Жаңалықтар
8 Қаңтар 2012 - Облыс әкімі Рождество мерекесімен құттықтады
7 қаңтарда облыс әкімі Серік Ахметов Қарағанды қаласындағы Свято-Введенск соборында болып, православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады.
- Бұл адамдардың жүрегіне махаббат, мейірімділік пен ізгілік нәрін себетін айтулы мерекелердің бірі. Олар басқа да діндердің моральдық негіздерімен үндесе келіп, адамзат баласын бейбітшілік пен өзара түсіністікке шақырады. Біздің Отанымыз Қазақстан бүгінде Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде дәл осындай этносаралық және конфессияаралық келісімнің тамаша үлгісіне айналып отыр. Ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық келісімнің арқасында біз тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткіздік, - деді облыс әкімі.
Серік Ахметов өткен жылдың біздің өңіріміздегі Орыс православ шіркеуі үшін маңызды оқиғаларға толы болғандығын атап өтті. Свято-Введенск соборында шетелдегі орыс православиесінің ең танымал жәдігерлерінің бірі Әулие Богородицаның Курск-Коренная иконасы жұртшылық назарына ұсынылды. Михайловкада жаңа православ храмының іргетасы қаланды. Салтанатты рәсімге Астана мен Қазақстан митрополиті Александр, сондай-ақ Ресей, Германия және АҚШ-тан келген жоғары лауазымды православ дін өкілдері қатысты. Сонымен қатар Қарағанды епархиясының басқарушысы болып епископ Севастианның тағайындалуы да маңызды оқиғалардың бірі болғандығын айта кеткен жөн.
- Өңіріміздегі православ дін өкілдерінің қызметі бұдан әрі де рухани дүниемізді нығайтып, адамгершілік құндылықтарын уағыздауға бағытталады деп сенемін, - деді сөз соңында Серік Ахметов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы
|