Жаңалықтар
08-Ақпан-2012 - Индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды
8 ақпанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов өткізген кеңесте 2012 жылға жоспарланған индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды.
Аймақ басшысы Қарағанды облысынан Индустриаландыру картасына жалпы сомасы 275 млрд. 652,9 млн. теңгені құрайтын 49 инвестициялық жобаның енгізілгендігін, 5690 жұмыс орны құрылатындығын хабарлады. Оның ішінде 2010 – 2011 жылдары жалпы сомасы 62 млрд. теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды, 2,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылды.
Биылғы жылы Индустриаландыру картасына енгізілген 7 жоба жүзеге асырылады. Олардың жалпы сомасы- 15 млрд. 841,8 млн. теңге. Атап айтқанда, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ Қарағанды фармацевтикалық кешенінің үшінші кезеңінің құрылысы мен «Пархоменко атындағы Қарағанды машинажасау зауыты» ЖШС жүк теміржол вагондары үшін ірі құймалар өндірісі. Сонымен қоса Балқаш қаласында «PROFILEX» ЖШС құрамында мысы бар күлді қайта өңдеу арқылы мыс пен асыл металдар өндіретін зауыт құрылысы, Жезқазғанда «Ютария Ltd» ЖШС тігін өндірісін жаңғырту, Бұқар жырау ауданында «Здоровые продукты» ЖШС құс фабрикасының құрылысы жобалары бар.
Аталған жобалардың жалпы құны 11 млрд. 660 млн. теңгені құрайды. Мыңнан аса жұмыс орындары құрылады.
Кеңес қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов тиісті өңірлердің әкімдеріне осы жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасауды, ал жалпы бақылауды облыс әкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы
|