Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің халық алдындағы есебі



Тарих табалдырығын аттаған 2011 жыл тәуелсіздік жылнамасында ерекше қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғалармен ерекшеленгені белгілі.

Оның ішінде Мемлекет басшысы, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы зор маңызға ие болғанын атап өтуіміз керек.
Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді шешу барысында барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебінің мәні – зор. Әкімдердің есебі ел өмірін қоғамдық-саяси тұрғыдан демократияландыру бағыттарын бағдарлауға, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың орындалуына, биліктің халық тағдыры алдындағы жауапкершілігін арттыруға және әлеуметтік экономикалық тұрғыдан аймақтардың проблемасын шешуге шынайы септігін тигізіп отырғанын баса назарға алуымыз керек. Елбасының биылғы Жолдауында тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өткеніне лайықты баға беріліп, тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріміз өз бағасын алып, келешектің кемел жоспарлары жасалынды. Жолдаудың маңыздылығы сонда – біз болашақ даму бағдарын айқындап, бағытымызды белгілеуге мүмкіндік алдық.
Өткен жылда толайым табыстарға қол жеткізгенімізді жалпы өнім көлемінің облыс бойынша 1 триллион 16 миллиард теңге құрағанын және өткен 2009 жылдағы көрсеткіштен бұл нәтиженің 5,9% артық болғанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі аймақ экономикасының дамуында 82 миллиард теңгені құрады.
Сондай-ақ, аймақ экономикасын жаңғырту мақсатында 230 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен 2009 жылғыдан инвестиция көлемінің 15 миллиард теңгеге артқанын дәлелдеді.
Құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар оң нәтиже беріп, 85,4 миллиард теңгенің ауқымды жұмысы атқарылды және бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 102,7%-ға артық орындалғанын аңғартады. Осынша атқарылған қыруар жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 231 мың шаршы метрді қамтитын 1862 пәтер пайдаланылуға берілді.
Сыртқы сауда айналымын 21,4%-ға арттырған экспорт сұранысы ел экономикасының ілгері қадам басуына зор септігін тигізгенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар, өткен жылда шағын және орта бизнестің дамуына ауқымды көлемде қолдау көрсетіліп, бұл саладағы өнім көлемі 9%-ға артты.
Аймақ көлемінде бағаның құнсыздануына қатысты бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды. Соның арқасында инфляция жүйесінде бағаны ырықтандыру мәселесінде тұтынушылар сұранысын қанағаттандыратындай нәтижелерге қол жеткіздік. Нарықтағы бағаның тұтынушы сұранысына сәйкестілігін реттеу мақсатында жүргізілген жұмыстардың арқасында 2009 жылдың желтоқсан айындағы жағдаймен салыстырғанда 107,5% бағаны ырықтандыру көрсеткішіне қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейдегі көрсеткіштен 0,3%-ға төмен болды.
Аймақ бойынша орташа жалақы көлемі 65 мың теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15,9%-ға өсті.
Облыс бюджетінің түсімі 154,4 миллиард теңгені құрап, жоспардың 102,2%-ын құраған көрсеткішіне қол жеткіздік. Өткен 2009 жылмен салыстырғанда бюджет түсімі 12,1%-ға артты. Бюджет түсімінің артуына байланысты облыс бюджетінің шығындары да 16,4 миллиард теңгені құрап, осы жылда жалпы 153 миллиард теңгені құрады.
Әлеуметтік маңызы бар салаларға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласын қаржыландыру көлемі артып, аталған салаларды жаңғырту мәселесінде толайым табыстарға қол жеткізілді. Бұл салаларға жалпы облыс бюджетінің шығыс көлемінің 58%-ы бағытталып, 88,6 миллиард теңге игерілді.
Бюджеттік салалардың жалақы қорын мерзімінде қамтамасыз ету мақсатында және оқушылардың шәкіртақысы мен коммуналдық қызмет төлемақыларын төлеуде кідіріс болған жоқ.
Жалпы облыс бойынша 2010 жылдың даму бюджеті 30,8 миллиард теңгеге болып, облыс бюджетінің жалпы көлемінің 20,1%-ға артуына септігін тигізді. Осы мақсаттағы кешенді жұмыстардың арқасында білім беру, денсаулық сақтау, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй және табиғат қорғау мақсатындағы шараларға аймақтың даму бюджетінің 53,7%-ы бағытталды.
«Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, мерзімінде толық игерілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамытуға 2,5 миллиард теңге субсидия бөлініп, мақсатты жұмсалды. Мұның сыртында 2010-2011 жылдарға арналған арнайы бағдарлама негізінде мал басын өсіруге және мал тұқымын асылдандыруға ҚР Үкіметі қорынан осы мақсаттағы шығындарды өтеуге 700 миллион теңге бөлінді.
ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңының жүзеге асырылуы мақсатында облыс бюджетінің үштен бір бөлігі аталған саланы қаржыландыруға бағытталып, бұл саладағы қаржыны игерудің жариялылығы, шынайылығы мемлекет тарапынан қадағалауда болды. Мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткен кезде тараптардың келісімімен 2,8 миллиард теңгеге үнем жасалды.
Мемлекеттік сатып алу байқауларын ұйымдастырушылар тарапынан қазақстандық мазмұнды қалыптастыру бағытында бірқатар іс-шаралар оң нәтижесін берді. Жалпы 2010 жыл бойынша мемлекеттік сатып алуға ұсынылған тауар, жұмыс және қызмет көлемі 26,6 миллиард теңгені немесе жалпы көлемнің 80,6%-ын құрады.
Аймақ бойынша мемлекеттік коммуналдық қызмет көрсететін заңды тұлғалар қатарының өскенін және оның бүгінгі күнде 1663 бірлікке жеткенін ауыз толтырып айтарлықтай табысқа балауымыз керек. 2009 жылмен салыстырғанда облыс бойынша коммуналдық меншік бойынша мемлекет активі 2,1 миллиардқа өсті.
Коммуналдық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында өткен жылы коммуналдық меншік объектілерін оңтайландыру басталды. Ол бірінші кезекте мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге, шығынсыз қызметке, сол арқылы пайда табуға бағытталған.
Өткен жыл қорытындысы еліміздің үдемелі индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда қолданылған шаралардың тиімділігін көрсетті. Бұл дегеніңіз өнеркәсіп өндірісін 5,9%-ға, соның ішінде басым салалар: машина жасау – 6,4 есе, химия өнеркәсібі – 1,3 есе, резина және пластмасса бұйымдарының өндірісі – 1,6 есе, құрылыс индустриясы – 1,5 есе өсті деген сөз. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 78%-ға өсті. Өнеркәсіп секторында 2569 жұмыс орны, ал шағын және орта бизнесте 2570 жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыруға өнеркәсіптің базалық саласын дамыту тұғырнамасы ықпал етті. Ол өнеркәсіпті қайта құру, өнеркәсіп кешендерін басқаруға бағдарламалық-мақсаттық тәсілдерді енгізу болды. Соның аясында базалық салаларды дамытудың дәйекті схемасы жасалды. Осы тұғырнаманың негізінде 100 инвестициялық жобалар енгізілді, соның 24-і еліміздің индустриализациялау картасына кіріп, оның құны 238 млрд. теңге болды. Есепті мерзімде соның 9 нысаны іске қосылып, 800-ден астам жұмыс орны ашылды. Осы өндірістің әрқайсы өзінше ерекше және мемлекет басшысының үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі қойған міндеттерін нақты іске асырады.
Мысалы, Жалын кен орнындағы «Сарыарқа – ENERGY» компаниясының жаңа өндірісін іске қосудың ерекшелігі сонда, бұл өндіріс жартылай коксты алу үшін қосымша өнім ретінде ілеспе газды пайдалана отырып, электр энергиясы мен химия өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Осы өндірісте көмір қабаттарын терең өңдей отырып жылына 2 млн. тоннаға дейін жоғары сапалы тас көмір өндіруге жол ашады. Бұрында мұндай сапалы өнім елімізде өндірілмеген болатын. Жалын кен орнының көмір қоры анықталып, 35-40 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге жететіндігі, сөйтіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен тұрақты қамтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, өткен жылы біздер ерекше және жоғары технологиялық кейбір жобаларды іске асыра бастадық. Бұл – «Сары Қазына» компаниясының катодтық мыс өндіру жөніндегі заманауи гидрометаллургиялық заводтың құрылысы, «Фермер» деп аталатын ауыл шаруашылығына қажетті ұшақтарды шығару заводы. Бұл ұшақтар бүкіл Қазақстанды алқаптарды өңдеуге қажетті ұшақтармен қамтамасыз ететін болады.
Шағын және орта бизнесті дамытпай индустриализацияны іске асыру мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында облысымызда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 5 мың жұмыс орны сақталып қалды. Аймақтың кәсіпкерлері кәсіпорындарды жаңарту және жаңасын ашу, сервис кәсіпорындарын құруға айтарлықтай көмек алды. Бұл дегеніңіз 10 млрд. теңге көлеміндегі несиелік ресурстар. Облысымызда кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдай жасау мақсатында әкімшілік кедергілерді төмендетуге байланысты жұмыстар жасалды. Атап айтқанда, ескірген рұқсат беру құжаттары жойылып, жаңа құжаттарды алу жеңілдетілді. Соның нәтижесінде 14 рұқсат беру құжаты күшін жойып, кәсіпкерлердің қаржылық шығыны 53%-ға, уақытты жоғалту шығыны 54,2%-ға қысқартылды. Арзандатылған несие, әкімшілік кедергілердің азаюы отандық өндірушілердің жағдайын жақсартып, соның нәтижесінде қазақстандық мазмұн көтерілді. Есепті жылда товар, жұмыс және қызметті сатып алудағы қазақстандық мазмұн аймақтың жүйе қалыптастырушы кәсіпорындарында 67%-ға жетті. Ұлттық компанияларға 29,1 млрд. теңгенің өнімдері берілді. Бұл жұмысқа машина жасаушылардың консорциумы белсенді қатысуда. Мысалға, оның кәсіпорындары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахталары үшін механикаландырылған тазалау кешенінің қадаларын шығару жұмысына тартылып, жалпы жұмыстың 30%-ын атқаратын болды. Консорциум 30 кәсіпорынның басын біріктіріп отырып, бұл негізінен шағын және орта бизнестің субъектілері. Бүгінде ол көптеген тапсырыстар алып отыр. Атап айтқанда, әлеуметтік сала нысандары үшін қазандық пен қазандық жабдықтарын шығару, қаланы абаттандыруға қажетті сыртқы абаттандыру және шағын архитектуралық формалар, шағын наубайханалар үшін және мал сою пункттеріне қажетті жабдықтар.
Тұрғындардың өтінішіне байланысты әлеуметтік мәселелерді шешу үшін облыстағы ірі компаниялар – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы, «Қазақмыс» корпорациясы», табиғи ресурстардың евразиялық корпорациясымен тығыз ынтымақтастық қатынастар жасалуда. Есептік жылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында олар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорттың шараларына 6,5 млрд. теңге қаржы бөлді.
Есепті мерзімде агроөнеркәсіп кешені серпінді дамып, табиғи қиындықтарға қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Барлығы 322 мың тонна дәнді дақыл өндірілді, картоп өндірісі артты, мал шаруашылығында ілгерілеу болып, сүт пен жұмыртқа өндіру өсті. Сапа менеджмент жүйесі АӨК-нің 40 субъектісіне енгізілді.
Облыс қалаларының тұрғындарын төмендетілген бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жәрмеңкелер өткізілді. Жыл ішінде осындай 338 жәрмеңке өткізілді. Соның ішінде дәстүрді күзгі «Ауыл-береке» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда барлығы 1,4 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Облысымызда өз өнімдерін делдалсыз өткізетін 39 селолық өндіріс кооперативтері жұмыс жасап, олар 1 млрд. 412 млн. теңгенің өнімін өндірді.
Агроөнеркәсіп кешенінің барлық қызметі стратегиялық мақсатқа жету, яғни ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, бәсекеге қабілеттілікті жетілдіріп, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Осы мақсатта АӨК-ны дамыту үшін Қарағанды облысында 2011-2015 жылдары және 2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы индустриалдық-инновациялық тұғырнама жасалды. Осы құжатты іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісінің, өңдеу өнеркәсібінің көлемі артып, суармалы жерлерді қалпына келтіру, заманауи агротехнологияны қолдану, жоғар өнімді тұқым сеуіп, өнімді мал тұқымдарын алуға жол ашады.
Біздің тарапымыздан ауылда тұратын адамдарға барынша жайлы жағдай жасауға шаралар қолданылып жатыр. Селолық елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды және инженерлік инфрақұрылымдарды салу және қайта жөндеудің 3 жылдық бағдарламасы жасалды. Яғни, селоларды абаттандыру, оларда монша, наубайхана, спорт ғимараттарын, мал сою пункттерін ашу шаралары қарастырылған.
Облыстың аграрлық секторында үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жоғары өнімі экспортқа бағытталған жаңа өндірістер салу үшін инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Бүгінгі күнде жалпы құны 14,2 млрд. теңге тұратын 6 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы нысандарды іске қосу ішкі рыноктағы сапалы өнімді арттырумен бірге жұмыспен қамту проблемасын шешетін болады. Соның нәтижесінде селолық аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
2010 жылы жер қатынастары саласында едәуір өзгерістер болды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жер қойнауын пайдалануға келісім жасау негізінде 6,1 мың га жер пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге арендаға берілді. Осындай кен орындарының біразы облыстың индустриализациялау картасына енгізілді, бұл дегеніңіз инвестиция тартып, әлеуметтік саланы дамытуға мүмкіндік береді. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді айналымға қосу жөнінде көп жұмыстар атқарылып жатыр.
Өткен жылы қалалар мен поселкелерді, ауылдарды дамытудың кешенді жоспарлау бойынша мақсатты жұмыс жасалды. Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен Жезқазған және Теміртау қалаларының бас жоспары бекітілді. 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес жалпы сомасы 275,5 млн. теңге болатын қалалар мен аудандардың бас жоспарын жасау күтіп тұр. Мемлекеттік қала салу кадастрының облыстық деңгейі және базалық аймақтық деңгейін жасау жұмыстары аяқталып қалды. Қалалар мен аудандарда мемлекеттік қала салу кадастрын енгізу, тіркеу, өңдеу, карталарға енгізу және қала салу кадастры есебіндегі нысандар жөніндегі электрондық ақпараттар жасау, мәліметтер базасын толтыру, облыстық деңгейде ақпараттарды беру жұмыстары жасалуда. Архитектуралық-құрылыстық бақылау жөніндегі шаралар іске асырылды. Үлесшілер құрылысына келсек, 2010 жылдың желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің соңғы төртінші блогы пайдалануға берілді. Осылайша барлық 82 үлесшінің проблемасы шешілді.
Әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылыстары жүргізілді. Соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балабақшалар салынды. Атап айтқанда, Теміртау қаласында 320 орындық және Бұқар жырау ауданының Доскей селосында 160 орындық балабақша іске қосылды. Қарағанды қаласындағы Жаңаарқа ауданындағы 320 орындық 2 балабақшаның және Ақтау селосы мен Ескене селосында мектептер салынып жатыр. Саран қаласындағы 500 орындық психоневрологиялық интернат үйі пайдаланылуға берілді. Облыс орталығында қан орталығының құрылысы және Қарағанды қаласындағы кардиологиялық орталықты қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұлар биылғы жылы аяқталады.
Биылғы жылы жергілікті билік органдары тұрғын үй-коммуналдық кешеніндегі проблемаларды шешуге шаралар қолданды. Шын мәнінде облыстың коммуналдық кәсіпорындары шығынды болып табылады. Сол себепті, біздер әрбір кәсіпорын бойынша оларды шығынсыз режимге шығару жөнінде бағдарлама жасадық. Мұндай кезде біздер кәсіпорындардан бюджет қаржысынан басқа сол компаниялардың өздері негізгі құралдарды жаңарту және жаңа энергия үнемдегіш технологияларды енгізуді талап еттік. Өткен жылы облысымызда «2011-2015 жылдарға арналған энергия үнемдеу бағдарламасы» қабылданды. Соның арқасында қазіргі станциялар мен кәсіпорындардың қуатын арттырып, жаңа технологиялар енгізіп, шығындарды азайтып, жаңадан салынып жатқан құрылыстар үшін қосымша қуаттарды босатуға жол ашылады. Энергиямен жабдықтау кәсіпорындарындағы делдалдық құрылымдарды жойып, энергия тасымалдаушы ұйымдардың санын азайтуға байланысты жұмыстар жүргізілді. Осы мерзім ішінде облысымыздағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың саны 28-ден 10-ға дейін қысқартылды.
Тұрғын үй қорын сақтау және елді мекендерді абаттандыруға байланысты инфрақұрылымдарды дамытуға шаралар қолданылды. Мысалы, Қарағанды қаласында демеушілік қаржылар есебінен 9 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделіп, 13 көпқабатты үйлердің төбесі бүтінделіп, жергілікті бюджет есебінен 15 лифт қалпына келтірілді. Шахтинск қаласында жергілікті бюджет есебінен 1 лифт алмастырылды. Үстіміздегі жылы да тұрғын үй қорын сақтау шаралары жалғасады. Есепті мерзімде бюджеттік және демеушілік қаржы есебінен елді мекендердегі 227 аула абаттандырылды. Соның ішінде Қарағанды қаласында «Жол картасы» аясында 250 млн. теңге болатын 61 аула жөнделді.
«Ауыз су» аймақтық бағдарламасы аясында 114 елді мекенді тұрақты сумен қамтамасыз етуге қол жеткізіліп, 700 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды. Осы жобаны іске асыру үшін барлық қаржы көздерінен 16,6 млрд. теңге бөлінді. Республика үкіметі 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» жаңа салалық бағдарламасын бекітті. Үстіміздегі жылы 31 сумен жабдықталу нысан үшін 5,4 млрд. теңге бөлінді.
2010 жылы жүк машиналарымен тасылған жүктің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 116,6%-ға, жолаушылар тасымалдау 112,5%-ға артты. Облыста 270 автобус маршруттары бойынша жолаушылар тасымалданады, соның ішінде ішкі қалалық 115 маршрут, қала маңындағы 54 маршрут, облыс ішіндегі қалааралық 79 маршрут жұмыс істеп, 233 елді-мекенді тұрақты қатынаспен қамтыды. Барлығы 44 елді-мекендерді қамтитын әлеуметтік маңызы бар 11 теміржол жолаушылар тасымалдау маршруттары ұйымдастырылды. «Қарағанды-Жезқазған-Қарағанды» тұрақты әуе рейсы ашылды. 2011 жылы әлеуметік маңызы бар «Қарағанды-Балқаш-Қарағанды» әуе маршрутын ашу жоспарлануда.
Облысымыздың 433 селолық елді мекендеріне телефон орнатылды. Барлығы 438 телефон станциясы жұмыс жасайды, оның 258-і қалалық, 180-і селолық. Байланыс жүйелерін сандық форматқа көшіру жөнінде 9 селолық аудандардың 7-де жұмыс аяқталды. Алыс елді мекендерде 32 «Дама» жүйесі және 22 SKY EDGE спутниктік жүйесі жұмыс жасап тұр.
2010 жылы облыстық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға облыстық маңыздағы 36 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалып, 91 шақырымға орташа жөндеу жүргізілді. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша облыстық маңыздағы 317 шақырым автокөлік жолдарына орташа жөндеу жасалып, сондай-ақ Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Абай қалаларының көшелері жөнделді.
Облыстың қалалары мен аудандарында елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағдарламасы жасалды. Соған сәйкес өткен жылдың көктемінде 100 мыңнан астам көшеттер отырғызылды. Қарағанды қаласын көгалдандыру және Қарағанды–Теміртау күре жолының бойына ағаштар отырғызу жоспарға енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда «Қарағанды су қоймалары» мекемесі құрылды. Оның басты міндеті – коммуналдық меншіктегі су шаруашылығының қызметін қамтамасыз етіп, апатты су шаруашылығының қондырғыларын және жүйелерін қалпына келтіру болып табылады.
Әлеуметтік саясаттың бір принципі – еңбекке қабілетті адамдарды ел экономикасына тарту. Сол себепті, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі бағыттарының бірі. Тұрғындарды белсенді әлеуметтік қолдау шаралары еңбекпен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі облыстық жоспарды іске асыру кезінде қолға алынды. Өткен жылы еңбекпен қамту бөлімдері 50 мың адамды жұмысқа тартып, 11 мың жұмыссыз адамды қоғамдық жұмыстарға тартып, 6 мыңнан астам адамды кәсіби қайта даярлау курстарына жіберді. Өткен жылы еңбекпен қамту бағдарламасы үшін жергілікті бюджеттен 527 млн. теңге бөлінді. «Жол картасы» нысандарына 15 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Сонымен бірге, кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасын өткізетін орындар ашылып, оған үш мың адам жіберілді.
Әлеуметтік қамту органдарында 50,7 мың мүгедек есепте тұрады. Облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде қариялар мен мүгедектер үшін 9 интернат үйлер жұмыс жасап тұр. Облысымызда тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдейтін 3 орталық, жалғызбасты және қартайған мүгедектерге үйде көмек көрсететін 16 бөлімше, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде көмек көрсететін 18 бөлімше қызмет етіп тұр.
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлау кезінде 28 мыңнан астам ардагерге әлеуметтік көмек берілді. Жеңіс мерекесі кезінде мемлекеттік және мемлекеттік емес көздерден оларға 1,2 млрд. теңгенің көмегі көрсетілді.
Облысымыздағы 286 мың зейнетақы және жәрдемақы алатын адамдарға ай сайын 570 мың әлеуметтік төлемдер, жалпы сомасы 8,7 млрд. теңге төленеді. Зейнетақы әрбір айда төленеді, берешек жоқ. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 177 мың 549 адамның зейнетақысы 30%-ға өсірілді. Жаңа жылдан бастап 180 мың 333 адамның базалық зейнетақы көлемі 8 мың теңге болды. 1 қаңтардан бастап төменгі күнкөріс мөлшерінің артуына байланысты мүгедектер, асыраушысын жоғалтқандар, жасына байланысты жәрдемақы алатын 64 мың 373 адамның базалық-әлеуметтік жәрдемақысы 9%-ға өсірілді.
Айлық есептік көрсеткіштің көлемі өзгеруіне байланысты 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап 109 мың 584 арнаулы мемлекеттік жәрдемақының және №1, №2 тізімдер бойынша 12 283 адамның мемлекеттік арнаулы жәрдемақысының көлемі артты. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек қабілетін жоғалтқан немесе асыраушысын жоғалтқан 7980 адамның әлеуметтік жәрдемақысына 7% индексация жасалды.
Жергілікті атқарушы органдар еңбек заңдылығын сақтап, жұмысшылардың еңбек құқын қорғап, еңбек қауіпсіздігін сақтауға үнемі көңіл бөліп келеді. Бұл әсіресе, заңсыз жұмыстан қысқарту, жалақыны уақытында төлемеуге қатысты. 2010 жылы өкілетті органдар 2715 кәсіпорын мен ұйымға осы жөнінде тексеру жасап, соның нәтижесінде Еңбек заңын бұзудың 4,7 мың оқиғасын тіркеді. Мұндай заңсыздықтарға жол берген кәсіпорын басшыларына жалпы сомасы 22,5 млн. теңге болатын айыппұлдар салынды. Кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына 281 материал жіберілді.
Өндірісте жарақаттанудан сақтануға және қауіпсіздік пен еңбек қорғауға бағытталған алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс берушілердің жалақыны дер кезінде беруі жөніндегі еңбек заңнамасын сақтауын бақылау күшейтілді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде жалақы жөніндегі 112 миллион теңге қарыз өтелді.
Азаматтардың еңбек құқығын қорғау жөніндегі мәселе бойынша жағдайды қарап отыру үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, прокуратураның басшылары, сол сияқты кәсіподақтар федерациясының өкілдері енгізілді.
Ішкі саясат саласына, азаматтық қоғам институттары мен қызметтестікті дамыту саласына ерекше көңіл бөлінді. Облыс аумағында саяси партиялардың 10 филиалы, үкіметтік емес 482 ұйым, 413 діни бірлестік, 71 этно-мәдени бірлестік, 22 кәсіподақ ұйымы тіркелген.
Облыс бойынша Қазақстанның ЕҰҚК-ға төрағалық етуіне, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына, Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына, Қазақстан Республикасының Конституциясының, Тәуелсіздік күнінің 15 жылдығына арналып, жеті мыңнан астам әр түрлі қоғамдық-саяси шаралар өткізілді. Есептік кезеңде Елбасының Қарағанды облысына келуі ерекше есте қалатын оқиға болды.
Облыста үкіметтік емес ұйымдар, қоршаған ортаны қорғау, мүгедектер мен ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарға көмек, нашақорлық пен алкоголизмге қарсы күрес және оның алдын алу, жастармен жұмыс, адам құқығын қорғау және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істеуде.
2010 жылы ҮЕҰ-дың 158 әлеуметтік мәні зор жобаларын орындауға облыстық, қалалық және аудандық бюджеттерден 158 миллион теңгеге жуық, мемлекеттік жастар саясатының 34 жобасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 33 млн. 914 мың теңге бөлінді.
Жастармен жұмыста олардың қоғамдық әлеуетін белсенді ету мақсаттары қойылды. Өткен жылы «Президент командасында – күшті Қазақстан үшін» ұранымен жөндеу, құрылыс және басқа жұмыстарда, сол сияқты қызмет көрсету саласында 114 студенттердің құрылыс отряды және 41 «Жасыл ел» отряды жұмыс істеді. Бұлар алты мыңға жуық адам.
Діни экстремизмнің алдын алуға, конфессияаралық қатынастарда төзімділікті дамытуға, конфессияаралық келісімді нығайтуға баса назар аударылады.
Қоғамның тұрақтылығын нығайту, патриоттық және азаматтық тәрбиені нығайту жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік сауал қорытындысы бойынша сұрау салынған тұрғындардың 90,3 пайызы қоғамдық-саяси жағдайды қолайлы және орнықты деп бағалайды. Сұрау салғандардың 94,9 пайызы Мемлекет басшысының саясатына сенеді.
Білім беру саласындағы басқару органдарының жұмысы оқу-тәрбие үрдісін одан әрі дамытуға, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу деңгейінің сапасын арттыруға бағытталды.
Президенттің балаларды мектепке дейінгі қамту және оқыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін мектепке дейінгі білім беру желісін дамыту жөнінде облыста жоспар жасалды және жүзеге асырылуда, соған сәйкес 2013 жылдың басына дейін 3 жастан 6 жасқа дейінгі қажет еткен барлық балалар мектепке дейінгі мекемелерден орынмен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі кезде облыста 177 балалар бақшасы және 285 шағын орталық жұмыс істеуде, олар жоспар бойынша 81,9%-дың орнына (4 балалар бақшасын пайдалануға қосу мен 5 шағын орталық ашу есебінен) 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 82,4 % қамтылған.
Мектептердегі компьютер паркі кеңейтілді, соның нәтижесінде облыс бойынша 2009 жылғы 9,2-нің орнына 8,34 оқушыға 1 компьютерден келеді. Мектептерді жаңа үлгідегі кабинеттермен жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғасуда.
«Жол картасы» жобасы және мемлекеттік тапсырыс бойынша үш мың адам қайтадан оқытылды, 570 адам 13 кәсіп (мамандық) бойынша оқытылу жалғастырылуда, бір айдан үш айға дейінгі мерзімдегі 20-дан астам қысқа мерзімдік оқу бағдарламасы жасалды.
Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласында алға қойған міндеттерін шешу жөніндегі үлкен жұмыстар атқарылды.
Саланы қаржыландыруға 33 миллиард теңгеден астам бөлінді, бұл 2009 жылғыдан 11% артық.
Денсаулық сақтау мекемелерінің желісі дами түсуде. Бұқар жырау ауданында аудандық орталық аурухана ашылды. Облыстық қан орталығының құрылысы аяқталды, Қарағанды қаласында №1 емхана үшін ғимарат алынды, перинатальдық орталық жөнделді және ашуға дайындалуда, облыстық кардиохирургиялық диспансердің хирургиялық корпусының құрылысы жалғасуда.
«Жол картасы» аясында 1,8 млрд. теңге сомасындағы 61 денсаулық сақтау нысанына жөндеу жүргізілді.
Халықаралық бағдарламаны, осы заманғы диагностикамен емдеу технологиясын енгізу жалғасуда.
2010 жылы облыстың емдеу мекемелері Денсаулық сақтаудың Бірыңғай Ұлттық жүйесі жағдайында жұмыс істеуге кірісті. Алғашқы жылдың қорытындысы олардың медициналық қызмет көрсету нарығында бәсекелестік қабілетінің артуы жөнінде облыс денсаулық сақтау саласы үшін қолайлы перспективалық жағдай туғызғандығын көресетеді.
Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық базасы нығайды. Осы заманғы ақпараттарды қолдана отырып, оның ішінде мемлекеттік жеке әріптестігінде зерттеу мен емдеуге қол жеткізуді қамтамасыз ету принципінде 2010 жылы Теміртау қаласында гемодиализ орталығы және жоғары технологиялық орталықтандырған зертхана ашылды. Біз медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін жеке бизнес әлеуетін пайдалануды одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Осының барлығы тұрғындардың денсаулығын жақсарту жағдайын сипаттайтын көрсеткіштердің жақсарғандығымен шартталады. Мәселен, 2009 жылмен салыстырғанда сәбилердің қаза табу көрсеткіші 15% төмендеген, аналардың қаза табуы 10 есе азайған. 2009 жылғы туберкулезбен науқастану деңгейін 7,5% төмендетуге, қаза табуды 28%-ға азайтуға қол жеткізілді.
Егер әлеуметтік мәні бар науқастану туралы айтатын болсақ, онда 2009 жылмен салыстырғанда жүректің ишемиялық ауруынан қаза табу екі есеге, қан тасу ауруынан қаза табу 1.5 есеге азайған.
Облыстың денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрғындарға мемлекет кепілдік берген медициналық көмек көрсетуді толық көлемінде қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндет тұр.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, ол қанағаттанарлық деп бағалануда. 2009 жылмен салыстырғанда инфекциялық және паразиттік науқастанудың жалпы деңгейі төмендеген. Алдын алу егудің барлық түрлері бойынша ДСҰ-ның ұсынып отырған көрсеткішіне қол жеткізілген.
«Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған алдын алудың кешенді жүзеге асырылуы мектеп оқушылары арасындағы науқастану көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берді.
Үстіміздегі жылы мәдениет саласында одан әрі оң өзгерістерге қол жеткізілді.
Өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы жұмыстар аяқталды. Мәдениет және тарихи 16 ескерткішті археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылды, тарихи-мәдени мұраны насихаттау жөніндегі 14 әлеуметтік мәні бар жоба жүзеге асырылды.
2010 жылы өңірдің және тұтастай Қазақстанның тарихын зерттеу үшін үлкен мәні бар ерекше табысқа қол жетті. Талды-2 қорымына археологиялық зерттеу жүргізу кезінде біздің эрамызға дейінгі ҮІ ғасыр деп белгіленген Сақ кезеңіндегі 130 дан астам әшекей бұйымдар табылды.
Ауылдық және тұрғындары аз, алыс елді мекендерді кәсіби шығармашылық ұжымдардың қамтып мәдени қызмет көрсетуі жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілді. Ауылға мәдени қызмет көрсету дәстүрін жалғастыру, мәдени демалыс үлгісін дамыту үшін театральды-көрнекі ұйымдар «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдени-ақпарат керуеннің лекциялық топтармен, жылжымалы мұражаймен шығуын қолдау және одан әрі жалғастыру қажет.
Облыстың мәдени әлеуетін насихаттау мақсатында театральдық ұжымдардың Түркияға, республика қалалары бойынша гастрольдік сапарға шығуы жүзеге асырылды. К.Станиславский атындағы орыс драма театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған (Тараз) республикалық театрлар фестивалына, С.Сейфуллин атындағы театр Каирда (Египет) өткен халықаралық театрлар фестивалына қатысты. Кәсіби шығармашылық ұжымдарының шығуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау аясында биылғы жылда да жалғасатын болады.
Өткен жылы дене тәрбиесін және спортты дамытуға 4,9 млрд. теңге бөлінді, бұл 2009 жылғы деңгейден 1,3 млрд. теңге артық. Осы қаражаттың бір бөлігі Н.Әбдіров спорт комбинатын, «Жастар» жүзу бассейнін және Теміртау қаласындағы мұз айдыны спорт сарайын, Ә.Молдағұлова атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жатақханасын күрделі жөндеуге, көпсалалы және хоккей корттарын сатып алуға, Ә.Молдағұлова атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың және Теміртау қаласындағы филиалының оқушылар санын арттыруға бағытталды.
«Жол картасы» бағдарламасы бойынша 11 спорт нысанында 1,2 млрд. теңге сомасында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасындағы өзара қызметтестік туралы меморандумға Қарағанды облысынан 2010 жылғы ХҮІ Азия ойындарына, 2011 жылғы Астана мен Алматыдағы ҮІІ Қысқы Азия ойындарына, 2012 жылғы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына (Лондон) қатысатын 5 кандидатты қаржылай қолдау туралы тармақ енгізілді.
Тілдерді қаржыландыру және дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар мен міндеттердің шаралары бірқалыпты жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша қоғамдық өмірдің негізгі салаларында мемлекеттік тілді талап етудің дәрежесі 45% құрайды. Жалпы құжат айналымының көлемі ішінде мемлекеттік тілде жөнелтілетін құжаттардың көлемі 74,5% құрайды.
Тілдердің жұмыс істеуін дамытудың 2010 жылға арналып бекітілген жоспарына сәйкес 3 фестиваль, 10 конкурс, 6 семинар, 1 дөңгелек стол және 1 мүшәйра (ақындар сайысы) өткізілді.
Демографиялық жағдайға қатысты айтатын болсақ, Қарағанды облысының тұрғындарының саны есептік дерек бойынша 1 млн. 352 мың адамды құрады. Бұл 2010 жылдың басымен салыстырғанда 4,9 адамға көп. Қала тұрғындарының саны 1 млн. 55 мың, ауыл тұрғындары 296,6 мың адам. Облыс аумағында республика тұрғындарының 8,2% өмір сүруде.
Тұтастай алғанда 2010 жылы облыс бойынша 22 мың бала туу тіркелген, бұл 2009 жылғыдан 323 адамға артық. Жалпы туу коэффициенті орта есеппен 1 000 тұрғын адамға шаққанда 17,18 ден 17,42-ге арта түскен.
Жұмылдыру даярлығы мен аумақтың қорғаныс қуатын дамыту мәселесі жергілікті билік органдарының жұмысындағы маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Жыл бойы қалалар мен аудандардың жұмылдыру дайындығы жөнінде шаралар жүзеге асырылды. Облыстық ауқымда 5 әскери-жұмылдыру жаттығуы өтті. Онда өңірдің соғыс жағдайындағы экономикалық әрекет мәселелері бойынша жаттығу жүргізілді, жұмылдыру резервтерін құру жөніндегі экономикалық субъектілердің міндеттері айқындалды.
Мемлекет көшбасшысының «Қазақстан Республикасындағы аумақтық қорғанысты ұйымдастыру туралы» Жарлығына сәйкес Шет ауданында облыстың аумақтық қорғаныс бөлімшелерін қатыстыра отырып, оқыту жиыны және арнайы тактикалық жаттығуы өтті.
Басқару органдарының жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі төтенше жағдайдың алдын алу және экономика мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. ТЖ-дың алдын алу және оны жою жөніндегі облыстық комиссияның қызметі міне, осы мақсатқа жұмылдырылған.
 Тасқын кезіндегі төтенше жағдайдын алдын алу мақсатында су қоймаларының, плотиналардың, тоғандардың су өткізгіштігіне зерттеу жүргізілді. Гидротехникалық құрылғылар және көктемгі тасқын кезінде елді мекендерге, автомобиль жолдарына және темір жолдарға қауіп тудыратын тоғандар есепке алынды.
Өрт қаупі басталар маусымы алдында «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 2010 жылы облыс аумағында табиғи өрттерді сөндіруді ұйымдастыру жоспары» бекітілді. Жүргізілген шаралар облыс аумағында дала және орман өрттерінің көлемінің елеулі түрде қысқаруына жағдай туғызды.
Азаматтардың, экономиканың және шаруашылық салаларының және өмір қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Кадр саясатына келетін болсақ, онда Елбасының тапсырмасына сәйкес біз кадрлардың орнын ауыстыру жұмыстарын жүргіздік. Орталық мемлекеттік органдардан жауапты лауазымдарға, облыстық басқармалардың бірінші бастығына, қалалар мен аудандардың әкімдігіне білікті мамандар шақырылды.
Конкурстық іріктеу арқылы бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қалалар мен аудандардың әкімдерінің орынбасарлары, сол сияқты облыстық басқармалар бастықтарының орынбасарлары тағайындалды.
Жергілікті атқарушы және орталық органдар арасында мамандар алмасу жүйесі тұрақты қолдау табуда. Жергілікті атқарушы органдардан орталық мемлекеттік органдарға басқарушы лауазымдарға әкімнің бұрынғы орынбасарлары және облыс әкімі аппаратының жетекшілері тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша облыс әкімі аппаратының жаңа басшысы, сол сияқты Қарғанды, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Саран, Теміртау қалаларының әкімдері; Қазыбек би атындағы, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Ұлытау аудандарының әкімдері тағайындалды. Жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың қызметкерлерінің штаттық санына 15% оңтайландыру жүргізілді.
Құқық тәртібін нығайту жөніндегі жұмысты тиімді және бірқалыпты жүргізу үшін және қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, есірткі бизнесімен, экстремизммен, лаңкестік көріністерімен және қылмыспен күресу үшін, кәмелетке жасы толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін және жол қозғалысы қауіпсіздігінің өңірлік бағдарламасы жасалған.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға қоғамдық институттар мен құрылымдарды тарту жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Қазіргі күнге дейін облыста жалпы саны 4 мың адамға жуық осындай 300 құрылым жұмыс істеуде. Сол сияқты көпқабатты үйлердің кіре берісі мен оларға жақын жатқан аумақтарды күзету үшін «консьерж» институты, ал селолық жерлерде «Сарбаздар» мен «Сақшылар» отряды жұмыс істейді.
Оқушы жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында облыстың кейбір жоғары оқу орындарында студенттік отрядтар құрылған. Олардың міндетіне оқу орнындағы және студенттік жатақханалардағы қоғамдық тәртіпті сақтау кіреді.
2010 жылы қосымша 30 бейне-бақылау камерасы сатылып алынды және орнатылды. Қазіргі күні жалпы саны 268 бейнекамера жұмыс істейді. Олар қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды, оның ішінде жол полициясы желісіндегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес сияқты мәселелерге де тұрақты назар аударылды. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне, барлық деңгейдегі басшыларға олардың өздеріне тапсырылған мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жөніндегі жұмыстарға жекелей басшылық жасауы тапсырылды.
2010 жылы тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша 151 мемлекеттік қызметші, оның ішінде 19-ы сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін және 132-сі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Тәртіптік кеңестің жұмысының қорытындысы бойынша мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде 87 нұсқау мен ұсыныс жасалды.
«Электронды әкімдік» құру және жұмыс істеу сияқты мәселеге де тоқталып өтейік.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес құжат айналысының облыстық электрондық жүйесіне жаңарту енгізілді. Ол республикалық құжат айналысының жұмыс істеу саласының өзгеруімен, заңды және жеке тұлғалардың өтініш-тілектерін қабылдау және өндеу сервисін жүзеге асырумен байланысты. Қазір ведомствоаралық құжат айналымы жүйесіне қосылған облыстық ұйымдардың шеңбері елеулі дәрежеде кеңейді. Бүгінгі күнге дейін олардың саны 163, жоспар бойынша 41 болуы қажет еді.
Тұрғындардың баламалы, электронды түрде қызмет алу мүмкіндігіне қол жеткізу үшін «Қала аумағы» атты шартты кварталмен прототип құру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаның мақсаты – азаматтар мен ұйымдарға коммуналдық қызмет, айып, салық төлеу қонақ үйлерден, театр мен кинотеатрлардан орынға тапсырыс беру, дәріханалардағы дәрі-дәрмектің барлығы, бос жұмыс орындары, негізгі товарлар мен азық-түліктер бағаларына және сол сияқтыларға ақпарат алу сияқты әлеуметтік сұраныстағы қызметтерді көрсету. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін біз бұл жобаны Қарағанды қаласының деңгейінде, ал одан соң облыстың басқа да ірі қалаларында жүзеге асырмақпыз.
Бұған қоса 2010 жылғы біздің облыс ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қызмет көрсету тетігін енгізу жөніндегі республикалық «аралық» жобаға қатысты. Жобаны жүзеге асырудың қорытындысында 2010 жылдың 12 желтоқсаны күні электрондық форматтағы 20 мемлекеттік қызметті тәжірибелік іске қосу жүзеге асты.
Менің қызметімде азаматтармен қарым-қатынас ерекше орын алады. Бұл кері байланыс маған өңір тұрғындарының өмір жағдайын жақсарту жөніндегі жергілікті билік органдарының жұмысының қалай ұйымдастырылғанын білуге мүмкіндік береді.
2010 жылы менің атыма 2476 жазбаша өтініш-тілек түсті. Бұлардың барлығы да мұқият қаралды және олар бойынша тиісті шаралар қолданылды. Бұл жерде мынаны атап өтуіміз қажет. Облыс экономикасының өсуі, әлеуметтік проблемаларды шешудің тиімділігі тұрғын халықтың жағдайын елеулі түрде жақсартты. Сонымен қоса азаматтардың көпшілігінің өтініш тілегінің сипаты да өзгерді. Мысалы, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны төлеудің тұрақтануы және жұмыссыздықтың қысқаруы әлеуметтік салалар бойынша өтініш-тілектер санының жартысына жуық қысқаруына әкеп соқтырды. Сонымен қоса, өтініш-тілектердің жартысынан астамы тұрғын үй беру мәселесіне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жұмысын жақсартуға бағытталған. Бұл адамдардың өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту тілегімен, сол сияқты Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасымен мүмкіндігінің ашылуына, Елбасымыздың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына байланысты.
Қоғамдық әлеуметтік мәні зор мәселелерді тұрғындар азаматтарды жеке қабылдау кезінде де қояды. Мұндай қабылдау ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқару органдарында азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру туралы» Қаулысына сәйкес, облыс әкімдігінің ғимаратында ілінген және азаматтардың танысуы үшін қолжетімді, бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылады.
2010 жылы облыс басшылығының жеке қабылдауында 87 адам болды және әрбір қойылған мәселе бойынша нақты шара қабылданды немесе жеткілікті түсініктеме берілді.
Облыс басшылығымен тұрғындардың тікелей тілдесуіне облыс әкімдігінің веб-сайты да ықпал етеді. Біз оны түбегейлі өзгерттік, оның өзінде негізгі ықпалды тұрғындардың билікке тікелей шығуына мүмкіндік тудыруға бағыттадық. Ол үшін облыс әкімінің желілік журналын (блог) аштық. Оның жұмыс уақыты ішінде, өткен жылдың 6 мамырынан бастап, менің атыма мыңнан астам өтініш-тілек келіп түсті. Барлық мәселелерге белгіленген Ереже мен мерзімге сәйкес жауаптар мен түсініктемелер берілді. Сол сияқты ақпараттық қызмет саны да ұлғайды, сайтпен 2010 жылдың басында – 363, жыл аяғында – 768. Өткен жылы облыстық сайт «Award.kz Ұлттық интернет-сыйлық» республикалық веб-сайттар конкурсында екінші орын алды.
Есепті кезең ішінде мен жұмыс сапарымен облыстың барлық қалалары мен аудандарында болдым, тіпті, бірнеше рет болған жерлерім бар. Жыл ішінде 144 сапарға шықтым. Проблемасы бар барлық ауылдар мен поселкелерде болдым. Олардың барлығы да мақсатты сипатта болды, екі міндет қойылды. Оның біріншісі – істің жағдайымен танысу, екіншісі – тікелей сол жерде талқылау және қордаланған мәселені мүмкіндігінше шешу. Мәселен, Теміртау қаласында 2010 жылдың «Жол картасы» қалалық жобасы қаралды. Шахтинскіде жергілікті ЖЭО-н дамыту мүмкіндігі талқыланды. Жаңарқа ауданында – әлеуметтік мәселені дамыту, елді-мекенді абаттандыру, ал Қаражал мен Жәйрем поселкесінде осы өңір үшін маңызды болып саналатын су мен жабдықтау талқыланды. «Қаражал қаласы су құбыры желісін қайта жасау, үшінші кезек» жобасының жобалау-сметалық құжаттарын жасауға 8 миллион теңге және «Жәйрем поселкесі су құбыры желісін қайта құру» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізуге 2 млн. теңге бөлінді.
Бұрын аудан орталықтары болған поселкелердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі де біздің әрқашан басты назарымызда. Оның ішінде мен жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ селосында және Шет ауданындағы Ағадыр поселкесінде болдым. Осы сапарлар кезінде менің тапсырмаммен тұрғындардың айтқан ұсыныстарын ескере отырып, осы елді мекендерді дамытудың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жасалды. Бұл жерде баса айту керек, осы кешенді жоспарларды жүзеге асыру үшін біз ірі кәсіпорындармен өзара қызметтестік туралы меморандумға қол қойдық. Мәселен, Ағадыр поселкесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өздерінің қаражаты есебінен вокзал алдындағы алаң мен бақжолын, оған келетін жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын абаттандыра отырып, темір жол вокзалының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге міндеттенді. Оған қоса стадионды және оның трибуналарын реконструкциялап, «Теміржолшылар паркін» абаттандыру жөніндегі жұмыстарды орындайды. KEGOC АҚ ықшам аудандағы бақжолды бөлу және орнату жұмысын жүргізеді, поселкенің абаттандырылуына көмек көрсетеді. Осы сияқты міндеттемені «Astana Motors» компаниясы да қабылдады. Сонымен бірге ол бассейні бар, екі қабатты спорттық-сауықтыру кешенін салатын болды және поселкенің мәдениет үйін заманауи киноаппараттарымен жабдықтай отырып, техникалық жарақтандыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Егіндібұлақта меморандумға сәйкес «Алтай полиметалы» компаниясы Егіндібұлақ өңірін арзанырақ электр қуатымен қамтамасыз етуге, өнеркәсіпті дамыту үшін энергетикалық әлеуетті тасымалдауды құруға, «Көктасжал» кен орнында өңір тұрғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін құруға қатысатын болады, қазірдің өзінде кен-руда кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Компания 100 үйді және Теректі аулындағы спорттық сауықтыру кешенін, Теректі-Егіндібұлақ арасындағы ұзындығы 32 шақырым автомобиль жолын сақтауды, сонымен бірге Шарықты селолық окургіндегі Айыр аулына икемді су жабдығының құрылысын салуды қоса отырып, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілердің құрылысын салуға қатысатын болады. Компанияның мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, облыстың және ауданның әлеуметтік басқа да жағдайларын шешуге қатысуы көзделген.
Сөз соңында Ел көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі қол жеткен табыстарымыздың барлығы жергілікті билік органдарының күнделікті жұмыстарының нәтижесі және облыстың барлық тұрғындарының еңбегінің қорытындысы екендігін атап айтуымыз қажет.
Қарағанды облысының ауқымды экономикалық, ғылыми-техникалық және ішкі жан дүние әлеуеті бізге Президентіміздің халыққа Жолдауынан туындайтын, өңір алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру жөніндегі міндеттері сөзсіз орындалады деп айтуға толық негіз болады.
Бұл биылғы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын жылы тіпті маңызды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздікті біздің басты байлығымыз, бағасыз жеңісіміз деп атағаны белгілі. Біздің жас мемлекетіміздің тарихында Тәуелсіздік алуымыз мүлде жаңа кезеңнің бастауы болып отыр. Бұл жасампаздық, сенімді және серпінді даму кезеңі. Сондықтан, біздің алдымызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеуді аса жоғары ұйымдық және идеологиялық деңгейде өткізу міндеті тұр.
Біздің облысымызда бұл бағыттағы жұмыс басталғалы талай болды. Мерейтойды мерекелеу жөніндегі ұйымдық комитет бекітіліп, шаралар жоспары жасалған.
Бүкіл 2011 жыл мерекелі күндерге толы болады. Сондықтан, Қарағанды облысы лайықты көрсеткіштермен және еліміздің Тәуелсіздігі мерейтойын тойлауға елеулі нәтижелермен келуі үшін барлық күш жігерімізді жұмылдыруымыз қажет.
Биылғы жылды қандай нәтижелермен аяқтасақ, барлық жиырма жылдықтың қорытындысы сондай болады. Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттерін табыспен жүзеге асыру үшін қарағандылықтардың күш-жігерін, білімі мен барлық біліктілігін жұмылдыратындығына сенімдімін.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+13 °C
без осадков,ясно
Ю-З, 4 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх