С. Ахметовтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты, 20 қараша 2010 жыл



ӨНДІРІСТІ ӨЛКЕ ӨРКЕНДЕУ ҮСТІНДЕ

1.    Серік Нығметұлы, әңгімеміздің әлқиссасын облыс экономикасының ағымдағы жылдағы дамуынан бастасақ. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің өсімі қандай?
Ағымдағы жылдың 9 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына қарап жалпы экономиканың базалық салалары қарқынды дамып келеді деп айтуға болады.
Облыстың аймақтық өнімінің жалпы көлемі бірінші жартыжылдықта 786 млрд. 218 млн. теңгені құрады. Бұл жағдайда республикалық жалпы ішкі өнім көлеміндегі облыстың үлесі 8,4 пайыздан 8,6 пайызға дейін көбейді. Жалпы ішкі өнімнің құрылымы қызмет көрсету саласы секторының ұлғаюымен сипатталады. Бұл, ең біріншіден, ішкі сұраныстың өсуі мен халықтың төлем қабілеттілігінің артқандығын көрсетеді.
Экспорттық бағыттағы өнімге сұраныстың артуы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 6,6 пайызға өсуіне ықпал етті. Өнеркәсіптің өсуі өңдеу секторында 6 пайызға, тау-кен саласында 20 пайызға, энергетикада 14 пайызға көбею есебінен қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері 12 жаңа өндіріс іске қосылып 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

2.    Индустриалдық-инновациялық дамуда қандай жобаларға басымдық беріліп отыр?
Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалған үдемелі индустриалды – инновациялық даму Бағдарламасы шеңберінде облыстан Индустрияландыру картасына бастапқыда он жеті жоба енгізілген болатын. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тағы 5 жоба кіргізілді. Олар: Қарағанды құю-машинажасау зауытында «КазБелАЗ» техникасын құрастыру және қосалқы бөлшектер әзірлеу; «Сары Қазына»ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт құрылысы; «Номад»ЖШС бидайды терең өңдеу; «Майқұдық құс фабрикасы» ЖШС өндірістік кешенін реконструкциялау және басқалары. Бұл жобалардың тізімі алдағы уақытта арта түсетін болады.
Қарағанды облысы экономикасының негізін кен өндіру және өңдеу өнеркәсіптері құрайтыны белгілі. Аймақтың жалпы қосымша құнының 50 пайызынан астамы аталған салалар есебінен құралады. Осы ерекшелікті ескере отырып, және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде біз «Базалық өнеркәсіп салаларын дамытудың тұжырымдамасын» жасадық. Мақсат – шикізатты өңдеу және жоғарғы бөліністе бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруда озық әдістер мен технологияларды ендіруге бағытталған аймақтың қазіргі заманғы индустриялық жүйесін жасау.
Дәстүрлі салалармен қатар облыстың мамандануына болашағы зор өндіріс салалары да бар. Бұл арада сөз, машина жасау, металлургия комбинаттарының өнімдері, металл өңдеу, химия және фармацевтика өнеркәсібі, бейметалл құрылыс материалдарын шығару жайлы болып отыр.
Біз облысымызға ежелден тән дәстүрлі алты саланы, атап айтқанда: көмір өнеркәсібін; қара және түсті металлургияны; кен өндіру секторын; металл өңдеу және машинажасау; химия және фармацевтика өнеркәсіптерін; құрылыс индустриясын дамытуға баса назар аударып отырмыз.
Жоғарыда аталған базалық өнеркәсіп салаларын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру негізінде, мамандардың есептеуі бойынша 2014 жылдың өзінде, ішкі аймақтық өнімнің (ІАӨ) өсуі 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 32 пайызға, ал базалық салалардағы еңбек өнімділігі 111 пайызға артуы тиіс.
Келешекте сала кәсіпорындарындағы импорттың үлесін 55 пайыздан 35 пайызға төмендету, ішкі аймақтық өнім энергия шығынын 10 пайызға азайту, инновациялық өндірістер өсімін қолданыста барлары есебінен 6 пайыздан 10 пайызға дейін арттыру міндеттері қойылып отыр.
Алдағы бес жылда Тұжырымдама мен қолданыстағы Индустрияландыру картасы арқылы 104 индустриалды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Базалық салаларды дамыту тұжырымдамасы бизнес құрылым өкілдерімен және даму институттарымен бірге жасалды. Осының нәтижесінде инвестициялық жобаларды дамыту мен облыс инфрақұрылымын жақсарту және ресурстық әлеуетін арттыруға бағытталған байланыстың күшейе түсуі қамтамасыз етілді.
Тұжырымдама шеңберінде машина жасау бойынша мастер – жоспар жасалды. Оның мақсаты - өнеркәсіптің осы саласын қайта қалпына келтіру, оның өнімдері үлесін технологиялық негізде жаңарту, еңбек өнімділілгін арттыру есебінен арттыра түсу. Осыған байланысты, 2014 жылға қарай, жалпы қосымша құнды 78 пайызға көбейту, және машина жасау саласында жұмыс істейтін әрбір адам үшін еңбек өнімділігін 59 пайызға арттыруға қол жеткізу көзделіп отыр.
Мастер – жоспарды нақты жүзеге асыру үшін өңірдегі машина жасау зауыттары, аймақтық ғылыми мекемелер мен Технопарк базасында «Қарағанды машина жасау консорциумына» біріктірілді. Бұл құрылымның таяу болашақтағы міндеті – машина жасау саласы кәсіпорындары мүмкіндіктерін бір бағытқа шоғырландыру, өндіріс кооперациясымен қатар сауда саясатын қамтамасыз ету, саланың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, аймақтық техникалық паркты жаңартуды жүзеге асыру.
Консорциум шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелеріне қатысты нақты екі мысал келтіруге болады. Біріншісі, кен – шахта құрал-жабдықтарын шығаруды қолға алу. Екіншіден, коммуналдық және ауылшаруашылық техникасына арналған аспалы құрал – жабдықтар өндірісі.
Бүгінгі күні консорциум құрамында 26 машинажасау және металл өңдеуші кәсіпорын, үш институт пен Технопарк, барлығы 30 субъекті бар. Оларда 2850 адам жұмыс істейді, 9 айдың ішіндегі өндіріс көлемі 2 млрд. 350 млн. теңгені құрады. Бұл ретте консорциум кәсіпорындарына «АрселорМиттал Теміртау» бойынша жүктеме 363 млн.теңгені, «Қазақмыс» корпорациясы бойынша – 51 млн.теңгені, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ - 220 млн.теңгені құрады. Таукен-шахталық құрал-жабдықтарды шығару бойынша ағымдағы жағдайға келер болсақ, «АрселорМиттал Теміртау», «Глиник» және машинажасау консорциумының өкілдерімен жұмыс кеңестері өткізілді. Нәтижесінде тараптар қатысу үлестерін 30 пайыздан кем қылмай 2011 жылы қарағандылық машинажасау зауыттарында механизацияланған кешендер шығаратын болып келісілді.
Сонымен қатар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тарапынан да «Бірлескен машина жасау зауыты» ұйымдастырылды. Оның құрамына «Тау - кен машиналары зауыты», «Стандартты емес құрал жабдықтар мен шағын механикаландыру», «Тау – кен техникасы құрал – жабдықтарын жөндеу зауыты» және «Энергозауыт» кірді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Семей машина жинау зауытымен біздегі шығарылатын аспалы құрал–жабдықтарды тіркеу үшін жүз МТЗ – 82.1 тракторын жеткізу тұралы меморандумға қол қойылды. Консорциум шығаратын аспалы құрал – жабдықтардың басқа жақтан сатып алынатын осындай өнімдерден 7 – 11 пайызға арзан екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар бүгін біз «Благоустройство» КМҚК тарапынан «Машзавод 1» - коммуналдық техникалар үшін сыпырғыш щеткалар дайындау, Астананың «Вектор комбайн заводына» транспорттық арбашалар мен минералды тыңайтқыштарды ұнтақтайтын және шашатын жабдықтар жасауға келісім шарттарға қол қойдық.
Айта кететін тағы бір ерекшелік, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясын мамандандыру барысында «Бірлескен машина жасау зауытының» қызметі кен – шахталық және металлургиялық құрал – жабдықтарды дайындау және жөндеу, машина жасау өндірісінің толық циклімен жұмыс жасауға бағытталады. Консорциум бұл жөнінде оларға көмектестін болады. Оған қоса консорциум, көтеру көлік құралдарын, оның ішінде жүк лифтілерін, энергетикалық және көліктік құрал – жабдықтарды, сондай ақ балама жылу беру агрегаттарын шығарумен айналысады.

6.    Серік Нығметұлы, шағын және орта бизнесті қолдау мен нығайтуға бағытталған шаралардың ықпал-әсері қандай?
Сұрағыңызға жауап ретінде әуелі цифрларға жүгініп көрелік. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артқан (188,1 млрд. теңге). Экспортқа бағытталған секторлардағы өндірістің өсуі ішкі сауда айналымының 31 пайызға (6,5 млрд. АҚШ долл.) ұлғаюына ықпал етті. Тауарлардың экспортқа шығуы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 39 пайызға көбейген (5,5 млрд. АҚШ долл. құраған), импорт көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ және 1 млрд. АҚШ доллардан астам қаржыны құрады. Сауда балансының оң сальдосы өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көбейіп, 4 млрд. АҚШ долл. астам көлемде жинақталған. Осыдан көріп отырғанымыздай аталмыш салада алға ілгерілеу бар деп айтуға болады.
Облыстағы кіші және орта бизнесті мемлекеттік «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде дамытуды аса белсенділікпен қолға алып отырмыз. Елбасы тапсырмасын орындау аясында, ірі өндіріс орындары мен компаниялар айналасында кіші және орта бизнес кәсіпорындары, шағын өндіріс орындарының тұтас жүйесін жасау қолға алынуда. Бұл шара тек қазақстандық мазмұнды күшейтіп қана қоймай, оның аймақ экономикасының өнеркәсіп саласындағы үлесін арттыра түсуге мүмкіндік береді.
Болашаққа бағытталған жобалар жайлы сөз ететін болсақ облыста халық тұтынатын өнімдерді шығарудың көлемін ұлғайта түсуге басым назар аударылуда.
Сөз жоқ, бүкіл елдегі сияқты біздың аймақта да индустриаландыру шараларының негізін инвестициялық жобалар құрайды. Индустриаландыру картасына енгізілетін жобалардың сапасына деген деген талаптың арта түсуіне қарамастан бізден аталмыш картаға жалпы құны 75 миллиард теңгеден асатын 18 жоба енгізілді. Бұл 2192 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Солардың ішінен «Қазақмыс корпорациясының» бөлімшесі болып табылатын «Қарағанды құю – машина жасау зауытында» қосалқы бөлшектер мен техника жинау «КазБелАЗ» өндіріс орны. Жаңа технологияға негізделген 3 гектар жерді қамтитын «Green Tehnology» жылыжай (теплица) құрылысы т.б. Аймақтық үйлестіру кеңесі аясында индустриаландыру картасын толықтыру әрі қарай жалғасын табады.
Жалпы құны 29 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба осы жылдың аяғына дейін іске қосылып 737 жұмыс орны ашылады. Шілде айының басында 6 жобаны жүзеге асырып үлгердік.
Өзіңізге белгілі, қазақстандық үлесті арттыру - үдемелі индустриалдық даму бағдарламасындағы ең басым бағыттардың бірі. Бүгінгі күні облыстың тауар өндірушілері ұлттық компанияларға 20 млрд. теңгеге жақын сомаға өнім жеткізген. Жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алу көлемдері 300 млрд. теңгені құрап, қазақстандық үлес 62 пайыз шамасында болды. Сонымен қатар «Өңірлердің дамуы» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңге бағытталды. Ағымдағы жылы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу үшін рұқсат берілген процедураларды оңтайландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.

7.    Серік Нығметұлы, ҚР 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр және келер жылы осы игі шара жалғасын таба ма?
Сіз бүгінгі күні қоғам алдында тұрған өте маңызды мәселені қозғап отырсыз. Себебі, баспана кез келген отбасы үшін ең бірінші кезектегі өзекті мәселе екені сөзсіз. Әсіресе жас отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған жандар үшін тіпті маңызды. Сол себепті бұл мәселеге мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Біздің облысымызда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 10 айында 23,1 мың шаршы метр немесе 336 пәтер пайдалануға берілді. Бұл жұмыс келер жылдары да Қарағанды облысының 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы шеңберінде жалғасатын табады. Бір айта кетерлігі 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама бойынша осы мақсаттарға бюджет есебінен жыл сайын 820 миллион теңгеден бөлінсе, 2011 жылдан бастап әр жылға 1 миллиард 68 миллион теңгеден бөлінетін болады.

8.    Ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты қандай мәселелер бар?
Ауыл – бұл халқымыздың алтын бесігі, қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы, дәстүрлі шаруашылықтың қазығы. Сондықтан Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында алдағы онжылдықта экономиканы жедел дамыту сегменттерінің бірі ретінде агроөнеркәсіп кешенін ерекше атап өтті. Ал оның дамуы негізгі үш бағытта жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт - еңбек өнімділігін арттыру. Ауылшаруашылық тауарларының көлемін арттырып, сапасын жақсарту. Бәсекеге қабілетті, сапасы мен сұранысы жоғары өнім шығаруға қол жеткізу.
Екінші міндет - азық түлік қауыпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетке сай, 2014 жылы ішкі рыноктағы өтімділігі жоғары азық – түлік тауарларының 80 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс.
Алға қойылған үшінші міндет - өндірілген өнімдердің экспорттық әлеуетін көтеріп, олардың шетел рыноктарына шығуына жол ашу.
Облысымызда агроөнеркәсіп кешені алдына Елбасы тарапынан қойылған осынау міндеттерді жүйелі атқару мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылық басқармалары, тағы да басқа мемлекеттік органдар, бүкіл селолық аудан әкімшіліктерінің қатысуымен «2010-2012 жылдарға арналған ауылдық поселкелерді дамытудың үш жылдық бағдарламасы» жасалып, 2010 жылдың 4 мамырында облыс әкімдігі қаулысымен бекітілді. Бұл құжаттың тұжырымдамалық негізі ретінде мемлекеттік инвестицияларды экономикалық жағынан жақсы дамыған селолық пункттерге бағыттау жолы анықталды. Яғни мектеп, аурухана, мәдениет, спорт кешендерін салуға, жол салу, сумен және энергиямен қамтамасыз етуді дамытуға арналған бюджеттік қаржылар, ең алдымен, тұрғындарының табыс деңгейі жоғары ауылдарға жіберілуі керек.
Әрбір ауылда монша, наубайхана, мәдениет, спорт нысандары болуына ерекше көңіл бөлініп, ондай обьектілер жоқ ауылдарға қаржылай көмек беру қарастырылған. Селолық аудан орталықтарында жол, қар тазалайтын коммуналдық техниканың болуына да баса назар аударылуда.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында облыста тұрақты даму бағыты айқындалып отыр. Мал өнімдерінің өсімі ұлғайып, малдың барлық түрі мен құстың саны көбеюде.

9.    Денсаулық сақтау саласында қандай оң өзгерістер бар?
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жақсы көрсеткіштер бар. Дәлірек айтсақ, аналар өлімінің көрсеткіші өткен жылға қарағанда 5 есеге төмендеп, сәбилер өлімі 15 пайызға кеміді. Туберкулезбен ауыру 7 пайызға, туберкулезден қайтыс болу – 24 пайызға, жүректің ишемиялық ауруынан болған өлім 2 есеге азайды.
Бүгінгі күні көп мәселенің шешімі қаржыға келіп тірелетіндігі жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде Елбасымыздың қамқорлығының арқасында бүкіл еліміз бойынша денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Біздің облысымызда 2010 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті 30,8 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы қаржыландырудан 4,2% артық. Медициналық ұйымдар Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмысқа кірісті.
Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мемлекеттік- жеке меншік әріптестік мәселесіне айрықша мән берген болатын. Осыған орай біз ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 250 млн. теңге көлемінде жеке инвестицияларды тарта отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырдық. Мысалға үстіміздегі жылдың қаңтар айында Теміртауда геподиализ орталығы, ал қазан айында Қарағанды қаласында орталықтандырылған зертхана ашылды. Әрине, біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғастыра беретін боламыз. Дәл осы механизмді пайдалана отырып, алдағы жылы біз онкологиялық ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жобаның құны – 1 млрд. теңге, оны жүзеге асыру үшін шетелдің білікті мамандары шақырылатын болады.

10.    Аудандарда бірегей емханалар, ауруханалар салынды. Алайда соларға орнатылған кейбір қымбат қондырғылардың арнаулы мамандар жоқтығынан қолданусыз тұрғандары кездеседі. Оны қалай шешуге болады?
Сіз өте дұрыс айтып отырсыз. Қандай керемет құрал-жабдықтарды сатып алмасақ та, егер оның тілін білетін мамандар болмаса, біздің еңбегіміздің еш кеткенімен бірдей. Сондықтан да бүгінгі күні медицина қызметкерлерін оқытуға, оның ішінде шетелде білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Тек 2010 жылдың өзінде осы мақсатқа 43 млн. теңгеден аса қаржы бөлінді. Кадрларымыз Ресейдің Санкт Петербург, Қорған қалаларында, алыс шетелдерден Чехия, Израиль, Литва мемлекеттерінде даярлықтан өтуде. Сонымен қатар әлемнің алдыңғы қатарлы клиникаларынан білікті мамандар шақырып, мастер-класс өткізуді де жолға қойып жатырмыз. Биылғы жылы осындай шара балалар кардиохирургиясы бойынша өткізілді.
11.     Қарағанды – еліміздің өнеркәсіптік көшбасшысы ғана емес, аса ірі мәдени орталығы. Көптеген мәдени, ойын-сауық мекемелері болғанымен, әлі күнге дейін қаламызда үлкен концерттік зал салынбаған екен. Жақында осы мәселе оң шешімін тапқан сыңайлы деген сүйінші хабарды құлағымыз шалып қалды. Мәселенің мән-жайын тарқатып айтып берсеңіз.
Иә, Сарыарқа – құт қонып, қыдыр дарыған киелі мекен. Ел басына күн туған алмағайып заманды ат үстінде өткерген, қазақ жерінің тұтастығы, халқының бостандығы мен еркіндігі үшін жан алысып, жан беріскен есіл ерлердің, кісілік пен кішіліктің ақылы мен нақылын бойына сіңірген дуалы ауыз билердің, халқымыздың ғасырлар бойы жиған – тергенін жырымен өрнектеген ақын – жыраулардың, дәулескер күйшілердің ат байлар атамекені, құтты қонысы болған қасиетті жер бұл.
Сондықтан да осынау жердің бай мәдени мұрасы мен рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа шашау шығармай жеткізу мақсатында кең ауқымды, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – өзіңіз айтқан облыс орталығында халықты әсем әнмен, музыка құдіретімен сусындататын халықаралық стандарттарға сай заманауи концерт залының құрылысы. Бүгінгі күні болашақ концерт залының техника-экономикалық негіздемес, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Арнайы жер телімі бөлініп, электрмен, жылумен және сумен қамтамасыз етудің техникалық шарттары алынды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі де аталмыш жобаны 2011 жылдың инвестициялық жобаларының тізіміне енгізуді қолдап отыр. Сондықтан, құдай қаласа, қарағандылықтардың әсем ән мен тәтті күйді заман талабына сай зәулім сарайда отырып тыңдайтын күні де алыс емес деп ойлаймын.

12.     Биылғы жазда барлық республикалық және аймақтық басылымдарда Кент тауларынан осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген «алтын адам» табылғаны туралы жарыса жазды. «Мәдени мұра» бағдарламасының аяқталып қалғанын ескерер болсақ, осы жұмыстар тоқтап қалмай ма?
Күдігіңізді бірден сейілтіп қояйын, бұл жұмыс мұнымен аяқталмайды. Әрине, Қарағанды облысының 2008-2010 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы биыл аяқталады. Орайы келгенде аталмыш бағдарламаның мән-маңызын тағы бір атап өткім келеді. Елбасымыздың тікелей бастамасымен қабылданған құжат ата-бабамыздан мирас ретінде жеткен асыл мұраларымызбен, жауһар жәдігерлерімізбен қайта қауышуға, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Бұл әсіресе жаһандану заманында жастарды мемлекетшілдікке, отансүйгіштікке, елін-жерін сүюге тәрбиелеуде берері мол ауқымды жұмыс екені сөзсіз. Сол себепті 2011-2012 жылдарға арналған облыс бюджетінде археологиялық қазбаларды ұйымдастыруға, тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруге, этнографиялық зерттеулер жүргізуге арнайы қаржы қарастырылатын болады. Ал, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақ мәдениетінің залы ұйымдастырылып, онда қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, ерте тас дәуірін көз алдыңа әкелетін макеттер, бес қаруы сай сақ көсемінің бейнесі халықтың назарына ұсынылады.
Жалпы, әрбір адым жері тағылымды тарихтан сыр шертетін қасиетті Қарағанды жерінің, Арқа өңірінің ғасырлардан келе жатқан рухани қазынасын, асыл мұрасын сақтап, жастардың бойына сіңіру, келер ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық парызымыз.

13.    Серік Нығметұлы, Қарағанды шаһары да тарихи сәулеттік ескерткіштерге бай еліміздегі ірі қалалардың бірі. Осы орайда облыс орталығын, жалпы елді мекендерді, қалаларды көркейту барысы қалай?
Қарағанды қаласы Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдер ішіндегі әдемі қалалар санатына жатады. Оның салыну жобасын кезінде Москва, Ленинградтың озық ойлы сәулетшілері жасаған. Олар әрбір нысанға, көшеге, көпірге, үйге ерекше жауаптылықпен қарап сұрықсыз дүниелерге жол бермеген. Менің айтайын дегенім қала дамуына жаңаша көзқарас керек. Бізде бақшалар, саябақтар, гүлзарлар, аллеялар, көгалдар, су бұрқақтар, көп болуы керек. Ол үшін қалада қажетті әдемі жерлер де, оларды салатын жағдай да бар.
Салынып жатқан үлкен мешіт, «Бокс орталығы», «Үлкен теннис орталығы», «Мұз сарайы», «Католик шіркеуі» болашақ сәулет жобаларының бастамасы ғана. Сонымен қатар облыстың барлық қалалары мен аудандары елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру бағдарламасын әзірленді. Ағымдағы жылы 114 мыңнан астам ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды. «Қарағанды-Теміртау» жолы бойындағы Қарағанды қаласының жасыл аймағын кеңейту жоспарлануда. Ол үшін орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр.
Орайы келгенде келер жылы бүкіл ел болып атап өткелі отырған мерейлі мерейтой – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне дайындық турасында тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
Облысымызда осынау атаулы күнге арнайы әзірленген іс—шаралар жоспарына сәйкес нақты жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында облыс орталығын, қалалар мен елді мекендерді абаттандыру, көркейтуге қатысты ауқымды жұмыстар да бар. Жоғарыда атап өткен мешіт, теннис, бокс орталықтары, Мұз сарайы іске қосылады. Тәуелсіздік алаңы толығымен абаттандырылатын болады, Қаз дауысты Қазыбек бабамызға, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловқа, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевқа еңселі ескерткіштер бой көтереді. Қаладағы барлық хауыздар іске қосылады.
Әрбір елді мекенде емхана, мектеп, спорттық ғимараттар, тұрғын үйлер, өнеркәсіптік нысандар тәрізді кем дегенде екі нысаннан ашылады. Жалпы Қарағанды облысында осынау күнге арналып 60-тан аса әлеуметтік-мәдени және өнеркәсіптік нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келген азаттықтың ақ таңы арайлап атқан осынау күнге байланысты атқарылатын игі істер егемен еліміздің, облысымыздың әрбір азаматының кеудесінде мақтаныш сезімін ұялатады. Біздің көздегеніміз де дәл осы мақсат деп сеніммен айта аламын.

14. Сіз басқаратын облыстың барша қазақстандықтар үшін қадыр-қасиеті бөлекше болатыны өңірдің экономикалық әлеуетіне ғана байланысты емес. Қарағанды жерінде Тұңғыш Президентіміз азамат, басшы, қайраткер ретінде шыңдалды, үлкен өмірге алғашқы қадамдарын осы жерде бастады. Әңгімеміз түйінделер тұста Нұрсұлтан Әбішұлының халық тағдырындағы, ел өміріндегі орны жөніндегі ойларыңызды да білгіміз келеді.
Расында, өткен тарихқа көз жүгіртсек қазақ халқы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік аренада түбегейлі орнығып, ұзақ жасамапты. Аласапыран замандағы қым-қиғаш айқастар еркіндікті көксеген ата-бабамыздың асыл арманын орындауға мүмкіндік бермей, жау шапқыншылықтарында ел мұратының іске асқан шағы болмапты. Алты алашқа арман болған азаттыққа халқымыз тек жиырмасыншы ғасырдың соңында ғана қол жеткізе алды. Ал осы тәуелсіздік Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты. Сондықтан Елбасымыздың ардақты есімі тарих беттерінде алтын әріптермен ойылып жазылатыны анық. Оны осы күнге дейін жеткен жетістіктер легін саралап, оң мен солымызды бағамдай отырып байқаймыз. Кезінде, 90-жылдары қалыптасқан ахуалдың өте ауыр болып, бұқара бойында әлдебір сенімсіздіктің пайда болғаны рас. Тек жауапкершілігі зор міндеттен қашпай, бар ауыртпалықты көтере алған Елбасының жан-жақты саясаты елімізді бүгінгі мақтануға тұрарлық әлеуетті күйге жеткізді.
Тәуелсіз елдің көреген басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы қиындығы мол сындарлы жылдар ішінде ел қамы үшін қол жеткізген сансыз жетістіктері есіме түскенде, бірден көз алдыма аңыздағы теңдессіз күш иесі – тау көтерген Толағай елестейді. Иә, тәуелсіздік тұғырына нық орнығу, түрлі кедергілерді жеңіп шығу бәрімізге оңай болмады. Әйткенмен ел қамын жеген Едіге іспетті, дана қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы сансыз түйткілдерді сәтімен шеше біліп, Қазақ елінің атақ-даңқын күллі әлемге паш етті.
 Жақында ғана 12 жылдығын атап өткен елордамыз Астана толассыз ағылып келіп-кетіп жататын талай мейманды еріксіз тамсандырып, әлі де қаншама құрметті қонақтарды таңдай қақтыра түсетіні мәлім. Арқа төсінде бой көтерген әсем шаһардың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Әбішұлы бас қаламыздың мерекесінде талай жылғы ерен еңбегінің бір ұшығын, титімдей нәтижесін көріп, оны жан дүниесімен рақаттана сезініп, риза сезімге бөленгені шүбәсіз. «Ақтабан шұбырынды», азаттық аңсаған көтеріліс-қозғалыстар, сұмдық аштық, сүт бетіндегі қаймақтай айтөбел азаматтардың атылып-асылуы сияқты көптеген нәубеттерді басынан өткерген қазақ халқы жарқын болашаққа бастайтын білікті, әрі батыл басшысы билікке келгелі барын түгендеп, жоғын жоқтап, еңсесін тіктеді.
Биылғы жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз, санаулы күндерден кейін өткелі жатқан саммит - жас мемлекетіміздің дамыған елдермен иық теңестіріп, биік мәртебеге жеткеніне тағы бір айқын дәлел. Әрине, бұның бәрі қолына ел тізгінін сеніп тапсырған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының алысты болжайтын сарабдал саясатының арқасы екені анық.
Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа әрбір Жолдауында ел тағдыры, халықтың әл-ауқаты, ынтымақ-бірлік мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді. Өйткені дүние жүзін дүрліктіріп, талай азуын айға білеген алпауытты абыржытқан тоқырау тұсында еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың, түрлі діни конфессиялардың өзара татулығы, бір-біріне қиын шақта қол ұшын созар ынтымақтастығы керек. Ал бұндай сындарлы шақта соңынан ерген дүйім жұртты адастырмас, орға жықпас көреген басшының болғаны жақсы. Жаратқанның жазуына қарай қазақ халқының бағына туған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарыста әлеумет қамына зор мән беріп, бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асуда.
Тәуелсіздік алғанына небары 19 жыл толған жас мемлекетіміз әлемдік қауымдастықта да үлкен абырой-беделге ие болды. Елбасы бастамасымен ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан еліміз өзара қарама-қайшылық белең алған, қантөгістер жиілей түскен жер бетіндегі өзге мемлекеттерге өнеге көрсетер бейбітшілік пен зор татулықтың үлгісіне айналды.
Осы тұста біздегі бір жаңалыққа арнайы тоқталғанды жөн көріп отырмын. Егемендік дамудың жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында мектеп оқытушылары мен ғалымдар тарапынан «Тәуелсіздік тану» оқу құралы жазылып, ол орта мектептің оныншы сынып оқушылары арасында тәжірибелік негізде, мектеп бағдарламасы аясында, бірнеше мектепте оқытыла бастады. Онда қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің негізгі кезеңдерін, алғашқы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстанды құру, қалыптастыру, дамытудағы ролін, Мемлекет басшысының өмірі, еңбегі, саяси қызметінің жастарға отансүйгіштік тәрбие берудегі маңызын оқып – үйрену, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тұлға, Елбасы, Ұлт Көшбасшысы ретіндегі феноменін ашу мақсат етіп қойылған.
Әрине, жоғарыда аталғандар Елбасының ерен еңбегінің бір шетін ғана көрсетеді. Әлемдегі небір азуын айға білеген қоғамдастықтар мойындаған Мемлекет басшысының игі істері төрткүл дүниеге әйгілі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Президентіміздің салиқалы саясаты мен бай тәжірибесінің негізінде Еуразия төрін мекендеген Қазақ елінің келешекте көз ұшында мұнартқан биік шыңдарды, талай асу-белестерді бағындырары анық.

Әңгімелескен Айқын Несіпбай,
«Егемен Қазақстан»,
Қарағанды
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+6 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх