27 Желтоқсан 2011 - «Қазақмыс» корпорациясымен әлеуметтік ынтымақтастықтың кешенді жоспары жасалды
26 желтоқсанда Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы 2012 жылға арналған әлеуметтік ынтымақтастықтың кешенді жоспарына қол қойылды.
- Бұл жоспар бұдан бұрынырақта қол қойылған құжаттар сияқты Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі берген тапсырмасына сай келеді. Оны атқарушы билік органдары мен өңірдегі жүйеқұраушы кәсіпорындардың арасындағы пәрменді ынтымақтастықтың заңды жалғасы деп те атауға болады, - деді облыс әкімі Серік Ахметов қол қою рәсімінде.
Облыс басшысы 2011 жылғы меморандумды корпорацияның толық орындап шыққандығын атап өтті. Бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Солардың арасында Мұз айдыны сарайы мен Теннис орталығының құрылысын, Тәуелсіздік монументін, Қаныш Сәтпаев, Қаз дауысты Қазыбек би мен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтарға қойылған еңселі ескерткіштерді айрықша атап өтуге болады.
2012 жылы корпорация қаржысына шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілген студенттердің оқу ақысы қаржыландырылатын болады.
Осакаров ауданы Молодежный кентіндегі спорттық кешен мен стадионды жөндеу, Балқаш қаласындағы «Көңілді балалар» балабақшасын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр.
Медициналық-әлеуметтік мекемелерді, облыстық және Жезқазған қаласының жедел жәрдем станцияларын автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін таппақ.
Сонымен қатар компания Сәтбаев қаласында Тәуелсіздік стеласын тұрғызуға, Жезқазған қаласы үшін көкөніс қоймасы мен коммуналдық базар құрылысына да қаражат бөлетін болады. Қарағанды облысында хоккейді дамытуға және спортшыларды Олимпиадаға дайындауға да қаржы қарастырылған.
Корпорация Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне материалдық көмек көрсетуін тоқтатпайды, сондай-ақ басқа әлеуметтік жобаларды қаржыландырады.
Жалпы алғанда 2 млрд. 309,5 млн. теңге сомаға әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылмақшы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы