау жолында, пәрменді ұйымдастырушы, насихатшы, үгітші ретінде жаңа табыстарға жете берсін.
Сұхбаттасқан
Айтбай Сәулебектегі
| |