Жаңалықтар

16 Тамыз 2011 - Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің 80-ші мерейтойлы маусымын 8 қыркүйекте дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» атты комедиясымен ашпақ.

Сондай-ақ, аталмыш қойылым жаңа маусымның шымылдығын ашумен қатар, қыркүйектің 8-11 күндері өтетін ақынның 100 жылдық мерейтойының түңлігін түреді. Жаңа маусымның ашылу салтанатына дайындық, мерейлі маусымның жоспары мен көрермен қауымға тартар сыбағасы және театрдың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылатын іс-шаралар жайында театр басшылары мен жетекші әртістердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында ауқымды әңгіме қозғалды.

Қазыналы өлкедегі қазақ өнерінің қара шаңырағы – С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының сексенінші маусымында көпшілікке таралғы етер сыбағасы – қомақты. Мерекелі маусым берекелі болғалы тұр.

БАҚ өкілдерімен кең отырып әңгіме-дүкен құрған сыр-сұхбатты театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Марал Нұртөлеуова ашып, бүгінгі мәслихаттың мақсатына тоқталды. Одан кейін әңгіме тізгінін театр директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков алып, журналистерге жаңа маусымның жаңалығын жария етті.

– Біз биылғы маусымға жан-жақты әзірлік, зор жауапкершілікпен келіп отырмыз. Өйткені, биылғы жыл – ел өміріндегі елеулі жыл. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы, театрымыздың 80 жылдығы сияқты тарихи мерекелерді қамтыған шығармашылық жоспар әзірлеп, 80-ші маусымның шымылдығын тың серпінмен ашпақпыз. Жаңа маусым 8 қыркүйек күні ашылады. «Қазақ поэзиясының жолбарысы» атанған Қасым Аманжоловтың мерейтойының меймандарын біз қарсы алатын боламыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар сол күні Қасым ақынның «Досымның үйленуі» атты комедиясын тамашалайтын болады. Қойылымның режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері Дунай Есбаев.

Жалпы, театрымыз сәт сайын шығармашылық шыңға өрлеп, тың ізденістің тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Мәселен, өткен маусымда театр труппасы өз репертуарын 6 жаңа қойылыммен толықтырса, биылғы маусымда да бұл межеден асуды көздеп отырмыз. Өткен маусымдағы тамаша қойылымымыздың бірі Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасының сахналық нұсқасы болғаны естеріңізде болар. Сонымен қатар, өткен жылы театрымыздың кіші залынан қуыршақ труппасы ашылып, кішкентай көрермендерімізді қуанышқа кенелтті. Әсіресе, театрдың жас көрермендеріне «Алдар көсе» ертегісінің желісімен әзірленген қойылым қатты ұнады. Көрермен көзайымына айналып, өнер әлеміне тың серпіліс әкелетін қойылымдардың бірнешеуін алдағы маусымға дайындап жатырмыз, – деп ағынан жарылды Кеңес Нарымбайұлы.

Әрине, мұның бәрі – театр басшысының әсіре сілтеген әңгімесі емес, баршамыз куә болған жетістік.

Театр ұжымы 10 қыркүйек күні Қырымда өтетін «Ялта. Чехов. Театр.» атты халықаралық театрлар фестивалына аттанбақ. Бұл байқауға қатысуға Қазақстаннан 5-6 театр тапсырыс берген екен, фестиваль әкімшілігінің таңдауы Қарағанды театрына түсіпті. Бұл – үлкен абырой. Әлемнің көшбасшы театрлары бақ сынасатын өнер бәйгесіне біздің театр қырғыз драматургтері, ерлі-зайыпты Мырза, Ғалия Ғаппаровтардың «Қиямет-қайым Киота» атты шығармасымен қатысатын болады.

– Ялтадан оралысымен Ресейдің Омбы қаласына гастрольдік сапарға аттанамыз. Қыркүйектің 25-29 күндері Омбыдағы қандастарымыз біздің театрдың шебер сахналанған үздік қойылымдары – Ш.Мұртазаның «Домалақ анасын», Д.Исабековтің «Әпкесін», Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», М.Хасеновтің «Hi-Fi махаббатын» және М.Әуезовтің «Айман-Шолпанын» тамашалайтын болады. Ал, жаңа маусымда театр актері Бекмұхамет Киекбаев көрермен назарына Рэй Кунидің «Еркек. Әйел. Балкон. Өлік» драмасын ұсынбақ. Сондай-ақ, жас режиссер Айбек Қырықбаев «Жетоқсан желі» қойылымын әзірлеу үстінде. М.Чеховтың «Шағала» драмасын да жоспарға енгізіп қойдық. Жалпы, театр труппасындағы стиль алуандығы өнер ұжымының шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына мол септігін тигізеді. Сондықтан да, біз әлем классиктерінің жауһар дүниелерін сахналауға баса мән беріп келеміз. Ұжымның шеберлігін шыңдау мақсатында ТМД, Қазақстан көлемінде аты мәшһүр режиссерлармен шығармашылық байланыс орнатуды да қолға алдық. Алдағы маусымда белгілі режиссер Болат Атабаев «Абылай хан» қойылымын, Қуандық Қасымов М.Әуезовтің «Қаракөзін» біздің театрда сахналауды жоспарлап отыр, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Есбаев.

Өздерін жарнамалауды емес, барды бағалауды мақсат еткен кездесуде театрдың жетекші әртістері Қайрат Кемалов, Нұржібек Жансүгірова театр өнерін өркендетуге қатысты оқшау ойларын ортаға салды.

Қазақстандағы көшбасшы театрдың көшелі керуені мерекелі жылға осындай мазмұндағы жоспармен қадам басып отыр. Көрермен көзайым болар көрікті сәттерде бірге болайық, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕКОВ

 

Жаңалықтардың лентасы

Сіз облыс әкімі С.Ахметовтың қызметін қалай бағалайсыз?
Мұрағат
19 Тамыз 2011
Караганда Другие города
+18 °C
дождь,пасмурно
Ю-З, 7 м/с
19 Тамыз 2011
Доллар США   146.29
Евро   210.88
Российский рубль   5.05
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
           
 
           
 
           
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы
© 2005-2011 Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы

Сайт картасы