07-Ақпан-2012 - Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Теміртау мен Саран қалаларына жұмыс сапарымен барды
6 ақпанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Теміртау мен Саран қалаларында жұмыс сапарымен болып, онда аталмыш қалалардың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады.
Теміртауда жұмыс сапары ел Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында ашылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Тарихи-мәдени орталығынан басталды.
Облыс әкімі мұражайдың электронды жол көрсетушісімен танысқаннан кейін ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толайым табыстары, Ұлт көшбасшысының әлемдік деңгейдегі сұңғыла саясаткер ретінде қалыптасу кезеңдері жайлы сыр шертетін экспозициялық залдарды аралап көріп шықты.
Аймақ басшысы Тарихи-мәдени орталық қызметкерлерінің мәдениет пен мұражай ісі, адамгершілік негіздеріне, патриотизмге тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша маңызды жұмыс атқарып келе жатқандығын атап айтты.
Бұдан кейін қалалық әкімдік ғимаратында облыс әкімі өткізген актив жиынында Теміртаудың 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылғы жылғы жаңа міндеттер талқыланды.
Сонымен қатар индустриалдық-инновациялық даму, тұрғындарды жұмыспен қамту, адами капиталдың сапалы өсімі, тұрғын үй саясаты мен ТКШ жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй құрылысы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті жақсарту мәселелері де кеңінен қарастырылды.
Әбілғазы Құсайынов қала басшылығына, актив қатысушыларына ел Президентінің халыққа Жолдауында баяндалған 10 басым бағытты жүзеге асыру, сондай-ақ осынау маңызды саяси құжатты түсіндіру және насихаттау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Актив жиынынан кейін облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық комбинатында болып, онда биылғы жылы пештің пайдалы көлемін 300 куб метрге ұлғайту жобасы іске асырылған №2 домна пешінің жұмысымен танысты. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде оның өнімділігі 15% артып, шойын балқытуды жылына 1,3 млн. тоннаға дейін жеткізуге және қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Осыдан кейін облыс әкімі №4 домна пешінің, №2, №3 әзірлемелерді үздіксіз құю машиналарының жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы сондай-ақ ЖЭО-2 болып, онда кәсіпорын басшылығының қала тұтынушыларын жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарын көрді.
Саранда Әбілғазы Құсайынов алдымен «Қарағандырезинотехника» ЖШС ат басын тіреді. Кәсіпорынның бас директоры Талғат Өтебаев кәсіпорынның жұмысы, онда өндірілетін өнімдер, даму болашағы жайлы баяндап берді.
Бүгінгі күні «Қарағандырезинотехника» ЖШС - өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына арналған резинотехникалық бұйымдарды шығаратын Қазақстан мен Орта Азиядағы жалғыз өндіріс ошағы. Өнім ассортиментінде 500-ден аса түрлері бар, ал оның тұтынушылары Қазақстан мен ТМД елдерінің 200-ден аса өнеркәсіптік компаниялары болып табылады.
Облыс әкімі «Қарағандырезинотехниканың» кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын екендігін айрықша атап өтті. Бұл өндіріс ошағы алдағы уақытта ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға да өзіндік үлесін қосатындығына сенім білдірді аймақ басшысы.
Бұдан кейін болған актив жиынында Саран қаласының 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылғы жылғы міндеттер талқыға салынды. Сонымен қатар индустриалдық-инновациялық даму, тұрғындарды жұмыспен қамту, адами капиталдың сапалы өсімі, тұрғын үй саясаты мен ТКШ жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй құрылысы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті жақсарту мәселелері де кеңінен қарастырылды.
Жұмыс сапарының соңында Әбілғазы Құсайынов «Саран» шахтысында болды. Негізгі өндірістік көрсеткіштермен танысқаннан кейін облыс басшысы лаваға түсіп, шахтерлермен пікірлесіп, оларды жұмыс жағдайымен, өзекті мәселелерімен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы