С. Ахметовтың «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласы 18 қараша 2010 жыл



ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР ӨЛКЕСІ

Биылғы жыл аймақты әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмысымыздың негізгі бағыттарын белгілеп берген маңызды оқиғалармен айшықталды.
Олардың қатарында өзінің мән-маңызы жағынан алғашқы орында ел Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы десек артық айтқандық емес. Аталмыш құжат 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының шеңберінде алдағы онжылдықтың басты міндеттерін нақтылап берді.
Тағы бір маңызды оқиға деп Мемлекет басшысының Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, Қазақстан Магникасының 50 жылдығы мерекесіне арнайы қатысқаны дер едім.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы мерекесі бәріміз үшін айтулы саяси оқиға болды. Салтанатты шеруде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Конституция халық бірлігін бекемдеп, ортақ тарихи тағдыр біріктірген алуан түрлі этнос өкілдерін қазақ жерінде бір шаңырақтың астында ұйыстырды деп атап өткен болатын. Жалпы, халықтың ортасынан қайнап шыққан Ата заңымыз ел дамуының жасампаз негізіне айналды.
Сонымен қатар біз қазақ металлургиясының қара шаңырағы Теміртаудың мерейтойын атап өттік. Бұл - баршамыз үшін айрықша маңызға ие қалалардың бірі. Себебі, дәл осы жерде Тұңғыш Президентіміздің, Ұлт көшбасшысының еңбек жолы және саяси өмірі басталған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Магниткасына келуі, оның металлургиялық комбинат қабырғасында еңбек еткен жылдары тек осы кәсіпорын мен Қарағанды облысының дамуында ғана емес, бүкіл Қазақстанның өркендеуінде маңызды кезеңдердің бірі болды.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру Қарағанды облысының экономикасын дамытуға, оның өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға зор серпін берді. Оған аймақ дамуының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де нақты дәлел болады.
Облыстың аймақтық өнімінің жалпы көлемі 786 млрд. теңгеден асты. Экспорттық бағыттағы өнімге сұраныстың артуы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 6,6 пайызға өсуіне ықпал етті.
Жыл басынан бері 12 жаңа өндіріс іске қосылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.
Қазақстандық үлесті арттыру - үдемелі индустриалдық даму бағдарламасындағы ең басым бағыттардың бірі. Бүгінгі күні облыстың тауар өндірушілері ұлттық компанияларға 20 млрд. теңгеге жақын сомаға өнім жеткізген. Жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алу көлемдері 300 млрд. теңгені құрап, қазақстандық үлес 62 % шамасында болды. Бұлар көңіл толтырарлық көрсеткіштер.
Агроөнеркәсіп кешенінде де оң тенденция сақталып отыр. Ағымдағы жылы 330,5 мың тоннадан астам дәнді дақылдар, 117,6 мың тонна картоп және 180 мың тонна көкөніс жиналды. Мал шаруашылығындағы өсім 1,5 пайызға қамтамасыз етілді.
Биылғы жыл экономика өсімінің маңызды факторы - тұтыну сұранысының қалпына келуімен де ерекшеленді. Оны бөлшек тауар айналымы көлемінің 18,2 пайызға өсу көрсеткіші айғақтайды. Бұл ретте тұтыну сұранысының негізгі қозғалтқышы халықтың ақшалай кірісінің өсуі екендігін ерекше атап өткен жөн.
«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпы сомасы 7,3 млрд. теңгеге 27 жоба, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 446 млн. теңге мақұлданды. Сонымен қатар «Өңірлердің дамуы» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңге бағытталды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артып, 188,1 млрд. теңгеден асты. Экспортқа бағытталған секторлардағы өндірістің өсуі ішкі сауда айналымының 31 пайызға ұлғаюына ықпал етті.
Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Көлік жұмыстары көрсеткіштерінің де оң динамикасы қамтамасыз етілді. Тасылған жүктер көлемі 24,8 пайызға, жолаушыларды тасымалдау көлемі – 12,5 пайызға артты.
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жақсы көрсеткіштер бар. Дәлірек айтсақ, аналар өлімінің көрсеткіші өткен жылға қарағанда 5 есеге төмендеп, сәбилер өлімі 15 пайызға кеміген.
Халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі облыстық Іс-шаралар жоспарында қарастырылған көрсеткіштер орындалды. Жұмыссыздық және кедейшілік деңгейін төмендету жұмыстары қамтамасыз етілді.
Жылу беру маусымына облыстың барлық нысандары толық көлемде дайын. Қалалар мен аудандардың бюджеттік ұйымдары жеткілікті отынмен толық қамтамасыз етілді.
Облыстың барлық қалалары мен аудандары елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру бағдарламасын әзірледі. Ағымдағы жылы 114 мыңнан астам ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды.
Мемлекеттік үдемелі индустриалды–инновациялық даму Бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыста атқарылып жатқан шаруаларға арнайы тоқталып кеткім келеді.
Қарағанды облысы экономикасының негізін кен өндіру және өңдеу өнеркәсіптері құрайтыны белгілі. Аймақтың жалпы қосымша құнының 50 пайызынан астамы аталған салалар есебінен құралады. Осы ерекшелікті ескере отырып, және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде біз «Базалық өнеркәсіп салаларын дамытудың тұжырымдамасын» жасадық. Мақсат – шикізатты өңдеу және жоғарғы бөліністе бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруда озық әдістер мен технологияларды ендіруге бағытталған аймақтың қазіргі заманғы индустриялық жүйесін жасау.
Дәстүрлі салалармен қатар облыстың мамандануына болашағы зор өндіріс салалары да бар. Бұл арада сөз, машина жасау, металлургия комбинаттарының өнімдері, металл өңдеу, химия және фармацевтика өнеркәсібі, бейметалл құрылыс материалдарын шығару жайлы болып отыр.
Біз облысымызға ежелден тән дәстүрлі алты саланы, атап айтқанда: көмір өнеркәсібін; қара және түсті металлургияны; кен өндіру секторын; металл өңдеу және машинажасау; химия және фармацевтика өнеркәсіптерін; құрылыс индустриясын дамытуға баса назар аударып отырмыз.
Жоғарыда аталған базалық өнеркәсіп салаларын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру негізінде, мамандардың есептеуі бойынша 2014 жылдың өзінде, ішкі аймақтық өнімнің (ІАӨ) өсуі 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 32 пайызға, ал базалық салалардағы еңбек өнімділігі 111 пайызға артуы тиіс.
Келешекте сала кәсіпорындарындағы импорттың үлесін 55 пайыздан 35 пайызға төмендету, ішкі аймақтық өнім энергия шығынын 10 пайызға азайту, инновациялық өндірістер өсімін қолданыста барлары есебінен 6 пайыздан 10 пайызға дейін арттыру міндеттері қойылып отыр.
Базалық салаларды дамыту тұжырымдамасы бизнес құрылым өкілдерімен және даму институттарымен бірге жасалды. Осының нәтижесінде инвестициялық жобаларды дамыту мен облыс инфрақұрылымын жақсарту және ресурстық әлеуетін арттыруға бағытталған байланыстың күшейе түсуі қамтамасыз етілді.
Тұжырымдама шеңберінде машина жасау бойынша мастер – жоспар жасалды. Оның мақсаты - өнеркәсіптің осы саласын қайта қалпына келтіру, оның өнімдері үлесін технологиялық негізде жаңарту, еңбек өнімділілгін арттыру есебінен арттыра түсу. Осыған байланысты, 2014 жылға қарай, жалпы қосымша құнды 78 пайызға көбейту, және машина жасау саласында жұмыс істейтін әрбір адам үшін еңбек өнімділігін 59 пайызға арттыруға қол жеткізу көзделіп отыр.
Мастер – жоспарды нақты жүзеге асыру үшін өңірдегі машина жасау зауыттары, аймақтық ғылыми мекемелер мен Технопарк базасында «Қарағанды машина жасау консорциумына» біріктірілді. Бұл құрылымның таяу болашақтағы міндеті – машина жасау саласы кәсіпорындары мүмкіндіктерін бір бағытқа шоғырландыру, өндіріс кооперациясымен қатар сауда саясатын қамтамасыз ету, саланың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, аймақтық техникалық паркты жаңартуды жүзеге асыру.
Консорциум шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелеріне қатысты нақты екі мысал келтіруге болады. Біріншісі, кен – шахта құрал-жабдықтарын шығаруды қолға алу. Екіншіден, коммуналдық және ауылшаруашылық техникасына арналған аспалы құрал – жабдықтар өндірісі.
Бүгінгі күні консорциум құрамында машинажасау және металл өңдеуші кәсіпорын, үш институт пен Технопарк, барлығы 30 субъекті бар. Оларда 2850 адам жұмыс істейді, 9 айдың ішіндегі өндіріс көлемі 2 млрд. 350 млн. теңгені құрады. Бұл ретте консорциум кәсіпорындарына «АрселорМиттал Теміртау» бойынша жүктеме 363 млн.теңгені, «Қазақмыс» корпорациясы бойынша – 51 млн.теңгені, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ - 220 млн.теңгені құрады. Таукен-шахталық құрал-жабдықтарды шығару бойынша ағымдағы жағдайға келер болсақ, «АрселорМиттал Теміртау», «Глиник» және машинажасау консорциумының өкілдерімен жұмыс кеңестері өткізілді. Нәтижесінде 2011 жылы қарағандылық машинажасау зауыттарында механизацияланған кешендер шығаратын болып келісілді.
Сонымен қатар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тарапынан да «Бірлескен машина жасау зауыты» ұйымдастырылды. Оның құрамына «Тау - кен машиналары зауыты», «Стандартты емес құрал жабдықтар мен шағын механикаландыру», «Тау – кен техникасы құрал – жабдықтарын жөндеу зауыты» және «Энергозауыт» кірді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Семей машина жинау зауытымен біздегі шығарылатын аспалы құрал–жабдықтарды тіркеу үшін жүз МТЗ – 82.1 тракторын жеткізу тұралы меморандумға қол қойылған. Консорциум шығаратын аспалы құрал – жабдықтардың басқа жақтан сатып алынатын осындай өнімдерден 7 – 11 пайызға арзан екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар бүгін біз «Благоустройство» КМҚК тарапынан «Машзавод 1» - коммуналдық техникалар үшін сыпырғыш щеткалар дайындау, Астананың «Вектор комбайн заводына» транспорттық арбашалар мен минералды тыңайтқыштарды ұнтақтайтын және шашатын жабдықтар жасауға келісім шарттарға қол қойдық.
Айта кететін тағы бір ерекшелік, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясын мамандандыру барысында «Бірлескен машина жасау зауытының» қызметі кен-шахталық және металлургиялық құрал – жабдықтарды дайындау және жөндеу, машина жасау өндірісінің толық циклімен жұмыс жасауға бағытталады. Консорциум бұл жөнінде оларға көмектестін болады. Оған қоса консорциум, көтеру көлік құралдарын, оның ішінде жүк лифтілерін, энергетикалық және көліктік құрал-жабдықтарды, сондай ақ балама жылу беру агрегаттарын шығарумен айналысады.
Индустрияландыру картасы туралы айтар болсақ, бастапқыда оған он жеті жоба енгізілген болатын. Оның 29 млрд. теңгеден артық соманы құрайтын 9 жобасын ағымдағы жылы жүзеге асыру көзделген еді. Алайда бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тағы 5 жоба кіргізілді.
Бүгінгі күнге 6 жоба іске қосылды. Атап айтқанда «Қазақмыс» корпорациясының филиалы – Қарағанды құю-машинажасау зауытында «ҚазБелАЗ» техникасын құрастыру және қосалқы бөлшектерін шығаратын қазақстан-белорус бірлескен кәсіпорны. Бұл жобаға Мемлекет басшысы Қарағанды облысына келген жұмыс сапарында жоғары баға берген болатын.
Тағы бір жоба – «Азия-Хайер» кәсіпорнында тексеру газ қоспаларының өндірісі. Бұл қоспалар газоаналитикалық құралдар мен газ бақылау жүйесін тексеру, калибровкалау кезінде пайдаланылады. Бұл өндірістің қойнауында метан газы өте көп мөлшерде кездесетін Қарағанды көмір бассейні шахталарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өте қажетті, әрі өте маңызды жоба екені айтпаса да түсінікті.
Сонымен қатар «Казцентрэлектропровод» ЖШС полиэтилен құбырларын шығаратын өндіріс іске қосылды. Жобаның құны 150 млн. теңгені құрайды. Толық қуаттылығына шыққан соң желі жылына 1200 километр полиэтилен құбырларын шығаратын болады. Мұның өзі қазақстандық тұтынушыларды отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл құбырлардың басқа кәсіпорындарда шығарылатын ұқсас өнімдерден бірқатар артықшылықтары бар. Ең біріншіден, арнайы жерасты жұмыстарын қажет етпейді. Яғни, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына кететін шығындардан арылтады деген сөз.
Индустриаландыру үрдісінің облысымыздың тек өнеркәсіптік орталықтарын ғана емес, сонымен қатар селолық аудандарды қамтығандығын дәлелдейтін жүзеге асырылған үш жобаны атай кеткенді жөн санаймын.
Бұл, ең алдымен, Жаңаарқа ауданындағы «Жалын» кен орнында көмір өндірісі жобасы. Оның қуаттылығы жылына 2 млн. тонна. «Жалын» кен орнының бірегей көмірі күлінің аздығымен және құрамында күкірттің төмен мөлшерде болуымен ерекшеленеді. Жылу шығару көрсеткіштері өте жоғары. Оны жоғары сапалы кокс концентратын алуға да пайдалану мүмкіндігі бар.
Көмір қабатының тау-кен геологиялық жағдайларына сәйкес оны гидравликалық экскаваторларды пайдалана отырып, сондай-ақ қабаттарды терең игеру кешенін қолдану арқылы ашық тәсілмен алу көзделеді. Бұл кешен толық автономды, өнімділігі жоғары және үнемді көмір өндіретін жүйе болып табылады. 2013 жылға қарай осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Шет және Бұқар жырау аудандарында «Бапы Майнинг» ЖШС кен байыту фабрикасы мен болат жылу радиаторларын шығаратын «Kaztherm» ЖШС өндірістері іске қосылды. Орайы келгенде айта кету керек, соңғы аталған зауыттың шығаратын өнімі 100 пайыз қазақстандық мазмұнды құрайды. Оларға қажетті болат «АрселорМитал Теміртау» компаниясынан алынады.
«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасына да ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл бағдарлама мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың тетіктерінің бірі және 2009, 2010 жылдарға арналған «Жол картасының» заңды жалғасы болып табылады. Бұл ретте дағдарыстан кейінгі дамуға, бар жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңадан ашуға баса назар аударылып отыр.
«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Үйлестіру кеңесінің 7 отырысы өткізіліп, 31 кәсіпорынның өтінімі мақұлданды. Жаңа бизнес бастамаларды, мақұлданған жобаларды субсидиялау және «Даму» қорының кепілдігі жоғары технологиялық жаңа құрал-жабдықты алуға, сымсыз Интернетті енгізуге, заманауи медициналық жабдықтарды алуға, облыс орталығының автобус паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр.
Экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау тау-кен құрал-жабдықтарын, металл бұйымдарын, сантехникалық өнімдерді және басқа да тауарларды таяу және алыс шетелдерге экспорттауға жол ашады.
Өндірістік инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру бойынша 4 жоба мақұлданды. Оның 3-і Индустриалдық картаға кіреді. Атай кететін болсақ ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінің үшінші кезегінің құрылысы, «Green Technology» жылыжай кешені, «Здоровые продукты» бройлер құс фабрикасы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында мамандандырылған ауыл шаруашылығы ұшағын сериялы түрде өндіруді ұйымдастыру» жаңа инновациялық жобалары.
Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар экономиканың осынау маңызды секторын дамытып, көрсеткіштерді арттыра түсуге мүмкіндік беріп отыр. Алдын ала бағам бойынша ағымдағы жылы мұнда өнім өндірісінің өсімі 5% көлемінде болып, нәтижесінде жалпы көлемі 200 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Шағын және орта бизнес белсенді субъектілерінің саны 42250 бірлікке дейін артып, жұмыспен қамтылғандар саны 3 мың адамға көбейеді. Дәл осындай өсім тенденциясы 2011 жылы да сақталатын болады.
Өнеркәсіп саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыра отырып, біз әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бұл ретте мемлекеттік-жекелік әріптестік механизмін қолдануға үлкен мүмкіндіктер ашылатындығын айта кеткен жөн. Себебі, мемлекет пен жеке меншік бизнестің қызметінде, жобаларды жүзеге асыруда өзара тиімді тұстардың баршылық екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Осыған орай өткен жылдың желтоқсан айында көзделген жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекелік қаржыландыруды пәрменді қолдану үшін «Қарағанды облысының мемлекеттік-жекелік әріптестігінің аймақтық орталығы» (МЖӘ) АҚ құрылды.
Өңірлік орталық қызметінің негізгі түрлері – бұл жобаларды анықтап, енгізу; жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды сараптамадан өткізу; МЖӘ жобаларын жүзеге асыруда кеңес беру, технико-экономикалық негіздемелерін әзірлеу. Сонымен қатар мекеме жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізеді. Мемлекеттік органдармен, халықаралық және қоғамдық ұйымдармен, әлеуетті инвесторлармен өзара іс-әрекет жасасып отырады. МЖӘ мәселелері бойынша тренингтер, «дөңгелек үстелдер» мен конференциялар өткізеді, энергия үнемдеу жөніндегі жобаларды әзірлеу мен іске асыруға қатысады.
Осылайша өңірлік орталық құру ішкі инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде облыстық бюджеттің шығыс бөлігі азаяды, бірақ керісінше аймақтағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар саны көбейеді.
Бүгінгі күні мемлекеттік – жекеменшік механизмін пайдалану арқылы 9 пилоттық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың арасында Қарағанды мен Теміртауда барлығы 4760 орындық және жалпы құны 10 млрд. теңгеден аса сомаға 15 балабақша құрылысы, Қарағанды, Жезқазғанда жылуэнергия үнемдеу нысандарының құрылысы, Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларында сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту сияқты жобалар бар. Біз бұл механизмді денсаулық сақтау саласында қолдануды ойластырып отырмыз. Биылғы жылы бұл салада жалпы сомасы 250 млн. теңгеден асатын жеке инвестициялар тартылды. Бұл практиканы бұдан әрі де міндетті түрде жалғастыратын боламыз. Себебі, мұндай жобалар өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Олар ұсынылатын қызмет түрлерінің жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Келер жылы біз онкологиялық ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жобаның құны 1 млрд. теңге, оны жүзеге асыру үшін шетелдік алдыңғы қатарлы онколог мамандар шақырылатын болады.
Қарағанды – еліміздің өнеркәсіптік көшбасшысы ғана емес, аса ірі мәдени орталығы. Құт қонып, қыдыр дарыған киелі мекен. Сондықтан да осынау жердің бай мәдени мұрасы мен рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа шашау шығармай жеткізу мақсатында кең ауқымды, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі - облыс орталығында халықты әсем әнмен, музыка құдіретімен сусындататын халықаралық стандарттарға сай заманауи концерт залының құрылысы. Бүгінгі күні болашақ концерт залының техника-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Арнайы жер телімі бөлініп, электрмен, жылумен және сумен қамтамасыз етудің техникалық шарттары алынды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі де аталмыш жобаны 2011 жылдың инвестициялық жобаларының тізіміне енгізуді қолдап отыр. Сондықтан, құдай қаласа, қарағандылықтардың әсем ән мен тәтті күйді заман талабына сай зәулім сарайда отырып тыңдайтын күні де алыс емес деп ойлаймын.
Спорт, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі де бүгінгі қоғам алдында тұрған аса маңызды мәселелердің бірі. Сол себептен Қарағанды облысында 2011-2013 жылдарға арналған бұқаралық спорт түрлерін дамыту жоспарының жобасы әзірленді. Бағдарлама мақсаты –дене тәрбиесінің тиімді жүйесін дамыту, кадрлық қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын ұстанудың қағидаттарын енгізу арқылы халықтың денсаулығын жақсарту үшін тиісті жағдайлар жасау болып табылады.
Әрине, бұл бағдарламаны жүзеге асыру материалдық-техникалық базаны нығайтудан басталуы қажет деп ойлаймын. Бұл ретте атқарылған шаруалар да жоқ емес. Кейбірін атай кететін болсақ, Нұркен Әбдіров атындағы спорт комбинаты коммуналдық меншікке қайтарылды. Қазір онда «Жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеңіл атлетика манежі республикалық меншіктен облыс меншігіне өткізілді. Қарағандыда халықаралық стандарттарға сай келетін Мұз сарайының, Теннис, Бокс орталықтарының құрылысы басталды. Олардың құрылысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында аяқталатын болады. Сондай-ақ бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін биылғы жылы 19 көп функциялы корт орнатылды, ал 2014 жылға дейін тағы 116 корт салынатын болады.
Біздің күнделікті жұмысымызда өңірлерге шығатын жұмыс сапарлары да маңызды орын алады. Басшылыққа келгелі мен облыстың барлық қалалары мен аудандарында болдым. Жұмыс сапарларымның негізгі мақсаты екеу болды: Бірі – жағдаймен танысу, екінші – өзекті мәселелерді сол жерде талқылап, мүмкіндігінше шешу жолдары табу.
Мысалы, Шахтинскіде жергілікті ЖЭО дамыту жайы, Жаңаарқа ауданында әлеуметтік саланы дамыту, елді мекендерді абаттандыру, Қаражал мен Жәйрем елді мекендерінде сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Орайы келгенде айта кетейін, бүгінгі күні Қаражал қаласының су құбырларын жаңғырту жобасының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 8 млн. теңге, ал Жәйрем кентіне су құбырларын жаңғырту жобасының ЖСҚ ішінара түзетуге 2 млн. теңге бөлінді.
Бұрынғы аудан орталықтары болған кенттерді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту мәселелерін де үнемі назарда ұстап келеміз.
Атап айтқанда, мен Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ және Шет ауданының Ағадыр кенттеріне арнайы жұмыс сапарымен бардым. Осының нәтижесінде тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелерді ескере отырып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жасалды. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін біз ірі кәсіпорындармен өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойғандығымызды атап кеткенді жөн санаймын.
Меморандумдарға сәйкес аталған компаниялардың әрқайсысы Шет ауданын, оның ішінде Ақадыр кентін әлеуметтік-экономикалық дамытуға атсалысатын болады.
Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК өз қаражаты есебінен темір жол вокзалын, оның алдындағы скверді, келетін жолдар мен тротуарларды күрделі жөндеуді, «Теміржолшылар саябағын» абаттандыруды, стадионды жаңғыртуды (эскиздік жобаға сәйкес) және Ақадыр кентін абаттандыруға қайтарымсыз көмек көрсетуді өз мойнына алып отыр. «KEGOK» АҚ болса әлеуметтік мәселелерді шешуде облыстық және аудандық атқарушы билік органдарымен бірлесе жұмыс істеп, ықшам ауданда сквер жасауды, кентті гүлдендіруге қайтарымсыз көмек көрсету міндеттемелерін алды. Дәл осындай көмекті «Астана Моторс» компаниясы да көрсететін болады. Ол сондай-ақ бассейні бар екі қабатты спорттық-сауықтыру кешенін және кенттің мәдениет үйін заманауи киноаппаратурамен жабдықтау жұмыстарын ұйымдастырады.
«Алтай полиметаллы» ЖШС жасалған меморандумға сәйкес аталған кәсіпорын Егіндібұлақ өңірін арзандатылған электр энергиясымен қамтамасыз етуге, өнеркәсіпті дамыту үшін транзитті энергетикалық әлеуетті құруға, кен орнында өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге атсалысатын болады. Сонымен қатар компания тұрғын үй-әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп, оның ішінде Теректі ауылында жаңадан 100 үй және спорттық-сауықтыру кешенін салмақшы. Сондай-ақ Теректі-Егіндібұлақ арасындағы 32 км автожолын ұстап тұруға, Шарықты селолық округінің Айыр елді мекеніне су тарту мәселелерін шешуді мойнына алып отыр. Басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде компанияның облыс, ауданның мемлекеттік органдарымен ынтымақтастығы көзделген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жоғарыдағының бәрі аймағымызды әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша біздің жасап жатқан жұмысымыздың бір бөлігі ғана.
Жүзеге асып жатқан жобалардың ауқымдылығы Қарағанды облысының ұланғайыр өнеркәсіптік әлеуетінің барлығын айғақтайды. Бұл бізге экономиканы еселей арттырып, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қойған міндеттерін жүзеге асыруға нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+5 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх